» » Ғасыр дерті – ғаламдық мәселе

Ғасыр дерті – ғаламдық мәселе

АИТВ, ЖИТС деген атаудың өзі үрей тудырады. Тудырмағанда қайтсін, дерттің дендегені-ақ қорқынышты. Мектептегі баланы түртіп қалсаңыз ол зуылдай айта жөнеледі. Себебі мамандардың алдын алу үшін жүргізіп жатқан насихат жұмыстары аз емес. Ал нәтижесі көңіл көншіте ме? Сараптап көрелік.
АИТВ – адамның қорғаныш тап­шы­лығының қоздырғышы. Атауы да үрейлі. Бұрын «естімеген елде көп» деп шошына қарайтынбыз. Қазір мүлдем басқа. Заман алға ілгеріледі. Техника дамыды. Бұрын мүмкін емес деген дүниенің басым бөлігі қазір мүмкін. Ал бұл аурудың бетін қайтаратын түрлі дәрі-дәрмек әзірленуде. Тек ауруын жасырмай, уақытылы ем-дом қабылдаса болғаны.

СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?
АИТВ алғаш 80-жылдардың басында АҚШ-та тіркелген. 1985 жылы Кеңес елінің жоғарғы оқу орнында оқитын шетел студенттері арасында анықталыпты. Ал Қазақстанда 1987 жылы шетел студенті тіркеліпті. Ұлыбританияның Оксфорд университетінің ғалымдары әлемге АИТВ қай қаладан тарағанын анықтады. Дәл осы жерден әлі күнге дейін шипасы табылмай келе жатқан індет бүкіл әлемге жайылған екен. Мамандар түрлі дәлелдер келтіре отырып, бұл аурудың Конго астанасы – Киншас қаласынан тарағанын анықтаған. Індет приматтардан адамға алғаш жұққан кезде дәл осы шаһарға әлемнің түкпір-түкпірінен ер және әйел адамдар көп келетін болған. Осы себепті індет жер-жаһанға тез тарап кеткен деседі.
Статистикалық деректерге сүйенсек, әлемде осы дертке шалдықпаған адамы бар ел жоқ. Шамамен 60 миллион адам осы инфекциямен өмір сүруде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, дендеген дерттен 25 миллион адам ажал құшқан. Ал күніне әлем бойынша 1600 адам жұқтырса, 7000 адам өмірімен қош айтысады екен. Жұқтырушының жартысынан көбі 19 бен 30 жас аралығындағылар. Әрине, бұл дерттің аймақты, тіпті ауданды айналып өтпегені рас. Мамандардың айтуынша, биыл елде 2 739 АИТВ жұқтырған. Кумулятивтік саны ҚР бо­йынша 39 354 болса, облыста – 177 адам. Биылдың өзінде аймақ бойынша 15 адам жұқтырып үлгеріпті. Ал ауданның өзінде барлық тіркелгендер саны – 15 адам. Былтыр 2 адамнан анықталса, биыл да 2 адамды құрап отыр.

ТАРИХЫНАН ТҮРТІП ҚОЙСАҚ
Бұл дерт жайында ақпарат ғалам­торда толып тұр. Ондағы жазбаның өзі аурудың бастауы мен қазіргі ахуалы жайында сыр шертеді. Сақтық шарасы мен алдын алу жұмысы тағы бар. Сонымен, «Гугл әпке» не дейді?
ЖИТС этимологиясының нәти­жесінде адамның қорғаныш тапшы­лығының қоздырғышы 1983 жылы ашылған. Бұл туралы ең алғашқы ғылыми баяндамада гомосексуалист ер адамдарда жиі кездескені, белгілі емес пневмоцистік пневмония және саркома Капоши туралы 1981 жылы шыққан екі мақалада жазылған. 1982 жылдың шілдесінде алғаш рет жаңа ауруға ЖИТС термині қолданды. Осы жылдың қыркүйек айында гомосексуалистер мен нашақорлар, А гемофилиясымен ауыратын адамдарда бірнеше қатар оппортунистік жұқпалар диагностикасы негізінде ЖИТС ресми түрде ауру деген мағынада қолданды. 1981-1984 жыл аралығында дерттің таралуын болдырмас үшін түрлі жұмыс жүргізілді. Адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышын 1983 жылы бір-бірінен бөлек Люк Монтанье басшылығының қол астында Францияда Пастер институты мен Роберт Галло басшылығының қол астында АҚШ ұлттық ісік ауруын зерттейтін институтындағы екі лаборатория анықтады.
1983 жылдың 20 мамырында Science журналы зерттеулер нәтижесінде науқастардың ағзасында жаңа ретровирус кездескені туралы жазды. Бұл мақалада жаңа ашылған қоздырғыш HTLV топ қоздырғышына жататыны айтылған. Зерттеушілер жаңа табылған қоздырғыш ЖИТС-ты тудыру мүмкіндігін ұсынды. 1984 жылы мамыр айында зерттеушілердің хабарлауы бо­йынша, ЖИТС-пен ауыратын 72 адамның 26-сы лимфоциттерінен, пре-ЖИТС жағдайымен ауыратындар арасында HTLV-III қоздырғышы анықталған. Алайда олар 115 дені сау бақылау тобындағы гетеросексуалдардың ара­сы­нан қоздырғыш таппады. Себебі Т4 лимфоциттардың санының аз­ды­ғына байланысты кездеспеген. Қоз­дырғыштың алғашқы атауы «АИТВ» деп өзгертіледі.

КҮРЕС ДЕРТКЕ ҚАУҚАРЛЫ МА?
Бұл індетпен күресу мақсатында 5 қараша мен 5 желтоқсан аралығында БҰҰ-ның Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні аталып өтеді. Бұл кампания АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқығы, денсаулығы мен медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға және емделу сапасын қамтамасыз етуге, теңсіздік пен кемсітушіліктен қорғау шараларымен жұмыс істейді. Осы кампания шеңберінде аудандағы АИТВ саласындағы мамандар тұрғындардың барлық тобына ақпараттандыру жұмысын жүргізіп отырады.
– Вирусты жұқтыру – иммундық жүйенің үдемелі азып-тозуына және нәтижесінде «иммундық тапшылыққа» әкеледі. Ал жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы – АИТВ инфекциясының ең соңғы сатысына қолданылатын термин. Оған 20-дан астам оппортунистік инфекциялардың немесе АИТВ-мен байланысты обыр түрлерінің пайда болуы тән. Егер жұқпаланған адамның қаны, шәуеті, қынап сұйығы немесе ана сүті дені сау адамның қанына инъекция, дене жарасы арқылы немесе сілемейлі қабыншағына түссе жұғуы мүмкін. Ал тұрмыстық жағдайда жұғу мүмкін емес. АИТВ жұқпасын толығымен емдеп, құлан-таза айығуға арналған дәрі-дәрмек әлі пайда болмады. Дегенмен науқастың өмір сапасын жақсартуы мен өмірінің ұзақтығына әсер ететін дәрілер бар, – дейді амбулаториялық-емханалық қызметі бар орталық аудандық аурухананың дәрігері Айткүл Балмаханова.
ЖИТС негізгі үш жолмен жұғады. Соңғы 5-6 жылда жыныстық қатынас арқылы жұқтыру оқиғасы көп тіркелген. Оның ішінде анадан балаға жұғу фактісі бар. Бір қызығы қас жұлу, маникюр, татуаж секілді сәндік дүние арқылы жұқтырғаны да кезігеді екен. Дәрігердің айтуынша, мамандар бұл дерттің алдын алу мен сақтану жолын айтады. Түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал олардың бас­ты жұмысы – емдеу.

ДЕРТ ДЕНДЕМЕСІН ДЕСЕК...
АИТВ-инфекциясын жұқтырған науқас әркез дәрігер бақылауында болуы керек. Аты айтып тұрғандай адамның иммун тапшылығы басқа да ауруларды туғызады. Оның ішінде ең көп тарағаны – туберкулез бен пневмония. ЖИТС-ты емдеу Ресейде ақылы болса, Қазақстанда ел азаматтары үшін тегін. Егер науқастан індеттің бірінші және екінші сатысы анықталса вирусты алып тастау мүмкіндігі бар. Әрі қарай адамның өзіне байланысты. Режимді сақтауы, саламатты өмір салтын ұстануы қажет. Кейді ерлі-зайыптының біреуі ғана ауыратын жағдай кездеседі. Дәрігерлер мұны «дискордантты жұптар» дейді. Егер әйелі ауырып, күйеуінде оң нәтиже болса індетке қарсы терапия қолданады. Науқасты әр үш айда тексеріп тұрады. Әрине, инфекция анықталғанда оны есту кімге болса да оңай емес. Өйткені, әр адамның психологиясы әртүрлі. Оларға әрі қарай не істеу керегін түсіндіру үшін оларды емделушілердің арасына жібереді. Науқастар өз оқиғасымен, тарихымен бөліседі. Содан соң психолог мамандар оларды қайта өмірге қосу үшін жұмыс істейді. Дәрігердің айтуынша, жұқтырғандар ауруын жасыруға тырысады. Дерт анықталған соң сол адамның жайын өзіне ғана айтып, оның емделу жолын, өзгеге қалай жұқтырмау керегін түсіндіреді. Айта кетерлігі, мамандар емделушіден қолхат алады. Себебі, адам өзінде инфекция барын біле тұра басқаға жұқтырса, онда барлығы анықталып, сол адамның үстінен қылмыстық іс қозғалады. Әрине, қоғам болғасын бәрі болады. Сүрінбейтін пенденің жоқтығын ескерсек, жұқтырған жанның өмірден түңілмегені абзал. Бастысы – өзін-өзі қолға алса болғаны.
Айнұр ӘЛИ
21 қараша 2020 ж. 499 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031