Еріктілер марапатқа ие болды
14 қазанда «Жастар ресурстық орталығында» пандемия уақытында жұмыла жүк көтеріп, еліне қызмет көрсеткен волонтерлар мен азаматтық қоғам өкілдерін марапаттау шарасы өтті.
Салтанатты шараны облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет ашып, Қызылорда облысының волонтерлеріне ризашылығын білдірді.
«Жыл басынан бері Сыр волонтерларының көмегімен өңірімізде 8 451 мұқтаж отбасыға әлеуметтік көмек көрсетіліп, көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 4 870 отбасының мектеп жасындағы балаларына қажетті оқу құралдары табысталды. Шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданғаннан бері өңірде «Сыр волонтерлары» орталығы құрылып, жұмылудың жарқын үлгісін көрсеткенін айту керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанындағы «Волонтерлардың фронт-офисі» де жүйелі жалғастырып келеді. Пандемия өршіген тұста олар басты қажеттілікке айналған – дәрі-дәрмек, бетперде, мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестіру, жоғалған азаматтарды іздеу ісінде де белсенділік танытты. Дәрігер нұсқамасы негізінде 210 қала тұрғынына дәрі-дәрмек, 255 медицина қызметкерінің отбасы азық-түлік өнімдері, ауруханаларда үздіксіз еңбек еткен 1700 медицина қызметкері ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Көмек ретінде 72 оттегі баллоны ауруханаларға жеткізілді, – деді С.Ахмет.
Шара барысында Серік Әбжәліұлы жас кәсіпкер Ренат Рыс , қазақ тілді блогер Ave Adikusты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық Алғысы» медалімен, өзге де волонтерларды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.Еркін форматта өткен жиын ашық пікір алмасу алаңына айналды. Волонтерлар «Бұл қызмет – өз еркіңмен баратын жүректің жұмысы. Ал, жүректің жұмысы жанданса, қоғам өркениетке өздігінен қадам басады» деген ойын білдірді және олар үшін бастысы марапат емес, маңыздысы ел амандығы мен елдің ықыласы екенін айтты.
Облыстық ішкі саясат басқармасы