Қайырымдылық шапағаты
"Жомарт бол. Жомарттық – сені сүйкімді етеді" деп Ахмед Иүгінеки айтқандай, қайырымды жандар қашанда ерекше көрінеді. Өмір атты кітабын жақсылықпен толықтырған жандар арамызда көп. Олардың игі ісін көпке үлгі ету, атын шығару маңызды. Міне, осы мақсатта жақсы жандарға жыл сайын дәстүрлі "Жомарт жүрек" сыйлығы табысталады. Биыл да аталған сыйлық лауреаттары анықталып, арнайы сыйлықпен марапатталды.
Жыл басында келген індеттен жапа шеккендер көп болды. Оның ішінде көмекке шын мұқтаж болғандар да бар. Осындай қиын уақытта барын беріп, қолтық демескен жандар қатары аз болды деуге әсте келмейді. Биылғы "Жомарт жүрек" сыйлығының иегерлері дәл осындай сәтте көмегін аяп қалмаған жандар. Бірнеше адамның арасынан аталған сыйлыққа лайықты деген азаматтарды анықтау оңай тиген жоқ. Аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров төрағалық еткен шарада комиссия мүшелері әрбір қатысушының еңбегін саралап, шешімін шығарды. 2020 жылғы "Жомарт жүрек" сыйлығының аудандық кезеңінде "Жыл меценаты" аталымын "Жаңажол" ЖШС директоры Орынбасар Төлепов алса, аудандық емхана маманы Зәуреш Қараманова "Жыл тұлғасы" атанды. "Ерен еріктілік" номинациясын №250 мектептің мұғалімі Сабихан Жүнісов иеленсе, "Жылдың үздік ұйымы" аталымы Қаршыға Есдәулетов бастаған "Аудандық ардагерлер кеңесі" қоғамдық бірлестігіне табысталды.
Расымен, аталған жандар атын шығаруға әбден лайық. Мәселен, "Жаңажол" ЖШС директоры ауылдық клуб үйіне заманауи "COWORKING" орталығының ашылуына демеушілік жасады. Індет белең алған кезеңде "BIZ BIRGEMIZ" акциясы аясында 398 отбасына азық-түлік үйлестірді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толуына орай тыл және ауған соғысы ардагерлеріне ақшалай және материалдық көмек көрсетті. Ауылдағы әлеуеті әлжуаз отбасыға үй салып беріп, ішін түгел жиһазбен қамтамасыз етті. Вирус жұқтырудың алдын алуда ауыл емханасына дәрі-дәрмек алдырып, тұрғындарға тегін берілді. Емханаға "Бобров" аппаратын алуға да тікелей көмектесті.
Дәл осындай қиын уақытта дәрігерлердің барлығы дерлік жоғары марапатқа ие екені сөзсіз. Міне, сол ақ халатты абзал жанның бірі – Зәуреш Қараманова "Жыл тұлғасы" деп танылды. Аудандық емханада 1999 жылдан бері табысты қызмет етіп келе жатқан ол бүгінде жұқпалы аурулар бөлімшесінің аға медбикесі. Еселі еңбек етіп жүрген апайымыз әлемдік індетпен күрес кезінде дертті еңсеру үшін зор үлес қосуда. Жұмысына адал, мамандығын сүйетін медбике алдына келген науқастың көңілін тауып, өмірге деген сенімін арттыруда.
Ал "Жылдың үздік ұйымы" атанған "Аудандық ардагерлер кеңесі" қоғамдық бірлестігі ауданның өсіп-өркендеуіне табанды үлес қосып жүрген Үкіметік емес ұйымның бірі. 2007 жылы тіркелген бірлестік мәселе шешуде, мәдени іс-шара ұйымдастыруда алдыңғы шепте қызмет етуде. Ардагерлер тәрбиелік жолын жалғап, мақтауға тұрарлық қасиеттерін жастардың бойына сіңіруде. Отанды сүю мен қастерлеуге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға қоғамды бағыттауда. Сондай-ақ аталған мекеме қайырымдылық, демеушілік істерден де кенде қалып жүрген жоқ. Мәселен, елімізде орын алған төтенше жағдай уақытында аудандық емхананы өкпені желдету аппаратының 3 данасымен қамтасыз етті.
Сәбихан Жүнісов бүгінгі таңда белсенді жастардың қатарында. Тарих пәнінің мұғалімі ерікті түрде мектеп оқушыларына бокс үйірмесінен сабақ береді. Қазіргі таңда оның шәкірттері республика көлеміндегі жарыстардың жеңімпазы атануда. Ерікті жастың өзі де бала кезінен былғары қолғап киіп, республика мен халықаралық турнирлердің жүлдегері. Жас маман былтыр ҚР Президенті сайлауы аясында жүргізілген жұмыстарға белсене қатысты. Төтенше жағдай уақытында да емханаға қажетті оттегі баллондарын тасуға, індеттің алдын алуға байланысты үгіт-насихат жүргізуге белсене қатысуда.
Қысқасы, жүлденің жеңімпаздары шаршы топты жарып шыққандар. Олардың еңбегі елеусіз қалмай, өзгеге үлгі ету үшін осы марапатқа лайықты деп танылды. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық "Жомарт жүрек" байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз атанғандарға арнайы алғыс хат пен сыйлықтар табысталды. Тек биылғы марапаттау рәсімі әр маманның өзінің мекемесінде өтті. Келген кеселді жеңген уақытта келесі марапат иелері қалың көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметі аясында өтеріне сенім мол.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ