Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға пойыз билетін сатып алу жеңілдеді
2019 жылдың 1 шілдесінен бастап «Mobius» жол жүру билеттерін ресімдеудің жаңа жүйесіне толық көшу жүзеге асырылды, деп хабарлайды kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бұл электрондық жүйе халыққа билет сатып алу шарттарын едәуір жақсартты. Сондай-ақ, орын болмаған жағдайда жолаушыға өтінім жасауға мүмкіндік беретін «күту парағы» сияқты жаңа функциялар пайда болды. Сол бойынша бос орын пайда болғанда (билеттер қайтарылған жағдайда) жолаушының электрондық поштасына хабарлама жіберіледі.
Бұл ретте жолаушының деректерін ауыстыру мүмкін емес. Осылайша, жолаушыларды ауыстыру мүмкіндігі алынып тасталды. Сонымен қатар, 2019 жылдың тамыз айында жолаушыларды тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес барлық топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ мүгедек балаларға әлеуметтік маңызы бар бағыттарға билет 50% жеңілдікпен сатылады.
«Тұлпар-Тальго» коммерциялық поездарында (субсидияланбайтын) тасымалдаушының қалауы бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін мамандандырылған орындарға 70% жеңілдік белгіленген.
Сонымен қатар, 2020 жылғы 26 маусымынан бастап bilet.railways.kz сайтында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жеңілдікпен сатылатын билеттерді онлайн ресімдейтін жаңа қызмет пайда болды Ондай билеттерді онлайн ресімдеу үшін жолаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассасында (бір рет) тіркеуден өткізіп, бірегей символдар жиынтығы бар «Мейірім» электронды дисконттық картасын алуы қажет. Тіркелгеннен кейін жолаушы билеттерді үйден шықпай-ақ жеңілдетілген бағамен онлайн сатып ала алады. Электрондық карта іске қосылған сәттен бастап бір жыл бойы жарамды болады және оның мерзімін ұзарту жолаушыдан өтінімді қайта алмай-ақ жүргізіледі.