» » Теңге басымдыққа ие болды

Теңге басымдыққа ие болды

Қазақстандықтар келер жылдың жазынан бастап, банктердегі ұзын-сонар кезектерде уақытын жоғалтпай-ақ, алтын құймаларын қарапайым валюта айырбастау бекеттерінен сатып ала алады. Мәжілісте осыны қарастыратын жаңа заң жобасының тұсауы кесілді. Бұл құжат қаржылардың қарыз «терісін» жамылып, елден жасырын кетуіне тосқауыл қоймақ.
«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасының мәнін түсіндірген Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков оның Қазақстан аумағында валюталық құн­дылықтар айналысының тәртібін реттейтін бабына тоқталды. «Жоба бойынша банктік емес айырбастау пункттеріне де Ұлттық банк шығаратын құймадағы тазартылған алтынды сату және сатып алу құқығы беріледі», – деді ол.
Жобада тағы бір маңызды жаңалық бар. Ол бойынша енді шетелдік ұйым-компаниялардың еліміздегі филиал­дарынан да қазақстандық компаниялармен тек теңгеде есеп айырысу талап етілетін болады. Әйтпесе ҰБ мәліметінше, қол­даныстағы валюталық заңнама бойынша шетелдік ұйымдардың филиалдары «бейрезиденттер» болып табылады және тиісінше Қазақстан резиденттерімен операцияларды жатжұрттық валютада жүзеге асыруға да құқығы бар.
Мәселен, 2016 жыл қорытындысында шетелдік ұйымдардың еліміздегі филиал­дары өздері істес болған отандық компаниялармен 2,5 миллиард доллар көлемінде шетел валютасында есеп айырысыпты. Осының барлығын алда тек теңгемен жасасу талап етілсе, ұлттық валютамызға деген сұраныс та қаншама миллиардтарға өсіп шыға келмек. Бірақ қаржылық реттеуші келешекте бұл қаражат көлемі әлдеқайда көбейеді деген сенімде.
«Қазақстан ДСҰ-ға кіргені мәлім. Бұл ретте өтпелі кезең аяқталған соң шетелдік ұйым-компаниялардың филиалдары мен өкілдіктерінің саны күрт ұлғаяды деп күтілуде. Бұл ел ішінде шетел валю­тасындағы төлемдердің ұлғаюына әкеледі. Демек, егер жағдай бұрынғыдай қала берсе, ол ұлттық мүдделерге сәйкес келмейді. Осыған байланысты, заң жобасында шетелдік ұйымдар филиал­дарының қазақстандық контрагенттермен есеп айырысуларын теңгеге ауыстыру ұсынылады. Өзгерістер мемлекетіміз атынан шетелдік ұйымдармен жасалған келісімдер арқылы бейрезидент мәрте­бесіне кепілдік берілген компанияларға қатысты болмайды. Бұл ретте осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған шарттарға қатысты жағдайлардың на­шарлауы көзделмейді», – деді О.Смоляков.
Ұлттық банк мұны «долларсыздан­дырудың», ұлттық валютаның өрісін кеңейтудің бір элементі ретінде қабыл­дайды. Сондықтан шетелдік бейрези­денттердің мәртебесін өзгертуге барып отырған көрінеді.
Құжат валюталық операциялар туралы ақпарат жинау рәсімдерін жеңілдете отырып, сонымен бірге валюталық опе­рацияларды статистикалық мони­торинг­пен барынша толық қамтуды көздейді. Сондай-ақ трансшекаралық сипаттағы валюталық операцияларды қамтуды кеңейту бөлігіндегі өзгерістер енбек.
– Заң жобасында елден ақшаны әкету белгілері бар валюталық операциялардың тізбесі белгіленген. Оларға «резиденттің Қазақстандағы шоттарға ақша аудару жолымен өтеуді көздемейтін қарызды бейрезидентке беруі», «бейрезиденттің Қазақстандағы шоттарға ақша аударуды көздемейтін қарызды резидентке беруі», «резиденттің үлестес емес бейрезидентке 720 күннен асатын мерзімге пайызсыз қарызды беруі» және «репатриациялау мерзімі 720 күннен асатын экспортқа немесе импортқа ақы төлеу бойынша операциялар» жатады, – деді Олег Смоляков.
Бұдан былай дәл осындай қаржылық операцияларды жасағысы келген жеке не заңды тұлғадан банк «осы ақпаратты тиісті бақылаушы органға беруге» рұқсат сұрайтын болады. Егер ол тұлға бұған қарсы болып, басын ала қашса, банк ондай операцияны жүргізуден бас тартуға тиіс.
Бұдан бөлек заң жобасында «банк құпиясы» бар валюталық операциялар бойынша ақпаратты да Мемлекеттік кірістер комитетіне беру құқығы көз­делген.
06 ақпан 2018 ж. 1 314 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031