Сәкеңнің "болмысы" немесе адалдықты аңсау
Елге танымал ардақты ағаларымыздың бірі – Сәпен Аңсатовтың «Болмыс» деп аталатын кітабы «Қазығұрт» баспасынан жергілікті меценат Қайрат Ерназаровтың демеушілігімен жарыққа шықты. Кітап оқитындардың қатары азайып, керісінше кітап жазғыштардың қарасы көбейген, ертеңгіні болжап болмайтындай қазіргідей күрделі кезде кітап шығарып, ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Десек те, бұл шығарманың орны бөлек.
«Болмыс» көркемдік-идеялық тұрғыдан алғанда тартымды портреттік очерктер жинағы болып табылады. Әрбір шағын очерктің мазмұны тарихи баян түрінде түзілген, яғни өмірдің өзінен алынған оқиғалармен, әсіресе, атақты батырлар мен билердің игілікке толы іс-әрекеттері, сөз атасын танитын шешендер мен көсемдердің ғибратты әңгімелері, қара басының қамын емес, елдікті, дүниеқорлықты емес, қазақтың өзі сияқты кеңдікті тыныс-тіршілігінің мәніне, өмір сүру дағдысына, кейінгі ұрпақтары үшін қажет қалыпқа айналдыра білген адал адамдардың өнегелі істерімен өрілген. Қоғам бүгінгідей түбегейлі модернизацияға ұшыраған тұста елдікті басты мұратына, ата-баба дәстүрін ұстануды өмір сүру формасы мен рахатына айналдыра алған кешегі өткен алыптардың тағдыры кейінгілерді ерекше қызықтыратын болса керек. Егер тарихтың бірінші кезекте адам болмысын ұлттық болмыстан біржола ажыратпау үшін оқытылатынын ескерсек, қазақ болып туылғанына өкінбейтін әрбір азамат алдымен қазақтық озық қалыптан шықпауға ұмтылса игі.
С.Аңсатов ағамыздың «Болмысы» оқырманды сондай тарихи тұлғалармен қайта қауыштыруымен құнды деп санаймын.
Кітапқа енген әрбір естелік-әңгіме тәлімдік-тәрбиелік тәмсілмен түйінделіп отырады. Бір қарағанда, кітаптың тәжірибелік сипаты басымдау болып көрінуі мүмкін. Алайда, сол тәжірибе дегеніміз, Леонардо да Винчидің сөзімен айтқанда, «Ақиқаттың басты критерийі». Автор оқиғалар мен адамдардың озық әрекеттерін суреттегенде көбіне өзінің өмір тәжірибесіне сүйенеді. Артық айтпайтын, өзіне етене таныс адамдардың естеліктерін деректанулық талдау жасап барып қана оқырман назарына ұсынады. Автор талғамының мұншалықты биіктігі оқырман алдындағы жауапкершілікті сезіне білгеннен, қасиетті аруақтарды шынайы құрметтей білуден және өзінің адами қасиеттерінен құралғанын байқарсыз. Ал, кітаптың тәжірибелік сипатының басым болуына келсек, бұл шығарманың мәнін кемітіп тұрған жоқ, қайта мазмұнын байытып тұр. Атақты француз жазушысы М.Монтеньнің Бордо қаласының әкімі болған тұстағы көрген-білгендері мен көңілге түйгендерін елеп-екшеп жазған «Тәжірибелер» деп аталатын жинағы бар. Кезінде сол кітапты француз жазушылары көбірек сынаған да екен. Алайда, уақыт өте келе әлгі сыншылардың өздері «Тәжірибелерді» іздеп жүріп, қайта-қайта оқитын болған. Өйткені, таным үдерісінде тәжірибе басты өлшемдердің бірінен саналады.
Жинақтағы тарихи кейіпкерлердің портреттерін жасауда автор образдық ойлаудан гөрі, нақты фактілерге жүгінеді. Сол дәйекті деректер арқылы жинаққа енген тарихи тұлғалардың өмір сүрген кезеңдері, сол дәуірдің ерекшеліктері мен қиыншылықтары нанымды суреттеледі. Бұған «Зарқұм», «Атсейіс Сәтпайұлы Еспан», «Үбісұлтан Аяпов», «Тұрмағамбеттің соңғы түні» сияқты әңгімелерді оқи отыра көз жеткізе аласыз.
Мен байқаған және бір ерекшелік, автор әрбір тақырыптың соңында өз ойын көзі тірісінде-ақ ұлы атанған Қадыр Мырза Әлідей ойшыл ақынның ғақлияларымен бекемдеп отырады. Ұлтымыздың қадірлі қаламгерлерінің бірі – марқұм Қадыр ақынның ой-орамдарын әңгіме мазмұнына сәйкес қолдана білу автордың қаламгерлік шеберлігін ғана емес, оның ойлау мәдениетінің биіктігін танытады. Соның көрінісі болар, Сәкең Қадыр ақындай ғаламат сөз зергерінің өлеңдерін түгелдей жатқа оқиды.
Кітапта өмір мысалдары арқылы оқырманды адамгершілікке шақыру басты идея түрінде түзілген. Бүгінгідей рухани кемелдікті емес, қаражатты басты құндылық санайтын нарықтық экономика қалыптастырған қоғамдық қатынастар ұлтымыздың мінезіндегі адамгершілік пен ағайынгершілікті, бауырмалдық пен намысқойлықты тежеді. Бірнеше әңгімеге арқау болған өн бойынан даланың иісі бұрқырап тұратын Апбаз, Айысбектей шын арыстардың бағасын төмендетіп жіберді. Біз Маргарет Тэтчердің «Экономика – тек тәсіл, ал басты мақсат әрқашан адамдардың жанын өзгерту болу керек» деген ұстанымын ескермей қалғандаймыз. Мүмкін, мұнымыз бұрын нарық заманын бастан өткермеген тәжірибесіздігімізден де болар. Тарихи тұрғыдан алғанда, барды бағалай алмайтын дағдыға бой алдыруымызға бірнеше ғасырлар бедерінде уақыт тезінен өткен сапалы адам тәрбиелеу дәстүрінен бұған дейін орыстанудың, қазіргі таңда жаһанданудың салдарынан ажырап қалуымыз себеп болса керек. Әйтеуір, дүниеқорлық меңдеген дүмбілез санаға сияр саңылау таппай, құлдықтың қамыты құрсаулаған құр кеудемізден орнықты орын бұйырмай, тартылған теңіздей адалдық атаулының бірте-бірте бізден аулақ кетіп бара жатқаны өкінішті-ақ!
Егер мемлекеттілік даму белестеріне көз жүгіртсеңіз, Сібір, Қырым, Хажы Тархан, Қазан сияқты туыстас ұлттар құрған хандықтармен салыстырғанда қазақ мемлекетінің өз дербестігін бірнеше ғасырлар бойы сақтай алуы да ішкі саяси күштердің ара-салмағындағы тепе-теңдіктің қамтамасыз етілуінен деп тұжырымдауға болады. Бұл нәтижеге көзге көрінбейтін, бірлік формуласын қалыптастырып тұрған сапалы адамдар, яғни бүкіл елді ортақ стратегиялық мүдделерге жұмылдыра білген пассионарийлердің қалтқысыз қызметі арқылы қолымыз жетті деп ойлаймын. Бұлардың қатарына Жалаңтөс баһадүр, Абылай хан, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа батыр, М.Шоқай, Ә.Бөкейхан сияқты алыптарымызды жатқызуға әбден болады. Сапалы адам тәрбиелеу идеясы Абайдың иманигүл ой жүйесінде «толық адам», М.Әуезовте «кемел адам», Л.Гумилевте «пассионар» тұжырымдары арқылы көрініс беріп, сипатталады. Қазақтың «біз сондаймыз» деп мақтанатыны ұлттық тәрбие ұстындарының кез келген қоғам үшін әмбебеп тұлға даярлауға қабілетті классикалық деңгейге жеткенінің нәтижесі болса керек. Бұл жерде ішкі бірлікті нығайтуда ұлттық салт-дәстүрлеріміздің де ерекше біріктіруші маңыз иеленгенін атап айтқымыз келеді. Бұл ретте Сәкең ағамыз өз жадында сақтаған, ел ішінен жинақтаған деректі әңгімелермен қоса «Ерназар ағадан қалған сөз», «Сынықшы, көкірегі алтын сандық Зайыр», «Құйма құлақ Мұхатдам» деп аталатын әңгімелерінде аталы сөздің парқын пайымдай алатын және жекелеген ел ардақтыларының игілікті істерін баяндайтын ауызекі әңгіме-деректер білетін азаматтардың атын атап айтады. «Өзім білемге» ұрынбайды. Ал, елдің ынтымағы бұзылып, келімсектер мен шапқыншыларға талана бастағандағы бабаларымыздың күресі жинақта писарь Тәмпіш, елші Таңатар, Елікей хан, Зарқұм Қуанышұлы, Қалдан батыр, Жарықбас би, Жәрімбет әулие, Ешмұхаммед молда, Бозжан би секілді елтұтқалардың құрбаншылдық қасиеттері арқылы көрініс береді.
Кітаптың танымдық мәнімен қоса, тәрбиелік маңызы да өте зор. Мәселен, автор бүгінгі күні бізді қатты толғандырып жүрген жастар тәрбиесіне, әсіресе, қаракөз қыздарымыздың тәрбиесіне оқырман назарын шұғыл аударуға шақырады. Ол «Сансызбай сақи мен Айым ана», «Ақ далбай немесе есімі беймәлім келіншек», «Қыз өссе – елдің көркі» деген деректі әңгімелері арқылы әйел затын тәрбиелеудегі ғасырлар сынынан өткен ұлттық нұсқа-тәсілдердің бұзылғанына орай ішкі жанайқайын сездіреді. Мысалы, «Тазагүл» деп аталатын кейіпкер жайлы әңгімені алайық. 14 құрсақ көтерсе де балалары тұрмаған Тазагүл өзі келін болып түскен әулетті ұрпақсыз қалдырмауды ойлап, жолдасына өз үстіне екінші әйел алып береді. Мұндай мысалдар қазақта көп-ақ. Бірақ, 14 баладан айырылу бір анаға өте артық сын...
Міне, осындай эпизодтар арқылы автор қазақы қалыпта тәрбиеленген қыз-әйел-ана болмысының ерекшелігін өте сәтті суреттейді. Жан сезімі, адалдығы мен ар-ұяты жолында құрбан болуға даяр қазақ қыздарының жанкештілік қасиеттерін аңсайды, сағына аңсай отыра, сол қасиеттерді бүгінгі қыз-келіншектердің бойынан көруді армандайды, соны оқырманға тәрбие үдерісіндегі қажеттілік ретінде ұсынады. Бұл – жаһандану дәуірінде ең маңызды және жалпыхалықтық сипат алып отырған күрделі мәселе.
Автор өз кейіпкерлерінің бітім-болмысы арқылы қазақы түр-тұрпаттың артықшылығын насихаттайды. Адал өмір сүрудің рахатын уағыздайды. Қандай адамдарды құрметтеу керек немесе кімдер елдің шынайы құрметіне лайық екенін тұспалдап көрсетеді.
Осы айтылғандармен қатар «Болмыстың» өлке тарихынан туындайтын тақырыптарды қамтитын шығарма екеніне тоқтала кетуге тиіспіз. Орайы келгенде айта кетсек, тарихи зерттеулердің өз амал-тәсіл-дері бар. Олар негізінен 3 сатыдан тұрады: алғашқысы – тарихи эвристика, яғни өзіндік ізденістер нәтижесі, екінші саты – дерекнамалық талдау немесе сараптау, үшіншісі – ғылыми өнім ұсыну. Мен мұны неге айтып отырмын? Жинақтың өлке тарихы үшін құндылығын көрсетейін деп айтып отырмын. Біз көбіне өзіндік ізденістерімізді деректемелік сараптамасыз бірден ғылыми еңбек ретінде ұсынғымыз келеді. Осының салдарынан көбіне кейіпкер тұлғасының тарихилығы толық ашылмай қалады. Бұған қоса, мұрағаттан алынған деректі хақ сөзіндей көреміз. Ақиқатын айтқанда, архивтен табылған әрбір құжаттың мазмұнында қайшылықтар көп болуы, ондағы фактілердің бұрмаланып берілуі немесе кейіннен біреулердің араласуымен әдейі өзгертіліп жазылуы мүмкін. Демек, мұрағаттардан табылған құжаттың бәріне деректанулық сын тұрғысынан қарау қажет. Жинақтағы тарихи тұлғалар әрекеттері, оқиғалар мен құбылыстар, міне, осындай салыстырмалы дерекнамалық талдаудан өтіп барып, оқырманға ұсынылған. Талдаудың бұл түрі тұлғатанудағы басты өлшемдердің бірі және жинақта ол сәтті қолданылған.
Кітап «Мақтау, мадақ және мақтаншақ» деген ойлы әңгімемен өріліп, аяқталады. Бұл Сәкеңнің қадір-қасиетінен туындайтын ішкі сұранысы сияқты көрінді маған. Осы әңгіме арқылы автор мақтаншақтыққа әуестігіміздің салдарын ұғындыру немесе салауаттылыққа, салауатты ой-лауға шақыруды көздейді, орынсыз мақтанудың адам болмысын бұзатын дерт екенін оқырманның ойына орынды салады.
Қорыта айтқанда, оқырманға жол тартқан Сәкеңнің «Болмысы» – халқымыздың бітім-болмысын ерекшелейтін асыл қасиеттерді ұлықтаған, тәрбиелік және танымдық мәні зор бүтін шығарма, тың туынды. Кітап мазмұнын осылайша түзуге Сәкеңді итермелеген оның бойындағы ерек бітімі, халқының шыншылдыққа, адалдыққа, турашылдыққа сусап отырғанын сезген сезімінің күші, адалдық сүйгіш қасиетінің қуаты болар деп ойлаймын.
Нұрлыбек МЫҢЖАС,
Ә.Тәжібаев атындағы
облыстық әмбебеп ғылыми кітапханасының директоры
Ә.Тәжібаев атындағы
облыстық әмбебеп ғылыми кітапханасының директоры