Әрбір баланың амандығы қымбат

– «Еңбек адамы» деген айдарды үзбей оқимын. Оқып отырып, елеулі қызметі бар, бірақ ескерусіз жүрген жандар ойыма түседі. Соның бірі – күн сайын баламызды мектепке таситын автобус жүргізушісі –Мақсұт Қабиұлы. Ол жұмысына сондай жауапты маман. Өзі балажан. Тек менің пікіріммен шектелмей, басқалардан да сұрастырып көріңіздер. Мүмкін болса, біз сол азаматты осы айдардан көргіміз келеді, – деп ұсынысын жеткізді.
Азаматтың пікірін ескеріп, №183 мектепте оқитын балалар мен олардың ата-аналарынан автобус жүргізушісі жайлы сұрастырдық. Ел мақтаған жігітті – жұрт жақтаған. Бәрінің сөзі бірауыздан шыққандай.
Аялдамада тұрмыз. «Абайлаңыз, балалар!» деген маңдайшасында жазуы бар біз күткен автобус та келеді.

Иә, жоғары сыныпты жүргізуші Мақсұт Тоқбаев Абыла ауылының тумасы. Он баланың кенжесі. Әкесі Қаби темірден түйін түйген жан. Ұста ұрпағының да қолынан келмейтіні жоқ. Техника тілін түсінеді. Көлік тізгіндегеніне 20 жылдан асқан. Атырау облысында біраз жыл жұмыс істесе, кейін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізін салған тұста 40 тонналық «Мерседес» жүк көлігін жүргізген. Жоқтан бар жасап құрастырған бір емес екі жеке автокөлігі, жүк тасымалдайтын мәшинесі тағы бар. Қолы қалт етсе тапсырыспен қызмет көрсетеді. Отын-көмір, жем-шөп тасып дегендей. Бір жылдан бері №183 мектепте жүргізуші. Кенттің әр аймағынан таңертеңгі сағат 6.20-дан бастап 3 мәрте айналым жасап, 150-ге жуық баланы мектепке аман-есен жеткізсе, сабақ аяқталғанда алып қайтады. Әсіресе мектеп тәртібіне енді үйренісе бастаған бастауыш сынып оқушыларының жазда ыстықтап, қыста тоңып қалмауын жіті қадағалайды. Құлап қалмасын деп орындыққа өзі отырғызып, жайғастырады. Жылы жүзді, қабағы ашық, жайдары. Жоғары сыныптың оқушыларына кішкентайларға қарасуды үйретеді.

– Қазір көлікті құйқылжыта айдайтын көп. Сол себепті де жол көлік апаты жиі орын алып жатады. Балалар тасымалдайтын көлікті екінің біріне сеніп тапсыруға болмайды. Қаншама баланың қауіпсіздігін арқалайтын болған соң қырағы, әрі тәжірибесі мол білікті жүргізуші қажет. Мақсұтқа сенім мол. Немерелерімді аялдамадан өзім мінгізіп жіберемін. Кейде балалар ауырып, сабаққа бармайтын болса бірінші жүргізушіге ескертеміз. Біз ұмытсақ, өзі қоңырау шалып тұрады. Өйткені ол қай аялдамадан қандай оқушы отыратынын жатқа біледі. Ешкім қалып қоймасын деп түгелдейді, – дейді кент тұрғыны Ханшайым Сығаева.
– Бала таситын болған соң көлікті мейлінше таза ұстаймын. Олар маған, мен оларға үйренгенмін. Шуылдап, әңгісін айтады. Реті келсе оқу үлгерімін сұраймын. «Бүгін 5-тік баға алдық» деп қуанышын жеткізетіндер бар. Бәрін есімімен атаймын. Менімен кезекші мұғалім, полиция қызметкері бірге жүреді. Бәріміз балаларды үйлеріне жақын аялдамадан түсіріп, жаяу жүргінші жолынан өткенше қадағалап тұрамыз. Өзім де 5 бала өсіріп отырған әкемін. Сондықтан әр баланың амандығы мен үшін қымбат, – дейді ол.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)