Аудан әкімі ауылдық округ әкімдерін қабылдады
Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков ауылдық округ әкімдерін қабылдады.
Күн тәртібінде ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерліктің дамуы бағытында атқарылған жұмыстар және төртінші деңгейлі бюджеттің атқарылуы туралы есебі, «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламаларының аясында ауылдардағы атқарылып жатырған шаралар, ауылды абаттандыру мен көркейту және елді мекендердегі мал басы санының бірдейлендіру жоспарларының көрсеткіштерінің орындалуы секілді жалпы 18 мәселе қаралды.
Бүгінгі қабылдауға Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун, Дауылкөл, Ақжар, Ақтөбе ауылдық округ әкімдері жеке-жеке осы кезеңге дейін атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары жайлы бөлісті.
Аудан басшысы ауылдық елді мекендердің даму ерекшеліктеріне сәйкес басым бағыттарды айқындауды тапсырды. Сондай-ақ, жаңадан тағайындалған, тәжірибесі жеткіліксіз қызметкерлердің біліктілік деңгейлерін арттыру бағытында шараларды ұйымдастыруды қаперге салды.
-Барлық ауылдық округ әкімдері ауданымызда орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстарды жандандырып, белсенділік танытуы қажет,-деді аудан басшысы.
Сала басшыларына ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуді, бақша және көкөніс өнімдерін өңдеу бағытын дамыту мен жаңадан кіші цехтар ашуды, ауылдық елді мекендерді дамытудың өзге де салаларына баса назар аударып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен бірге тапсырмалардың орындалуын бақылау жетекшілік ететін бағыттары бойынша аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі