Еду, еду қашықтан...
«Еду, еду қашықтан,
Мен водовоз асыққан,
Мөлдiр су бар, достар-ей!
Кому надо – поскорей!» Осы өлең жолдарын естігенде аға-апаларымыз жастық шағын еске түсіретіні хақ. Әндетіп жүретін водовозшылар бір кездері өте қажетті мамандық иесі еді. Қазір технологияның дамып келе жатқаны соншалық су таситын көлікке қажеттілік сезілмейді. Бұрын «үй ішінен су ағады, шелектеп құдықтан тасымайды екен» деп таңқалатын болсақ, қазір халықтың дені ауыз сумен қамтылған.
Десе де су таситын көлікке сұраныс мүлде жойылып кетпеді. Құдықтың суымен күнелтетін бірлі жарым үйлер әлі бар. Олар құдығына айына бір рет қана су толтырады. Бұған қарағанда кейбір тұрғынға шелекпен тасып ішкен су үнемдірек секілді. Бұрын Жосалы кентінде 14 су таситын көлік халыққа қызмет көрсетсе, солардың 4-еуі әлі де жергілікті халықты тіршілік нәрінен тарықтырмауда. Соның бірі – табысын маңдай термен тауып, жанын салып жұмыс істеуінің арқасында халықтың алғысына бөленген Қалжан Айтжанов. Сонау 1978 жылдан бері көлік тізгіндеген ағамыз бір жылдары автобус жүргізген. «Газ – 53» көлігімен талайдың жүгін, көмірі мен отынын, пішен-шөбін тасып, қызметіне кезек күттіретін кезі көп болыпты. Техника тілін жақсы меңгерген ас жүргізуші оншақты жыл бұрын ескі көліктердің сайманын жинап, су таситын машина құрап шығарған.
– Содан бері қажетіме жарап келеді. Осы көліктің арқасында ұл-қызымды жеткіздім. Қазір кенже қызымнан басқасы теңін тауып, үйлі болды. Зайыбым Асыл да, мен де зейнет демалысындамыз. Елге қайыр қылсаң қысылмай жүресің. Той-томалақ пен ас жиынға барсам қадірлеп төрге шығарады. Жұмыс барысында түрлі жағдайды көресің ғой. Су керек деп тапсырыс бергенімен, төлейтін ақшасы болмайтындар да табылады. Оларға көмектескеніңнің өзі қуаныш. «Батаменен ер көгереді» деген. Жастар үлкендерден тек қана алғыс алуға ынталынып тұрса екен, – дейді еңбек адамы.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Пікір 1