Біздің күшіміз – бірлікте
Кәсіподақ жұмысының негізгі бағыты – білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік- экономикалық құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау. Әлеуметтік әріптестіктің аясында білім қызметкерлерінің біршама мәселесі кәсіподақ тарапынан қолдау көріп, оң шешімін табуда.
Елде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының әлеуметтік әріптестеріне Үндеуі жарияланды. Кәсіподақ осындай қысылтаяң кезеңде сала қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік сипаттағы мәселелерін бірлесіп шешуге шақырады.
Қармақшы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті «Біз біргеміз» акциясы аясында елімізге тосыннан келген COVID-19 пандемиясы тұсында қамқорлықты қажет ететін білім қызметкерлеріне қолдау көрсету мақсатында түрлі шара ұйымдастыруда. Атап айтсақ, наурыз-сәуір айында осындай кезеңде қолдауды қажет ететін 174 отбасы 2 млн теңге көлеміндегі азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ облыстық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен кент орталығындағы білім мекемелеріне 500 бетперде тегін таратылды.
COVID-19 пандемиясы кезінде қауіпті індеттің алдын алып, таралуына жол бермеу үшін барлық орта білім беру ұйымдары қашықтықтан оқыту форматына көшірілді. Осындай кезеңде оқушыларға үздіксіз білім беруді қамтамасыз етуде ұстазға артылар жауапкершілік жоғары. Өз істеріне адал, сапалы білім мен саналы тәрбие беруде аянбай тер төгіп жүрген ұстаздарымызға шығармашылық табыс тілейміз. Сала қызметкерлерін қолдауға әрқашан дайынбыз. Біздің күшіміз – бірлікте! Бірліктің арқасында аты жаман бұл індетті де жеңеміз.
Ләззат ЕСХАНОВА,
аудандық білім қызметкерлерінің
кәсіподақ комитетінің төрайымы
аудандық білім қызметкерлерінің
кәсіподақ комитетінің төрайымы