Жыл үздіктері – марапат төрінде
Уақыттың өткені білінбейді. Әне-міне дегенше, санаулы күннен кейін тағы бір жыл тарих қойнауына өтеді. Жаңа жылдың есігін ашпас бұрын, әрине өткен жылдағы атқарған қызметіміз бен бағындырған биігімізді ой елегінен өткізбеу мүмкін емес. Биыл сынақ пен сабырға толы жыл болды. Әлем дүрлігіп, аты жаман індетпен күресті. Біршама жақсы-жайсаңнан айырылып, ел күңіренді. Денсаулықтың қадір артып, бірлігіміз нығая түсті. Елім деген ерлер қолынан келген көмегін аямай, жомарттық танытты. Еріктілердің ерен еңбегін ел көрді. Қиын сәтте бір-біріне демеу, жанашыр бола түсті. Бейбіт күнде бағасын білмей жүрген біршама нәрсенің мәнісін ұғындырды. Айта берсек, әлі де көп.
Осы ретте, жыл аяғына сәйкес аудандық жыраулар үйінде қорытынды салтанатты жиын өтті. Кеш шымылдығы жас ақын Сырым Әділбековтің арнауымен ашылды. Алғашқы сөзді алған аудан әкімі Мұса Қалдарбеков жыл көлемінде атқарылған істерге шолу жасады.
– Өздеріңіз білетіндей, үстіміздегі жыл коронавирус пандемиясының таралуына байланысты айрықша кезең болды. Індеттің таралуы дағдарыс тудырып, адамдар мен қоғамның үйреншікті өмір салтын бұзғаны белгілі. Дерттің алдын алу мен оған қарсы күрес бағытындағы жұмыстарға жерлестер айтарлықтай үлес қосты. Бизнес субьектілері өздері қиындыққа тап болғанына қарамастан тұрғындарға белсенді көмек көрсетті. Осы ретте пандемия уақытында ынтымақ пен бірлігімізді сақтап, қолдау көрсеткен барлық мекеме басшысы және дербес бөлімдер мен кәсіпорындарға, аудандағы қарапайым еңбеккерден еңкейген қартқа дейін үлес қосып індетті жеңуде қызмет еткен барша жанға, жеке кәсіпкерлер мен шаруашылықтарға, Қармақшыдан жырақта жүрсе де ел игілігі жолында жанашырлық танытқан барша азаматқа шын жүректен алғысымызды білдіреміз, – деді аудан басшысы.
Одан әрі аудан игілігі жолында еңбек етіп жүрген белсенді азаматтар марапат төрінен көрінді. Қармақшы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жыл Жомарты – 2020» номинациясы бойынша пандемия кезеңінде халық саулығы үшін алдыңғы шепте жүрген белсенді азаматтар марапатталды. Олар – Қызылорда облысы және Қармақшы ауданының құрметті азаматы Рзақұл Нұртаев, «Инфракос» РМК директоры Кенжебек Үйреков, «Ақтөбе и К» ЖШС төрағасы Нұрлан Іздібаев, «Достық жер МК» ЖШС төрағасы Мұрат Сәрсенбаев, «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов, «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев, денсаулық саласының ардагері, Батыр ана Раунақ Берманова, жеке тұлға Али Рагибов, жеке кәсіпкерлер Ертай Қалмаханов, Бахтияр Жұмабеков, Сайран Шадимов, «АсНұрстрой.НТ» ЖШС бас директоры Нұрлан Қартабаев, «Қармақшы Құрылыс» ЖШС директоры Әділет Қаршыға. Сондай-ақ, «Дәметкен» қайырымдылық қоры да жомарт жүректілер қатарынан көрінді.
Ауданда сақтық шараларын үнемі насихаттап және індеттің ушығуына жол бермеген сала мамандары, карантин талаптарын қатаң сақтауға ерекше үлес қосқан жеке кәсіпкерлер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталса, белсенділігімен көзге түскен сала озаттарына «Жыл үздіктері – 2020» номинациясы табысталды. Салтанатты жиын санитарлық талапты сақтай отыра өткізілді.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА