Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін айыппұл салынды
Қармақшы аудандық сотында Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігімен азаматша Т.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Сотта анықталғандай, азаматша Т.-ның 2003 жылы 15 қарашада туған кәмелетке толмаған баласы Б.-ға қатысты тәрбиелеу жөніндегі ата-ана міндеттерін орындамауы салдарынан, 2020 жылғы 8 қараша сағат 17:30 шамасында Жосалы кентінің орталық алаңында бір топ балдармен төбелесіп, 2002 жылы туған азамат Д.-ның бетінен жұдырығымен екі-үш мәрте ұрып, соңғының қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауына алып келген іс-әрекетін жасаған.
Сот отырысында азаматша Т. кәмелетке толмаған туған ұлы Б.-ның жасаған әрекеті рас екенін, мойындайтынын, алдағы уақытта қайталанбайтынын, алдағы уақытта тәрбиелеу міндетін қадағалап отыратынын көрсетіп, жеңіл жаза қолдануды сұрады.
ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігінде осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, ата-ананың немесе осы мiндеттер жүктелген өзге де адамның, сол сияқты педагогтің немесе білім беру, денсаулық сақтау ұйымының немесе өзге де ұйымның тәрбиелеу және (немесе) білім беру жөніндегі міндеттер жүктелген басқа да жұмыскерінің жасаған, кәмелетке толмаған адамның алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуына не қаңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуына не оның қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауына алып келген іс-әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Сот қаулысымен азаматша Т. ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 40 838 (қырық мың сегіз жүз отыз сегіз) теңге айыппұл салынды.
Қармақшы аудандық сотының баспасөз қызметі