» » "Демеу" дамып келеді

"Демеу" дамып келеді

Қазақта қанға сіңген асыл қасиет бар. Ол – жығылғанда демеу, сүрінгенде сүйеу болып, ел басына түскен ауыр жүкті жұмыла көтеретіні. Ол рас. Сол атадан қалған сара жолды қазіргі ұрпақ жалғап келеді. Ал биыл осы қасиет қайта рухани жаңғырды. Еріктілер жылында ерікті жастар қайта жаңғыртты.
Ауданның бір топ белсенділері мен еріктілерінің басы Жастар үйінде қосылып еді. Жас көшбасшылар аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Берік Бәйділдаевқа пікірін білдіріп, биылғы еріктілер жылында атқарылып жатқан іс-шаралар мен жобаларды талқылады. Осы тұста, ортақ шешімге келген олар аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан «Демеу» еріктілер тобын құрды. Бүгінде топ 7 бағыт бойынша жоспарын бекітіп, еріктілігін көрсетуде. Арада небәрі айдан аса уақыт өтсе де, атқарылған жұмыстар легі көңілге қонымды.
Алдымен «Демеу» еріктілер тобы қатарға ерікті жастарды іздеді. Әп сәтте қайырымды іспен айналысқысы келген біршама жас жан-жақтан, түрлі саладан жинала бастады. Алдағы жоспарымен бөлісіп, күн ізін суытпай алғашқы жәрдемін қасиетті жұмада берді. 7 бүлдіршіні бар көпбалалы отбасыға азық-түлік тапсырды. Сондай-ақ "Дүниежүзілік тазалық күніне" орай аудан көлемінде өткен сенбілікке өз үлесін қосып, кент орталығындағы "Мәңгілік алау" монументі аумағында тазалық жұмысын жүргізді.
Жақсы іс қай кезде де жалғасын табады. Үлкенді сыйлап, қадір тұтқан қазақ деген халықтың ұрпағымыз ғой. Халықаралық Қарттар күніне орай жалғызбасты қарт аналарды мерекемен құттықтап барған топ ақ батамен көгеріп те үлгерді. Мұндай игілікті іске аудандық аурухананың акушер-гинеколог дәрігері, жеке кәсіпкер Жадыра Тағанбайқызы демеушілік білдірді. Одан соң топ жалғызбасты қарияның үй ауласын тазалады, жалғызбасты, асыраушысы жоқ отбасыға 3 тонна көмір алып берді. «Тазалық – табалдырықтан басталады» атты акциясын бастап, әлеуметтік желілерде челлендж ұйымдастырды. Мәнді бейнежазба түсіріп, халыққа үндеу жасады. Бұл өз кезегінде сенбілікте әр көшені тазалаумен жалғасты. Әрі осы акция аясында Амангелді көшесін аралап, тұрғындарға акция жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізді. Жүргізгенде де, ерекше, шағын, көше тұрғындары арасында байқау ұйымдастырды. Ауласын кім жақсы тазалайды, сол тұрғынға алғыс хат пен бағалы сыйлық табысталмақ.
Ал мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай Демеуліктер "Аңсаған" мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігіне барып, балалардың қолөнерімен танысты. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Балахан Балмаханов қоғамдық бірлестікке тігін машинасын, отын және төсеніштер сыйлады. Ал еріктілер тобы мереке мезіретінде балаларға тәттілер таратты.
– Қазақ өзі ертеден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Біз бір үзім нанның өзін жанындағысына бөліп берген, жақсы мен жаманды бірге көріп келген халықпыз. Бұл асыл қасиетімізді бүгінгі күнде жоғалтқан емеспіз. Ал биылғы "Еріктілер жылы" жанашырлық шуағын жан-жаққа таратуға зор мүмкіндік болды. Расымен, қазір әлеуметтік желінің қайсысын ашып қарасаңыз да жанашыр жандардың игі ісіне толы жазбаға тұнып тұр. Ол біздің асылдығымыз бен жанашырлығымыздың дәлелі. Барлығымыздың бір-ақ мақсатымыз бар. Ол – адам болып өмірге келген соң, сауапты іспен айналысу. Міне, осы мақсатта талай жан игі істің қасынан табылуда. Алға қойған жоспар да жетерлік. Ол міндетті түрде орындалады. Жастар игі іс жасауға қашанда да йын, – дейді «Демеу» еріктілер тобының жетекшісі Әсем Мерекова.
Қуаңдариялық Альбинаның жағдайын естігенде баршамыздың әбігерге түскеніміз рас. Кішкентай балақайдың денсаулығына шұғыл көмек керек. Отаға баратын отбасының қаражаты жеткіліксіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, топтың барлық мүшесі ақша жинамаққа әлеуметтік желіде хабарлама жасады. Көп күттірмей жолға ақша жиналып, Альбинаның ата-анасына табысталды.
Түйін
Жақында ақжолтай хабардың куәсі болдық. Топ жетекшісі еріктілікті ұйымдастырып, басықасында жүріп, қайырымды іспен белсене айналысқаны үшін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Бірақ олардың мақсаты атақ пен марапат емес. Мүлдем бөлек. «Туған елге пайдамыз тисе деп жүрміз. Халықтың алғысы бар асылдан қымбат» дейді олар.
Айнұр ӘЛИ
20 қазан 2020 ж. 652 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 324

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930