» » Ауылдан Испанияға немесе таланттар тасада қалмасын

Ауылдан Испанияға немесе таланттар тасада қалмасын


Ауылдағы футбол «аренасы». Бұрқыраған көк-ала шаң. Топ-топқа бөлініп алған қарадомалақтар ала допты тоңқалаң асып қуалап жүр. Есіл-дерті әлгі дөңгелекті ырқына бағындыру. Алаңның жанына жағалай жайғасқан «ауыл тентектері». «Теп, теп», «пас» деп айқайлап қояды. Қақпа маңы қышқыру-ысқыру. Қақпа дейтіндей қайбір қақпа дейсіз, анау айтқандай темір торлы емес. Үлкен тасты екі жаққа қойып, көгілдір экрандағыдай көркем алаңды қолымен тұрғызған. Ал жаны футбол деп соққан әр бала өзінің сүйікті ойыншысындай өнер көрсетіп әлек...
Иә, ауылдағы футболдың біз елестеткен көрінісі осы. Мұны ауылда өскендер көз алдынан кадрдай зырғытатыны сөзсіз. Ол кездері алаңсыз доп қуалаған балаларды қалайша ұмытайық. Жүгірістен шыққан ащы терді білегімен бір сүртіп, мұрнын ішіне бір тартатын сол балғындар өзін футобол патшасындай сезінетін. Ал алаң болса –әлемдік арена. Қайрош, Сәпөк, Әлөк, Данчолардан құрылған команда құдды чемпионаттың көрігін қыздырар ойыншыдан бір мысқал да кем емес-тін. Ауыл баласының бұл спорт түріне қызығатын шағы һәм уақыты еді. Оның қайсыбірі қазір қызыл алаңның ойынын қыздырып жүр дейсіз. Әрқайсысы жан-жаққа арман қуып алыстап кеткен. Бірақ біз жазғалы отырған жайдың жалғасы тым бөлек. Бала күнінен теңбіл доптың «майын тамызған» Абдулхамит Мұратбек – арманы асқақ жас футболшы. Қызылтамдық жігітпен сымсыз байланысып, сұқбаттасудың сәті түсті.
Жас балғынның небәрі 3 сынып оқитын шағы. Доп тебуге әуестенген балақайдың таланты мен талабын байқаған отбасы мүшелері оған барынша қолдау көрсетуге асықты. Солай атасы Мұратбек Келісұлы аудан орталығындағы футбол үйірмесіне күн сайын көлігімен әкеліп-әкетіп жүреді. Дәуіржан Досмұхановтың жаттықтыруымен машықтанған Абдулхамит спорт саласында жеткен жетістігінен бөлек мектептегі білімін де одан әрі шыңдайды. Қызылтам стансасындағы №79 негізгі мектепті үздікке бітірген түлекке білім ордасының артқан сенімі де мол. Ал оған селкеу түсірмеу үшін талаптанған, қанаттанған жастан қалай айналмайсыз?!
Бірде ол облыстық додада талантымен көзге түсіп «Қайсардың» 2004 жылғылар құрамасына шақырту алады. Осы тұста ауылдан қалаға күн сайын көлігімен тасыған әкесі Марат Мұратбекұлы сол кезден-ақ ұлының болашағына үлкен үміт артқан-ды. Үміт те ақталды. Алматыдағы Спорт және туризм академиясында «Жаттықтырушы» мамандығы бойынша білімін шыңдап жүрген ол жақында Испанияда өтетін іріктеуге жолдама ұтып алды. Алғашында іріктеуге 300 бала қатысқан. Нәтижесінде, 15-і Эль-Пуэртоде Санта-Мария қаласына барып, белгілі клубтардың 2004 жылғы жастар құрамасына қабылдану үшін бақ сынамақ.
– Көктемде Алматы қаласында 17 AGENCY командасына іріктеу өтті. Оған 300-ге жуық бала жиналдық. Оның ішінен 150 бала іріктеуден өтті. Қазір 15-іміз барымызды салып, дайындалудамыз. Ендігі Испанияға барып, сол жақтағы бірнеше футбол клубы өткізетін іріктеуге қатысамыз. Яки Сан Марино қаласында жаттығу жұмысын өткіземіз. Артынша сондағы «Кадис» клубының жастар құрамасына ілігу үшін бақ сынаймыз. Сонда біздің ойынымызды «Атлетико Мадрид», «Валенсия», «Реал Бетис», «Малага», «Херес» клубтарының скауттары бақылайды. Егер ұнаса, келісімшарт ұсынуы мүмкін, – дейді ақжолтай хабарымен қуантқан талапты жас.
Месси бастаған «Барселонаның» жанкүйері осы күнге дейінгі жетістігі үшін алдымен отбасына, білім алған білім ордасына алғысын айтады. «Барлығы сол кісілердің арқасы ғой» дейді ол сөз арасында.
– Футболға деген қызығушылығым бала күнімнен бар. Қалт етсем допқа жүгіретінмін. Қызылорда қаласындағы «Қайсардың» 2004 жылғы жастар құрамасында ойнағаным бар. Кейіннен «Қайратқа» ауысқым келген. Бірақ сәті түспеді. Реті келсе, «Қайратта» өнер көрсеткім келеді. Ол үшін Испанияда іріктеуден өтіп, сол жерде бірнеше жыл тәжірибе жинасам деймін. Мықты клубтардың бірімен келісімшарт жасау да ойымда бар. Сонда қалып, шеберлігімді шыңдап, футболдың қыр-сырын үйренгім келеді. Өзімді жаттықтырған жаттықтырушылардың атын шығарып, еліміздің үлкен футболдағы мерейін тасытсам деймін. Кейінірек елге оралып, «Қайрат» пен «Қайсардың» бірінде доп теуіп, жетістіктерге жеткім келеді. Менің футбол алаңында еркін доп теуіп, талай жарыста ойын көрсетіп, жетістікке жетіп келе жатқаным жақындарымның арқасы. Атам мен әжем әрдайым қолдау көрсетсе, әкем мен анам алға ұмтылуға дем берді. Ал ағам мен әпкелерім артқан сенімінен селк еткен емес. Сәуле Әбікенова бастаған №79 негізгі мектептегі ұстаздарым да қанатымды кеңге жайды. Осы кісілерге алғысым шексіз, – дейді Абдулхамит Маратұлы.
Алдымен жақындарының үмітін ақтап, бала күнгі арманын жүзеге асырып, одан соң ауылының атын шығаруды көздеген футболшының нысанаға көздеген оғы дөп түсуге сәл қалды. Десе де оған жолды бүккен кедергінің бары да рас. Екі өкпені қысқан пандемияның зардабы біршама дүниеге тосқауыл болып отыр. Ал шет елдерге қатынайтын ұшақтың бағасы шарықтап тұр. Ауылдан шыққан таланттың талабы тасада қалмаса екен дейміз. Егер сіз болып, біз болып демеп жіберсек, әлемді мойындатқан футболшы шығары сөзсіз ғой. Өйткені бала күнінен футболды жаны сүйген ол осы спорт жолында талай доданың көркін қыздырмақ.
Түйін
Пеле, Марадона, Роналдо, Зидан, Роналдиньо, Месси мен Роналду секілді талай футбол таланттары жасыл алаңда жасындай жарқылдады. Ал мұндай жұлдызды ойыншылар саны жыл сайын артып келеді. Сол танымал ойыншылардың көпшілігі шағын ауылдан шыққанын білесіз бе? Сол секілді Абдулхамит те Қазақ елінің рухын асқақтатар, ала допты жусатып өргізер шын шебердің өзі болып шыңдалары бек. Маңдайы жарқын, мерейі үстем болсын деп біз де үміт арттық.
Айнұр ӘЛИ

21 желтоқсан 2020 ж. 498 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 398

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 475

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930