Әлеуметтік төлем – әл-ауқатымызға демеу
Әлеуметтік төлемнің тағайындалғаны – табыссыз қалған азаматтарға біршама қолдау болды. Өз кәсібінен табатын табыстың құнына жетпесе де, көмек деп берілген қаржыны қанағат тұтқан халық та жоқ емес. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеп, халық арасында қаржылық сауат артты. Өзін-өзі жұмыспен қамтып, аталған төлемді төлеп, төтенше жағдай кезінде 42500 теңге және осы тамызда 21250 теңге алып, отбасына үлестірген азаматтармен кездесіп, пікірлерін тыңдауды жөн көрдік.
Ерділда БӨГЕМБАЕВ,
БЖТ төлеуші,
Байқоңыр қаласының тұрғыны:
– Негізгі кәсібім – бейнекамера орнату. Пандемия басталғанға дейін кәсібім жақсы жүріп тұрды. Ай сайынғы табатын табысым 120000 теңге аралығында айналатын. Тек Байқоңыр емес, Ақай ауылы,Төретам кенті, тіпті басқа да аймақтарға шығып тапсырыс алып, жұмысымды жақсы дөңгелетіп жүрдім.Отбасымды қамтамыз етуге табысым толықтай жетіп тұратын. Елімізге пандемия келгелі шаруамның біраз әлсірегені рас. Тойхана, мекеме, қоғамдық орындар жабық болды. Тапсырыс өте аз түсті. Сол қиын кездерде мемлекет тарапынан әлеуметтік төлемнің тағайындалғаны қуантты. Екі ай қатарынан 42500 теңге, соңғы тамыз айында 21250 теңге алып, отбасымызбен бір қуанып қалдық. Кәдімгідей көмек.
Сезім НҰРАЛИЕВА,
жеке кәсіпкер,
Байқоңыр қаласының тұрғыны:
– 2015 жылдан бері той-томалақ,мерекелік жиындар,құдайы жолы,асқа тәттілер дайындап беруге тапсырыс қабылдаймын. Қазағымның дастарханы қашанда кең, молшылық қой. Тапсырыс күнделікті-күнде түседі. Самса, бәліш, торттың түр-түрін әзірлеп, бір уақытта тапсырысты толық орындауға кейде уақыт тапшы болып жататын. Соған сай әрине табысым да жақсы еді. Індет келіп, карантин басталғалы той-томалақ азайды. Қашып-пысып кей халық той жасағанымен көл-көсір дастархан жаюға кейбірінің жағдайы болмай жатты. Сондай кезде әрине менің жұмысым да тоқтады. Табысым азайып, біраз қиналысқа түстік. Содан әлеуметтік желі арқылы табыссыз қалған азаматтарға осындай төлем қарастырылды деген хабарға қуанып қалдық. Сәуір, мамыр айында 85000 теңге. Ал тамыз айында 21250 теңге алып, тағы бір қуандық. Өзімнің кәсібімнен табатын табысымнан аз әрине, дегенмен бұл да үлкен көмек. Азық-түлік алуға толықтай жетті. Үкіметтен қандай да бір қаржылай көмек болып жатса, әрбір адам қуанады.
Дана БАЙМҰРАТОВА,
35жаста, жұмыссыз,
Төретам кентінің тұрғыны:
– Отбасымызда 4 жанбыз. Жолдасым Түркістан облысы, Шымкент қалаларынан дүкендерге азық-түлік әкеледі. Үлкен жүк көлігінің жүргізушісі. Отбасын құрғалы осы кәсібімен біз асырап келді. Карантин басталғаннан кейін жолдар жабылып, аймақтарға шығып тапсырысты орындау уақытша тоқтап қалды. Мен үй шаруасындағы әйел болғандықтан ай сайынға алатын айлығым болмады. Карантин – күнделікті молшылықта өмір сүріп қалған әдетімізге үлкен кедергі жасады. Үнемдеу дегенді бұрын-соңды білмейтін біздерге бұл жағдай қиынға соқты. Кейіннен теледидардан әлеуметтік жәрдемақы төлеу туралы хабарды естіген бойда «бірыңғай жиынтық төлем» төлеп, 42500 теңгенің тағайындалғаны туралы хабарлама келгенде карантин біткендей қуандық. Жолдасым да, мен де 42500 теңгенің екі мәрте, 21250 теңгені бір мәрте алып, жалпы отбасымызға 212 500 теңге табыс кірді. Мұндай мүмкіндікті жасаған Мемлекет басшысына алғыс айтамын.
Гүлжан ӘЛІМБАЕВА
Байқоңыр қаласы