» » Күзетші келіншек

Күзетші келіншек

Әдеттегідей іс-сапарлатып жүрміз. Еңбек адамдарын іздеп шаруашылықтың қоймасына келдік. Қаз-қатар тізілген көліктер. Қызған тірлік. Бірі көлігінің бұзылған жерін жөндесе, енді бірі егіс басынан келген көлігін жуып тазалауда. Кіреберісте күзет бөлмесі тұр. Қойма ішіне ене бергенімізде күзетші келіншек жөн сұрады. Иә, қате оқымадыңыз, күзетші келіншек.
"Күзет, күзетші" дегенді естігенде ойымызға бірден ер адамдардың оралатыны рас. Бұл қызметті тіпті азаматтарға ғана тән жұмыс түрі деп те есептейміз. Алайда, ерлермен иін тіресе қызмет етіп, үлкен жауапкершілік арқалап жүргендер де ортамызда бар. Солардың бірі – ІІІ интернационалдық Ғалия Сұлтанғалиева.
Жасы бел ортадан асса да қырағылық пен сақтықты қажет ететін жұмысты қиындықсыз атқаруда. 2009 жылдан бері шаруашылық күзетінде істеп келе жатқан ол өзге жұмысқа ауысуды тіпті де ойламайды.
– Жауапкершілігі мол болғанымен жұмысым өзіме ұнайды. Үш ауысыммен 24 сағаттан кезекшілік етеміз. Жолдасым да осы салада еңбек еткен. Қазір зейнеткер. Сол себепті мені отбасым толықтай түсінеді және ешқандай қиындық туған емес. Мұнда қоймаға кім келіп, кім кетіп жатқанын, қандай техниканы әкетіп-әкелгенін арнайы журналға тіркеп отырамын. Әр кезекші ауысқан сайын бір-бірімізге тапсырамыз. Қазір техниканың дамыған заманы емес пе? Қоймада бейнебақылау орнатылған. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ, – дейді кейіпкеріміз.
Десе де бұл жұмысты кез келген нәзікжандының істей алмасы анық. Табиғатынан нәзік келетін олардың үлкен қойманы күзетуге батылы да жете бермейді. Күндіз бұл жерде шаруашылық қызметкерлері болғанымен, кешкі және түнгі уақытта барлық техника мен қажетті құрал-саймандарға Ғалия апай жауапты. 11 жылдан бері осы салада жүргеннен болар түрлі техниканың бөлшектерін жатқа біледі. Қай көліктің қандай бөлшегі сыр беріп тұрғанын да аңғарады. Бұл біз үшін ерекшелік болғанымен, кейіпкеріміз үшін қалыпты жағдайға айналған.
Техникаға жақын кейіпкеріміздің тағы бір қыры – велосипед тізгіндеуінде. Жұмысқа велосипедпен келіп-кету ауылдың өзге әйелдеріне таңсық болса, Ғалия апай үшін түк те қиын емес. Бір жағынан уақытын үнемдесе, екіншіден дене үшін таптырмас спорттық жаттығудың түрі. Елуден асқанымен еңсесі тік болуының бір себебі осыдан да болар.
Әңгіме арасында сыртынан қарағанда шағын болып көрінетін күзет бөлмесіне бас сұқтық. Аядай бөлмеде жатын орын, үстел, қысқы пеш орнатылған. Ең бастысы бөлме іші жинақы әрі таза. Біздің көзімізге оттай басылған тағы бір нәрсе – қабырғада ілулі тұрған Елбасының портреті. Кейіпкеріміз оны ерекше құрметтейтінін, ел үшін жасаған еңбегінің зор екенін де тілге тиек етті. Расымен басшыға бағынған елдің қор болмасын, тәртіпке бағынғанның құл болмасын даналарымыз айтып кетті емес пе? Қарапайым қызметі болса да, ел басшысына деген құрметі басым Ғалия апайдың бұл қасиеті үлгі аларлық.
Жайдары мінезді, ақкөңіл күзетші апаймен осылайша таныстық. Күлімсіреген жүзінен мейірімді екені байқалады. Үй тірлігімен қатар, түздегі жұмысын үлгертіп отырған ананың ендігі тілегі перзентінің болашағының жарқын болуы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
02 қыркүйек 2020 ж. 770 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 358

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 439

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930