Тіршіліктің тірегі сенсің, Ана!
Әрбір сәбидің шыр етіп дүние есігін ашқандағы көретін еңбір асыл, еңбір ыстық адамы болады. Ол – оның аяулы анасы. Қайсы перзентте тоғыз ай, он күн көтеріп, түн ұйқысын төрт бөлген сол бір шексіз мейірім иесінің әлдиімен тербетіліп, ақылымен өсіп-өнеді. Ана-жүрек қашанда баласы үшін бәріне даяр. Ол тек қана тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібіткен баласының қамын ойлаушы ғана емес, шаңырағының шаттығын тілеуші, жарының қабағын бағушы, бейбіт те тыныш өмірге тілеулес болып отыратын сондай жарқын да ерекше жаратылыс иесі.
Көктемнің алғашқы айымен жадырай жеткен Аналар мерекесінің нәзік жандылар үшін өзіндік сипаты бар. Әсіресе аудан аналары мен қыз-келіншектерінің мемлекет, қоғам дамуындағы сүбелі еңбегін атап айтсақ, артық емес. Елдегі қалыптасқан шектеулерге қарамастан қолдан келгенше жұмысын жүйелеген аудандық әйелдер кеңесінің де атқарып жатқан шаруасы көп көңілінен шыққандай. Осы ретте кеңестің төрайымы Гүлжауһар Раевамен былайша әңгіме өзегін тарқатады.
– Бүгінде өңір тұрғындарының 49 процентін әйел-аналар құрайды. Талдап қарайтын болсақ, мемлекеттік қызметте 63 әйел жұмыс істесе, олар мемлекеттік қызметшілердің 38 процентіне тең. Оның ішінде 3-еуі жоғары лауазымдық қызмет атқарса, 2-еуі ауылдық округ әкімі және 1-еуі аудан әкімдігінің бөлім басшысы болып абыройлы еңбек етуде. Санақ бойынша ауданда 1474 көпбалалы аналар есепте тұрса, 570 ана – «Алтын алқа», «Күміс алқа», сондай-ақ, І-ші және ІІ-ші дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталғандар. Әйелдер кеңесінің жоспарына сәйкес біршама жұмыс атқарылды. Барлық елді мекенде 13 ауылдық әйелдер кеңесі құрылған. Жыл көлемінде тақырыптық кездесу, дөңгелек үстел отырыстары, түрлі сайыс пен пандемея кезінде бейне роликтер әлеуметтік желілерде жарияланып отырды. Ол қазірде жалғасын табуда. Қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірдегі әйел азаматшалардың белсенділігін арттыру мен қоғамдағы орнын айқындау, іскерлігін қолдау, шығармашылық және лидерлік мүмкіндіктерін шыңдау мұратында көптеген іс-шара өткізілді. Уақыттың сынына мойымай, өз кәсібін одан әрі жалғастырып, халыққа үлгі болған нәзік жандыларымызды қалайша дәріптемеске. Солардың бірі – «Малике ана» мейрамханасын пандемея кезінде бос қоймай, кәсібін басқа кәсіпке бейімдеп, тығырықтан жол тапқан Жанар Бұқпанованың іскерлігін екшеп атауға болады, – дейді Г.Төлегенқызы.
Бір қызығы, кәсіп ашып, халыққа қызмет көрсетіп жатқан кәсіпкерлік саласында белсене жұмыс істеп жатқандардың 51 пайызын әйел қауымы құрайды екен. Бұл да болса, көңілде нәзік болғанымен, өмірде қайсыбір қиындыққа мойымай қайсарлық танытатын арулардың еңбексүйгіштігін анық көрсетіп отыр.
Былтыр аудандық әйелдер кеңесі мүшелері отбасылық құндылықтарды түсіндіруде 12 елді мекенде болып, ауыл аналарымен кездесті. Олардың көкейіндегі сұрақтарын тыңдап, тиісті деңгейде шешімін табуға ықпал етті. Оның ішінде жалғызбасты аналардың жай- күйі мен өтініш-тілектеріне қолдау білдіру – басты орынға қойылып келеді.
Құндылықтар алмағайып ауысып жатқан қазіргідей кезеңде кеңес құрамы отбасылар арасындағы ажырасудың алдын алу, ұрпақ тәрбиесi, жасөспiрiмдердің қылмыс пен құқықбұзушылық, отбасылық зорлық-зомбылық сынды өзектi мәселелер төңiрегiнде ауқымды бастамаларды қолға алды. Атап айтсақ, Халықаралық отбасы күніне орай «Абай Құнанбаев: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан» тақырыбында «Менің отбасым» атты челленджіне аудандық әйелдер кеңесі үлгілі отбасыларының өмірсәтінен бейне роликтер жариялап, мерзімді баспасөзге әйелдер кеңесінің жұмысы, ұлттық құндылықтар жайында мәйекті мақалалар басты. Бұл орайда ауылдық әйелдер кеңесі төрайымдары мен аудандық әйелдер кеңесі мүшелерінің еңбегін түстеп кеткен жөн. Мұндай елдің бірлігі мен бейбітшілігіне, ырысы мен ынтымағына атсалысатын аналардың жұмысы қашан да нәтижелі болмақ.
– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Үлгілі отбасы – ел мерейі» атты акция ұйымдастырылып, оған Қармақшы ауылынан Әкімтаевтар, Ақтөбе ауылынан Тұрақовтар, Ақжар ауылынан Қойшығұловтар, ІІІ Интернационал ауылынан Доскеевтер, Иіркөл ауылынан Төлегеновтер отбасының жетістіктері әлеуметтік желі арқылы әлеуетке таратылды. Онда әр салада еңбек ете жүріп, ұрпағына жақсы тәрбие бере білген үлгілі жанұялар өнегесі паш етілді. Осындай игі істерде Қармақшы, Ақтөбе, Ақжар, ІІІ Интернационал, Иіркөл ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымдары Гүлнар Бадырақ, Сәулекүл Жабаева, Рая Жөнейтова, Барша Матаева, Мұғалла Әзбергеновалардың үлкен еңбегі жатыр, – дейді аудандық әйелдер кеңесінің жұмысын атап өткен Г.Раева.
Дана қазақ әрдайым ананың разылығын алуға барын салған. Оны құрметтеу мен қастерлеуден шет қалмаған. Ананы қошемет тұтуды жұмақтың кілтімен байланыстырған. Тіпті имандылықта "Кімде-кім ата-анасының ризалығын алған болса, соның өмірі ұзарады" деп бүкіл адамзатқа терең ой тастаған. Сол себепті де Аналарымыздың жүзі жадырап жүрсін десек, оны қуантуға асығайық!
Сәрсенкүл АҚКІСІ