» » Кешіріңізші, Ирина апай!

Кешіріңізші, Ирина апай!


Қоңырау соғылды. Жазғы демалыстан соң сабаққа үйренісе алмай тыпыршып отырған жүгірмектердің күткені де сол еді. Дәлізге шығуға асыққандары соншалық сүрініп-қабынып, бірін-бірі итеріп бара жатыр.
– Ә, сағынған ғой, қайтсін, – деп түсіністік танытайын десең арасында біреулері жағасынан ұстап, енді бірі жұдырық көрсетіп қоятынын қайтерсіз. 5 минуттық үзілісті у-шуға ұластырған олардың бұл әрекеті бәз біреулерге тым ерсі көрінді. Ағылшын тілінен дәріс беретін ұстазының бері қарай беттегенін байқап, енді сыныпқа ентелей енді.
Сұңғақ бойлы, аққұбаша келген, кәстюм-юбкасы өзіне құйып қойғандай жарасатын Иринаның ұстаздық қызметке келгеніне көп бола қоймаған. Қыңқыл-сыңқылды ұнатпайтын. Сабақты жаны қалмай түсіндіріп, ертесіне дәл солай айтып беруді талап ететін. Сауатты, мейірімділігі бар, әрі тік мінезді, жауапкершілікті сүйетін жас маманның бұл ұстанымы жақсы оқитындар үшін зор мүмкіндік болса, тәртіпке бағынбайтындарға қиын. Қатарын кері тартатындар әр жылғыларда табылады. Бұл сыныпта Есімбек сондай-тын. Сыныпқа жапа тармағай жүгіре бергенде бірінші кірем деп жанталасып апайымен соқтығысып қалды. Жазатайым ұстаздың қолындағы сынып журналының қыры шекесіне кірді. Екпінмен ұшырасқан соң қатты тиіп кетті ме әлгі жері қанай бастады. Қайбір сабырлы жігіт еді, ал кеп тоқтамай жыласын. Иринаның жаны қалмай жүгіріп, «Извини Есімбек, извини, пожалуйста. Это было случайно» деп кешірім сұрап әлек. Сол-ақ екен Есімбектің ата-анасы да мектепке жетті. Оқиғаға куәгер деп 5 оқушыны директор кабинетіне кіргізіп, мән-жайды жекелеп сұрай бастады. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген үлгілі оқушы Сағаттың қорыққанынан жүрегі дүрсілдей соғып, еріндері дір-дір етеді. Не болып жатқанын ұғар емес. «Ирина апай сынып журналымен қатты ұрды, біз көріп тұрдық» деді бәрінің көзін бақырайтып тұрып біреуі. Кейінгілері де соған қосылып мұғалімді кінәлап жатыр. Кезек бұған да келді. «Біреудің ала жібін аттама, ешқашан өтірік айтушы болма» деген ата-ана тәрбиесі өтірікпен бірге таразыда тұр. Қайсысы басып кетері бір ғана Аллаға аян. Иринаның сол кездегі түрін көру, оның бетіне қарау сондай ұят еді. Қызараңдап, бәрі де бастарын изеп, оның қол көтергенін растай түсті. Мен... дей берсе ата-ана аузын аштырмады. Шыбын жаны шырқыраған бойжеткенді жақтайтын бір адам табылмады. Үнсіз ғана көзінен жас ытқи берді, ытқи берді. Ұзақ талқыға түскен жиналыстан соң ұстаз өз арызымен жұмыстан шығуға бел буды. Олай етпеске болмайтын да еді. Оның алғашқы еңбек жолы осындай сәтсіздікпен басталған. Кейін қызметті жалғастырды ма, әлде біржолата бұл саладан кетті ме? Қазір қайда жүр екен деген сұрақтар Сағаттың көкірегінде сарнап тұр. «Әлі күнге дейін бір өкінетін ісім болса, ол сол кездегі жалған куәлік етуім» дейді күрсініп.
Осылайша бір адамның үміті, сенімі, жігері жазықсыз жаншылды. Балалық іс дейміз бе, әлде шалалық па? Балалық десек, соларға тән ақкөңіл, пәк пейіл қайда?
Сағат сол ісіне әлі өкінумен келеді. Өмірде ұстазын қайта жолықтырған болса, бір ғана нәрсені өтініп сұрағасы келеді. Оқып отырған болсаңыз кешіріңізші, Ирина апай!

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
10 қараша 2020 ж. 651 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 382

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 461

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930