Сақтықта қорлық жоқ
Қазіргі таңда ауданымызда көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалықтың 2 айлығы өткізілуде. Осы жұмыстарды жүргізу барысында көшелер мен ауылдарда қалдықтар мен қоқыстар жағылуда. Сол қоқыстарды жағу кезінде ғимараттар мен құрылымдар арасында тиісті арақашықтық сақталмай және жанып жатқан қоқысты бақылаусыз қалдыру себептерінен өрт оқиғалары орын алуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 23 маусымдағы №439 бұйрығымен бекітілген «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентінде: «От жағу, қалдықтар мен ыдыстар өртеу ғимараттар мен құрылымдардан 50 м кем болмайтын арақашықтықта іске асырылуы тиіс. Қалдықтар мен ыдыстарды осы мақсат үшін арнайы қашықтатылған жерде өртеу қызмет көрсетуші қызметкерлер құрамының бақылауымен жүргізілуі керек» делінген.
Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 қазандағы №1077 қаулысымен бекітілген Өрт қауіпсіздік қағидаларында:
Ауылдық елдi мекендердiң, саяжай кооперативтерiнiң, бау-бақша серiктестіктерiнiң аумағында:
1) өрт шыққан жағдайда адамдарға хабарлау үшiн дыбыстық сигналдар (сирена, қоңырау, қоңыраулы рельс бөлiктерi) арнайы бұйымдар орнатылуы және өрт сөндiру мақсатында су қоры құрылуы тиіс;
2) жазғы маусымда әрбiр тұрғын үй ғимаратының жанында жиынтық су қоры кемiнде 200 литр сыйымдылық немесе өрт сөндiргiш болуы тиіс;
3) жанғыш қалдықтардың үйiндiлерiн ұйымдастыруға жол берiлмейдi. Пайдаға асырылмайтын қалдықтар мен қоқыстарды тұрғын үй ғимараттары мен жатақханалардың, саяжай кооперативтерiнiң, бау-бақша серiктестiктерiнiң, гараждардың және ашық алаңдардың аумақтарында (қоқыс өткiзгiшпен жабдықталмаған) арнайы жабдықталған орындарында жабылатын қақпақтары бар металл сыйымдылықтар орнатылады. Сыйымдылықтар бетондалған немесе асфальтталған алаңдарда ғимараттар мен құрылыстардан кемiнде 25 метр қашықтықта орнатылады деп көрсетілген.
Осы жоғарыда көрсетілген талаптарды орындамау ҚР Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде көрсетілген жауаптылыққа әкеледі.
Сол себепті тазалық жұмыстарын жүргізу барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтап, тиісті шараларды атқаруларыңызды сұраймыз.
Өрт болған жағдайда «101» немесе «112» телефонына хабарласыңыздар!
Д.БАЙРАХМЕТОВ,
аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері,
азаматтық қорғау аға
лейтенанты