Президент Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумына қатысушыларды құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумы қатысушыларына құттықтау хат жолдады. Хатты "Қазақстанның машина жасаушылар одағы" заңды тұлғалар бірлестігі басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев оқып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Құрметті форумға қатысушылар! Сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумының ашылуымен құттықтаймын. Форум мемлекет пен бизнестің жүйелі диалогына, машина жасау саласының өзекті мәселелерін шешу арналған алаңға айналды. Биыл іс-шаралардың көпшілігі онлайн режимде өтеді. Осы форум мен оның аясында ашылған машина жасау және металл өңдеу жөніндегі бірінші халықаралық онлайн-көрме де ерекшелік емес. Пандемиямен байланысты күрделі экономикалық кезеңге қарамастан, отандық машина жасау ісі өсу қарқынын көрсетуде – биыл 14%-ға өсті. Осы көрсеткіш бойынша машина жасау еліміздің барлық өңдеу секторы бойынша жетекші орынға шықты. Биылғы Жолдауымда мен әртараптандырылған, технологиялық тұрғыдан дамыған экономика құру, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін бір жарым есеге ұлғайту жөнінде міндеттер қойдым. Бұл үшін мемлекет отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіреді, өнеркәсіптік саясат туралы заң қабылданады. Қазіргі заман болмысында Қазақстанның машина жасау саласы қарқынды дамуын жалғастыратынына сенімдімін. Саланың өндірісті кеңейту және экспортты ұлғайту үшін елеулі әлеуеті бар. Баршаңызға жемісті қызмет және алға қойған мақсаттарға жетуде табыс тілеймін", делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Пікір 5