Халыққа есеп немесе ел тілегі ескеріледі
Аудан, кент, ауыл әкімдерінің іскерлігі сыналатын кезең. Себебі барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру науқаны басталды. Дәстүрге айналған бұл үрдіс олардың ел алдында атқарылған жұмысына есеп беріп, орындалмағанын шешу үшін күш жұмылдыруға мүмкіндік туғызады. Міндеттер айқындалып, нысана да нақтыланады. Өткен аптаның жұмасында тұрғындар аудандық Жыраулар үйіне жиналды. Барлық карантин талаптары сақталған жиында кент әкімі Шыңғыс Сыдықов ел алдында есеп берді. Ел не деді?
Алдымен өткен жылдың ауыр кезеңін еске түсірген кент әкімі мезгілсіз өмірден өткен арда азаматтардың отбасыларына көңіл айтты. Одан соң елге қызмет еткен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметкерлерге, ауырғанға демеу болып, қайырымдылық жасаған еріктілерге, кәсіпкерлерге, бейжай қалмаған барша азаматтарға алғаусыз алғысын білдірді.
– Ел басына күн туған сәтте ерікті жастар «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», «Демеу» еріктілер тобының жетекшісі Әсем Мерекова, «Қарекет» қоғамдық бірлестігінің аудандық жетекшісі Әділет Айбытов бастаған азаматтар қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, қолынан келген көмегін аямады. Олар соңғы алты айдың ішінде қаншама отбасына қайырымдылық көмек көрсетіп, көп балалы бес отбасының баспаналы болуына біркісідей атсалысты, – деді кент әкімі Шыңғыс Сыдықов.
Одан соң кентте атқарылған бірқатар ауқымды іске тоқталған әкім «Жосалы кенті әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 4-ші деңгейлі бюджетіне алты салық түрінен және салықтық емес түсімдерден өткен жылы 63 млн 587 мың теңге түсірілгенін жеткізді. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауына сәйкес, 2020 жылдан бастап Микро және шағын бизнес компаниялары табыс салығын төлеуден үш жыл мерзімге босатылған еді. Осыған байланысты кент әкімшілігінің 4-ші деңгейлі бюджетінің түсімі 2019 жылмен салыстырғанда біршама азайып қалған. Дегенмен, жыл басынан бастап салық түсімін ұлғайту үшін барлық мүмкіндік көзін қарастыру нәтижесінде жоспарланған салық түсімі 5 млн 355 мың теңгеге артығымен орындалды. Бұл қаржы жергілікті қоғамдастық өкілдерінің келісімімен Жосалы кентін көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалық, абаттандыру жұмысына, көше жарығына техникалық қызмет көрсету шығындарына жұмсалған.
Кәсіпкерліктің көкжиегі де кеңеюде. Мәселен, 2020 жылы кент кәсіпкерлеріне қаржы ұйымдары тарапынан барлығы 175 жобаға 369 млн теңгенің жеңілдетілген несиесі мен гранты берілген. "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негізінде онлайн режимде екі кезең бойынша 147 адам оқыған. Үлкен жетістіктің бірі де осы –10 өндірістік цех іске қосылып, жұмысы дөңгелеуде. Ал кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1499 кәсіпкерді құраған. Оның ішінде, жұмыс істеп тұрған кәсіпкер саны 1351 бірлік. Бұл барлық тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 90,1 процентін құрайды.
– Әр жылдың берер несібесі, өткен жылға қарағанда ерекшелігі болады. Халықты жұмыспен қамтамасыз ететін Жол картасы аясында Жосалы кентін абаттандыру, көшелерді, саябақтарды жарықтандыру жұмыстары атқарылды. Мәселен, кенттегі мәдениет үйіне кіре беріс арканың оң жақ беті, Мәнгілік ел монументі, «Қазақ хандығы» саябағы абаттандырылды. Кентке кіре беріс трасса мен Абай көшесі бойындағы түнгі жарық бағаналары 164 дана декоративті оюлы сырғамен безендірілді. Шығыс беттегі Абыт көлінің 200 метр жері профнастилмен қоршалды. Орталық алаңға жаңадан брусчатка төселді. «Ана мен бала» ескерткіші, Орталық алаңдағы Колоннада архитектуралық құрылысы заманауи келбетте түнгі жарықпен безендіріліп, халықтың демалатын орнына айналды. ЛЭД монитор жаңадан орнатылды. Аудандық мәдениет үйі мен аудан әкімдігіне кіре берістегі Арка абаттандырылды. Абай және Қорқыт ата көшелерінде орналасқан 6 дана Арка декоративті жарықтандырылған оюмен безендірілді, – деді кент әкімі.
Кент есігінен ене бергеннен-ақ жасыл түске боялған қоршауды көреміз. Ұзындығы 500 метрге жететін қоршау кент ажарын одан әрі айшықтап тұр. Ал Қорқыт ата көшесінің бойына көрнекі ақпарат құралын ілетін 13 жерге тұғыр қойылған. Одан соң Қорқыт ата, Томанов, М.Шоқай, Мүсірбаев көшелерінің бойы декоративті жарықтандырылған оюмен безендірілді. Ал Сексенбаев көшесін абаттандыру жұмысына жоба сметалық құжаттама әзірленген. Рысқұлов тұйығы абаттандырылады. 6 дана Арка жарықтандырылып, безендіріледі. Осыған қарап кент көз тартар келбетке айналғанын аңғаруға болады. Себебі мұның барлығы заманауи тұрғыда жүзеге асуда.
Өткен жылы Қорқыт ата көшесіне 4240 шаршы метр яғни 100 процент жаяу жүргінші жолы төселіп, 40 дана орындық, 80 дана жарықшам орнатылған. Маметова көшесі, Көмекбаев, Балқы Базар тұйығына қиыршық тас төселген. Жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін кент ішінде 3 жерге бағдаршам орнатылып, 110 дана жол белгісі, 84 метр жасанды жол кедергісі қойылған. 454 метр жаяу жүргінші жолағы жасалып, 30 км жолүсті жолағы сызылған. Бұрын асфальттанған көшелердің ойылған шұңқырын жамау үшін ахау акт жасалынып, қаржы бөлінген екен. Алайда күннің күрт суытуынан 365 м2 асфальт ұстастпай қалуына байланысты жұмыстың мақсатын өзгертіп, көшенің 11 жеріне жол кедергісін орнатуға бағытталыпты. Ал алдағы атқарылар жұмыс қандай?
– Биыл 22 көшенің орташа жөндеу жұмысының жоба сметалық құжаттамасы облыстан қолдау тауып, қаржысы бөлінді. Осы жылы басталатын болады. 42 көшеге қиыршық тас төсеу үшін жоба сметалық құжат жасалып, бюджеттік өтінім өткізіп қойдық. Бұл жобамыз да облыстан қолдау тауып, республикаға ұсынылды. Қазіргі таңда қаржы бөлу жұмысы жүргізілуде. Қосымша 10 көшені жарықтандыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ кент орталығындағы М.Шоқай, Томанов, Мүсірбаев көшелеріндегі көне 88 дана көше жарығы бағаналарын алып, орнына жаңадан 100 Вт светодиодты жарық шамдарын орнату жұмысы жүргізіледі. Сол көшелерден шыққан көне 88 дана бағана бұрын жартысына түнгі жарық жүргізілген көшелерге орнатылып, толықтырылатын болады. Жосалы-Жалағаш автожолы бойындағы, Ізтілеуов көшесі және резинденция жанындағы көше жарықтарының электрлі сымдарын СИП (cамонесущий изолированный провод) ауыстыруға қаржы бөлініп отыр. Осының барлығы тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмысымыздың нәтижесі, – деді кент әкімі Ш.Сыдықов.
Айта кеткен жөн, 2017 жылы жалпы 23 көшеде ғана түнгі жарық болған. Жоспарлы жасалған жұмыстың нәтижесінде 2018 жылы 46 көше, 2019 жылы 50 көше, ал 2020 жылы 65 көшені жарықтандыруға қол жетті. Оның ішінде Жосалы-Жалағаш автожолы, Жолдыбаев, Жомартов, Айсауытов, Наурыз, Жангелдин, Сәтпаев, Қабылан батыр, Бәйтереков, Достық, Шумилов, Қайнарбаев, Сералиев, Темір жол, Мырзағалиева, Маметова және Жамбыл көшелеріне түнгі жарық шамдар орнатылып, толық іске қосылған. Жалпы соңғы үш жылда 250 Вт сынапты консоль лампаларын светодиодты шамға ауыстыру жөнінде жоспарланған жұмыстың нәтижесінде электр қуатына кететін шығын үнемделіп, түнгі жарық жүргізілген көше саны үш есеге артқан.
Одан соң кент әкімі Шыңғыс Сыдықов кенттегі тазалық жұмысына, аяқ су мен ауыз су мәселесіне, көгілдір отын, білім, спорт, құрылыс жұмысына тоқталды. Сонымен қатар 2019 жылғы кент әкімінің есебінде қойылған ұсыныс пен сұрақтар бойынша түйткілді мәселенің тінін тарқатты.
– Жыл сайынғы есепті кездесулерде кент тұрғындары тарапынан түскен ұсыныс тиісінше назарға алынып, жергілікті жердегі мәселелерді анықтауға және оларды шешуге бағытталып келеді. 2020 жылдың қаңтарындағы кент әкімінің есепті кездесуінде түскен ұсыныс пен өтініштер хаттамаланып, іс-шара жасалынған еді. Бекітілген іс-шараға сәйкес тұрғындардың ұсынысы ескерілді. Мәселен, жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін бағдаршам орнату жөнінде қойылған ұсыныс 2020 жылы қолдау тауып, кенттің 3 жеріне орнатылды. 110 дана жол белгісі, 84 метр жасанды жол кедергісі, 454 метр жаяу жүргінші жолағы қойылды. Бәйтереков көшесін жөндеу жөнінде қойылған сауалға байланысты, 2020 жылы аталған көшені жөндеуге мүмкіндігіміз болмады, бірақ түнгі жарық орнатылды. Биыл көше асфальттанатын болады. Ал Балқы Базар тұйығын жөндеу жөніндегі сауал өз шешімін тауып, қиыршық тас төселді, – деді ол.
Кездесуде тұрғындар ұсыныс-пікірін ортаға салды. Сауалдың бірі әлеуметтік желідегі әкімшілікті белгілеп жазылған жазбаның өшірілуі болды. Оған кент әкімі тұрғындардың пікірін білу, өзара сенімді байланыс орнату мақсатында Facebook әлеуметтік желісінен «Жосалы Кентінің Әкімшілігі» парақшасы барын, оған жауапты маман бекітілгенін, маман жедел әрі тиімді әрекет ету үшін тұрғындардың ұсынысы мен өтінішін назарға алып, кері байланыс жасап отыратынын жеткізді. Одан соң арғы бет пен бергі бетті байланыстыратын көпір салынса деген пікір тағы айтылды. Бұл – жылда айтылатын сынның бірі. Алайда оны шешу жолы оңай емес. Кент әкімінің айтуынша, осында тұратын 22 мың тұрғынның 10 мыңы қол жинап, ұсыныс жасаса жақсы мүмкіндік тумақ. Ал Әуезов тұйығының тұрғыны жол нашарлығы көпке кедергі екенін айтты. Оған жауап берген кент әкімі бұл бастама биыл жүзеге асатынын айтты. Яғни аталған көшеге қиыршық тас төселеді. Сонымен қатар баспана мәселесін оңтайлы шешу мақсатында биыл 18 пәтерлі үш қабатты үш тұрғын үйдің құрылысына жоба сметалық құжат жасауға қаржы бөлінген. Бұл дегеніміз, 2021 жылы 29 тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2022-2023 жылдары қосымша 54 пәтер салынады деген сөз. Жиын соңына дейін тұрғындар ұсынысын айтып, пікірін еркін ортаға салды.
Кент әкімі Шыңғыс Сыдықов алдағы уақытта айтылған мәселелер өз кезеңімен қаралатынын жеткізді. Жиын соңында өткен жылы атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдірген кент тұрғындары кент әкімінің есебіне оң бағасын берді.
Айта кеткен жөн болар, аудан әкімімен бірге ел аралайтын дағдымыз бар еді. Алайда екі өкпені қысқан пандемиядан ауыл әкімдерінің есебі оффлайн форматта өтті. Өткен жылдағы өзгерістерді, түйіні шешілген түйткілді мәселелерді тарқату есебі ауданға қарасты ауылдарда да өтті. Бірқатар ауылдар жыл он екі айда жеткен жетістігін саралады.
Айнұр ӘЛИ