» » Босаңсуға әлі ерте

Босаңсуға әлі ерте


Әлемді дүр сілкіндірген пандемия біздің елімізге келгенде абдырап қалғанымыз рас. Бәріміз індетті жұқтырмаудың алдын алып, сақтық шараларын қатаң сақтауды қолға алдық. Тазалықты сақтауға баса назар аударып, дезинфекциялауды әдетке айналдырдық. Үш айға таяу уақыт үйден шықпай, жақындарымыздың жанында болдық. Халық көптен күткен уақыт та келіп, төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Бірақ үкімет "Коронавирустан толықтай арылмадық, сақтанып жүріңіз!" деп дабыл қақты. Бұл сөздерді шын мәнінде естіп жүрміз бе? Біз осы төтенше жағдай режимі тоқтатылғанына қуанғаннан қауіпті індеттің әлі де болса арамызда екенін ұмытып кеткен жоқпыз ба?

Еліміздегі барлық блок-бекеттер алынғанда, шектеу шаралары азайғанда халық коронавирус жайлы мүлде ұмытып кеткен секілді. Әбден мезі қылса да пайдасы зор масканы көкке лақтырып, сақтықты естен шығарып жіберді. Топтасып көшеге шығып, кезекте тұрғанда арақашықтық сақталмады. Көпшілік жиналатын отбасылық шараларға рұқсат берілмесе де отау құрып, ұлан-асыр той жасағандар да бар. Талап етілген уақытта жұмысын тоқтатуы тиіс мейрамханалар мен дүкендер тәртіпті бұзды. Міне, осындай жауапсыздықтың кесірінен індет жұқтырғандар саны өсті. Қауіптің қатары көбейсе де тәртіп бұзушылар сейілмей тұр. Кеселдің кесірі тимесін десек карантин талаптарын қатаң сақтауымыз қажет. Қаулыда қабылданған барлық шектеу талаптарын бұзбау керек.
Қазір қай жер болмасын "сақтаныңыз!" деп дабыл қағуда. Мұның барлығы тектен-тек айтылып жатқан ескерту еместігін барлығымыз жақсы түсінеміз. Бірақ арамызда оған құлақ аспай жүрген жандар көп. Оларға күндіз-түні рейдте жүрген мамандар қатаң ескерту жасап та жатыр. Өршіп тұрған індетті жеңу үшін атқарылып жатқан істер аз емес. Мәселен, 13 маусымда қабылданған №9 қаулыға сәйкес бүгінгі таңда ұжымдық немесе жанұялық көпшіліс іс-шараларға тыйым салынған. Азықтүліктен басқа тауарларды сату мақсатында қызмет ететін нысандарға күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимде сағат 9.00-18.00 аралығында ғана жұмыс істеуге рұқсат етілген. Ойын-сауық орталықтары мен балалар ойын алаңдарының қызметі уақытша тоқтап тұр. Дәріханаларды қоспағанда азық-түлік сататын дүкендер сағат 9.00-22.00 аралығында жұмыс істей алады. Асхана мен кафелер тазалық жүйесін қатаң сақтай отыра бір мезетте 30 адамнан артық қабылдамай сағат 10.00 мен 22.00 аралығында қызмет көрсете алады. Бұл шектеулер мен қойылған талаптың қатаң сақталуын ауданда құрылған жұмысшы топ күн сайынғы рейдтер арқылы бақылауда. Әрбір бақылау шарасы кезінде насихат жүргізіліп, түсіндірме жасалуда. Көшелерді дезинфекциялау жұмыстары да тоқтамайды. Кестеге сәйкес арнайы сұйықтықпен көшелер, балалар ойын алаңдары мен демалыс саябақтары залалсыздандырылады.
Тұрғындарға КВИ-дың қауіптілігі, симптомдары мен сақтану туралы ақпараттар күн сайын айтылып, жазылып келеді. Аудандық ішкі саясат бөлімі шектеу және сақтану шаралары туралы интернет пен әлеуметтік желіде түрлі жазбалар жариялауда. Хабарландыру, инфографика және бейнеролик арқылы халыққа жаппай түсіндірме жұмысын жүргізуде.
Ішкі істер бөлімі рейд жүргізуге атсалысып, провизорлық, карантиндік және инфекциялық стационарда жатқан науқастарды күзетуге жұмылдырылған. Ақ халатты дәрігерлер емдеу жұмыстарына білек сыбана кірісіп, індетпен бетпе-бет күресіп келеді.
Қысқасы, өзгенің амандығы үшін өзінің басын қатерге тіккен азаматтар біздің қолдауды күтеді. Еселі еңбектерінің еш кетпеуі үшін шектеу шараларын сақтап, вирусты жеңуге өз септігімізді тигізу қажет болып тұр қазір. Еліміздің экономикасы, жанымыздың амандығы мен жақынымыздың қауіпсіздігі – біздің қолымызда. Келген кеселге бей-жай қарамай, беті жаман індеттің күшін жою әрқайсымыздың мақсатымыз. Сол себептен де жақынымызға жанашыр болайық. Талап орындалған жағдайда ғана жақсы күндер келетінін жадымызда сақтайық!

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ
20 маусым 2020 ж. 1 109 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 054

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031