» » Барды бар деп бағалайық, ағайын...

Барды бар деп бағалайық, ағайын...

Ақпарат айдынында мемлекеттік ақпараттық саясатты жазатыны бар, өздерін «тәуелсіз басылым» санайтыны бар, әйтеуір әрқайсысы оқырмандар үшін түрлі жолмен, әдіс-тәсілмен, оның ішінде биліктің ықпалымен немесе елге белгілі, танымал, ықпалды тұлғалардың беделін пайдалана отырып, оқырмандарын көбейтуге жұмыс істейтінін байқап жүрмін. Мен ел жаңалықтарымен көбінесе теледидар арқылы танысамын. Десе де, бұрыннан қалған қызығушылығым бар, тіпті әдет десе де болады, бірді-екілі газет-журналдарды жаздырып аламын. Әрине, кез-келген кісі алған ақпаратының ақиқатқа негізделгенін қалайды. Әсіресе, соңғы кездері осы мерзімді басылымдарда елді билік атаулыға қарсы қоюды мақсат тұтып, қаралауға бағытталған материалдар жариялау арқылы жоқ жерден ши шығарып, жұртшылық арасында қолдан бедел жинау, сенсация шығаруды мақсат тұтқан жазғыштар көбейіп бара жатқаны көңіл құлазытады.
«Айқайлы жерде ақыл аз» дегендей, қазіргі күні ел арасында бұрынғы Кеңес заманын аңсайтындар жетерлік. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіздігімізге тосырқай қарап, күннен-күнге еліміздің қол жеткізген жетістіктерін назарға алмай, көз алдымызда кемелденіп келе жатқан елімізді өзге елдермен салыстырып, онда да тек кемшіліктерді көретіндердің, көретін де емес-ау, қай жерден кемшілік табам деп, қолына тал түсте шырақ ұстап жүрген ағайынға барды – бар, жоқты – жоқ деу керек деп есептеймін.
Жуырда қолыма «Сыр дидары» газетінің бір саны түсті. Бұрындары да осы басылымды қолыма түссе оқып, ондағы имандылық, адамгершілік тәрбие, діни ағартушылық мазмұнындағы мақалаларды ынта-зарлықпен оқып, басылым басшысы осы елге танымал болған, өзім ғұлама санайтын Алдашбай ахунның ұрпағы екенін біліп, оның осы өңірдің тумасы екендігіне іштей марқайып жүретінмін. Енді, соңғы уақытта газеттің ішкі мазмұнына «ішім ашитындай» хәлге жеттім. Оның себебі, ондағы арзанқол материалдар мен ақпараттардың жиі жарық көруі.
Енді, нақты айтарыма тоқталсам, аталмыш газеттің сол санында газет тілшісі Қ.Төреевтің «Әкімдер немен жарысып жүр?» деген мақаласын оқыдым. Мақалада аудан әкімі С.Мақашовтың жуырда өткен есепті кездесуінің барысы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы бірқатар мәселелер көтерілген екен.
Жалпы, мен де ауданымыздың тыныс-тіршілігіне әрдайым «құлағымды түріп» жүремін. Сонымен бірге, халық жиындары мен түрлі басқосуға бірде қызығушылықпен қатыссам, енді бірде дос-жарандардың шақыруымен еріп барамын. Тілге тиек болып отырған аудан әкімінің есебінде мен де болдым, оған дейін кент әкімінің есебінде де болғанмын. Осы жиындарда ауданда атқарылып жатқан оңды істермен қанығып, барымызға шүкіршілік етіп, әкімдер айтқан алдағы жоспарларына үміт артып, көппен бірге қуанып, ризашылықпен қайтқаным рас.
Енді мақалаға оралсам, Қ.Төреев аудандағы ауыз су мәселесіне тоқталып, әкімнің айтқанын, яғни ауданда ауыз су мәселесі шешілді деген сөзін жоққа шығарып отыр. Енді ойлаймын, осыдан екі-үш жыл бұрын қыста орталық құбыр қатып, сусыз қалсақ, жаздыгүні қаталап су таситын водовоздардың артынан апталап жүгірмеуші ме едік?! Қазір, құдайға шүкір, ауыз суды әкімшілік үйімізге дейін кіргізіп берді. Сонау қызылдың қиясындағы елде де келіндеріміз су таситын иінағаш түгілі қарапайым шелекті де пайдаланбайды. Енді, бірсыпыра үйде краны ақпай тұрса – солай да шығар. Оны аудан әкімі баяндамасында айтты да, алдағы көктемде жөнделетінін жеткізді де емес пе? Кәсіпкерлігіміз Тәшкеннің базарындай болмаса да, зат іздеген адам саудасын осы арадан жасайды. Дүкеншіден чек талап ету әркімнің қолында, бермесе – сотқа бер! Заңды ешкім белден баспайды ғой. Сол жиында, бәріміз де бала-шаға өсіріп отырмыз, балалар лагеріне қатысты сөз қозғалып, биыл ашылатынын естіп, қуандық. Бұл деген неше жылдан бері шешілмей келе жатқан, жылдан-жылға ысырылып келген жақсы жаңалық қой. Мақаладан соң кімге сенерімізді білмей қалдық. Балалардан сұрасам, лагерь салынып жатыр дейді. Содан соң, әрине, әкімге сенеміз.
Дәл қазіргі уақытта елдің ең бір асыға күткені – газ мәселесі. Әкім есебіне мен де бірсыпыра азаматтар секілді сол газ мәселесіне байланысты сұрау салайын деп барғанмын. Әкімнің тұщымды жауабына риза болғандардың бірі де менмін. Газ құбыры ауылымыздың іргесіне келіп, стансасы салынды. Одан әрі тек желісі тартылуы ғана қалды деп отырмыз. Әсіресе, ауылымызға газ тартуға Үкіметтен қаржы қаралып, үшжылдық бюджетке енгенін, оны алдағы жылдары бастауға жұмыс жасалып жатқандығын аудан әкімінің өз аузынан естідік. Енді келіп, елдің үмітіне күдік ұялатып, осындай жазба жазылғаннан кейін кент әкімдігіне хабарласып, сұрау салсам, олар да әкім сөзін айтып отыр. Бұл, әрине, жақсы жаңалық. Газ келсе тұрмыстың көп мәселесі жеңілдейді деп күтеміз.
Бұл жерде мен әкім-қараларды жақтап, немесе оларға жарамсақтанайын деп отырғаным жоқ. «Өлесің, өлесің» дей бергеннен ауру жазылып па? «Өртенді, өртенді» деп айғай салғаннан өрт өшіп пе? Дерттіге бар да, дәрі бер. Жалынға бар да, қарлығаштың қанатымен болса да су шаш. Бұл орайда жыр жүйрігі, қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтің мына өлең жолдары еріксіз еске түседі:
– Әз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?!
Ендеше, ойланайық ағайын. Шіркін, барды барынша бағалағанға не жетсін?!
Ә.Тоқшылықов,
Жосалы кентінің тұрғыны, зейнеткер.
15 ақпан 2018 ж. 1 542 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031