Адал қызмет алғысқа бөлейді
Ауылдан әрірек орналасқан көлікжай ішінде шаңқ-шұңқ, тарс-тұрс дыбыстардан құлақ тұнады. Станоктардың гүжілдеген дауысынан мұнда біреудің айтқанын екінші біреу есту қиын. Бос жүрген де ешкім жоқ. Бәрі өз ісімен әуре. Қаз-қатар тізілген техникалардың сірә, көбісі жаңа. Бірер жарымының ақауы жөнделіп, тізгіндейтін жүргізушіні күтіп тұрғандай.

– Зейнетке шықсақ та Шәку, Нұралбек деген үш замандас әлі күнге жұмыс істейміз. Басшының бізді жұмыстан біржола қол үзуге мүмкіндік бермей жүруінің де сыры бар. «Болдық, толдық» деп үйде отырмай, шамамыз жетсе жастарға ақылшы болып, жанында жүргенімізді жөн көреді. Жасымыздан шаруашылықта жұмыс талғамай, бәрін істедік. Одан жаман болғанымыз жоқ. Ардагер ретінде ауылда өтетін жиын, кеңестерден де шет қалмаймыз. Пікірімізді айтып, ойымызды ортаға саламыз. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой. Ауылдың алға өрлегенінен басқа не керек? – дейді Аманкелді Қоңыршаұлы.
Иә, серіктестік басшылығы еңбек адамдарына лайықты жағдай жасай біледі. Оны әр жылдары берекелі күзде ұйымдастыратын сабантойда аңғарып жүрміз. Талаптанған әрбірінің жемісті еңбек етуіне мүмкіндік бар. Техниканың, адамдардың үзіліссіз жұмыс істеуі соның дәлелі. "Нан болса – ән болады" деп халқымыз бекер айтпаған. Байлық пен береке нанда! Оның қадірін дән өсіріп, оны жинаушылар жақсы біледі. «Тұрмағамбет» ЖШС үшін өткен жыл жемісті болды. Диқандар мерейі үстем шықты. Бұл – Алланың бергенін адамның іске асыра білуінің, мемлекет қолдауының нәтижесімен қатар, Аманкелді аға секілді еңбек адамдарының маңдай тері.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ