EXPORT-тағы бәсіміз қалай?
Экспорт – нарық өсуінің басты құралы. Өзге аймақтардағы бүгінгі заманға сай технологияларға қол жеткізудің оңтайлы жолы. Ал өнімді экспорттау – бәсекелестіктің үлкен бөлігі. Иә, «Қазақстанда жасалған». Бұл табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ел әлеуетін ілгерілетуге мүмкіндік беретін экспорттағы үлесіміз қалай?
Даулы бетке біліктісін, жаулы бетке білектісін, жарастыққа жақсысын жұмсаған Қорқыт елі өткен жылды толайым табыспен аяқтады. Биыл ауданның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі индикаторлары белгінеді. Статистикалық мәліметке сүйенсек, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 895 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101 процентін құрады. Негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 10,648 млн. теңгені құрап, екі есе нәтижеге қол жеткізді. Ал тамақ өнімдерін өндіру көлемі есепті кезеңде 7 есеге артқан. Тек ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі орындалмай отыр.
– Былтыр ауданның экспорттық әлеуетінде серпін жақсы болды. Шетелге ұсынылған басты өнім – Сыр маржаны. Оның ішінде сапасы жағынан сұранысқа ие «Тором Хошеми» сорты біздің өңірде егіледі. Негізі аудан ауылшаруашылық өніміне негізделген. Алайда өнімнің сыртқа экпортталуы әзірге бой көтермей тұр. Өңірдегі асыл тұқымды 6 бас түйе Біріккен Араб әмірлігіне экспортталды, – дейді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Жағыпар Төлегенов.
Сауд Арабия шөлді аймақ болған соң, шөлге төзімді түйенің мекеніне айналған. Алайда әлемдегі бай елдің біріне біздің түйелер несімен қызықтырды? Ауданнан экспортталған түйенің бұл түрі – бактриан деп аталады. Яки таза айыр өркешті түйе. Еті ірі, өте жүндес, шудалы болғандықтан суыққа төзімді, шөлейт, қуаң далалы өңірде өсіруге жақсы бейімделген.
Сондай-ақ, үстіміздегі жылы 43 тонна сиыр етін экспорттау жоспары бекітілген. Өзбекстан Республикасындағы компаниялармен ортақ жұмыс істелуде. Барлық стандартқа сай болуы үшін карантинге қан алу секілді тексеру жұмысы жүргізіледі. Егер барлық талапқа сай келсе ет өнімі көршілес елге экспортталмақ. Сонымен қатар, биыл Қармақшы ауылдық округінің «Сақтаған» шаруа қожалығынан 124 бас МІҚ осы Өзбекстанға сатылған. Алдағы уақытта да Иран және Өзбекстанға қой-қозыларды экспорттауға жұмыстар атқарылады. Тек бұл тамыз айында, қозыны енесінен айырғаннан кейін ғана іске асады екен.
Жалпы аймақтағы ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауда бәсіміз төмен емес. Өткен жылы облыс бойынша бірқатар өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, аймақтың ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу нарығына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде облыстың агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейін дамуының Агрокартасы әзірленді. Нәтижесінде, өткен жылдары 84,6 мың тонна күріш сырт елдерге экспортталған. Күріш экспорты 61 процентке, жалпы ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау 60 процентке артқан. Агрокарта аясында жылдам дамытуды қажет ететін салалар және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін 2020 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолы айқындалған.
Экспорттың көлемін арттыру арқылы әлемдік нарықта бәсекелестікке төтеп бере алатын тауар шығаруға қабілеттілік артады. Яки, отандық өндірістің көкжиегі кеңейеді. Тек талапқа сай өнім өндіріп, дұрысынан ұсына білсек болғаны. Ал қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты болуы – халықтың екі қолға бір күрек ұстауына байланысты. Кәсіпкерліктің дамуына күш салған аймақ бұл мәселелерді шешуге әлдеқашан кірісіп кеткен. Бұл орайда, мемлекет отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдай да жасады. Ал жаһандық нарыққа шығатын, бәсекеге қабілетті өнім шығару – барша шаруалар мен диқандар еңбегін шыңдай түсері айқын.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».