ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ – ЕЛ ИГІЛІГІ
Ауданда әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, өндіріс көлемін арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы «Руханият орталығында» өткен баспасөз брифингінде салаға жауапты бөлім басшылары баяндап, осы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Ниматулланың мәліметінше, жыл басынан бері ауданның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Өнеркәсіп саласында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 142,4 пайыз өсімге қол жеткізілсе, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 149, ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 101,3 пайызға артқан. Өнеркәсіп саласында жыл басынан бері 5 млрд 889 млн теңгенің өнімі өндірілген. Бөлшек сауда көлемі де салыстырмалы түрде 100,8 пайызға өскен. Экономикалық өсімге серпін беретін маңызды бағыттың бірі – инвестиция. 2026 жылы инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған қаражат тұрғын үй секторларының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға, тұрғын үй сатып алуға, ауылдарды газдандыруға, автомобиль жолдарын жөндеуге, спорт алаңдары мен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамытуға бағытталуда. Аудан бюджетінің көлемі де айтарлықтай ұлғайған. Осы жылға бюджет бастапқыда 8 млрд 765,8 млн теңге көлемінде бекітілсе, жыл ішінде үш рет нақтылау жүргізіліп, нәтижесінде аудан бюджеті 14 млрд 981,4 млн теңгеге жеткізіліп отыр. Осылайша, бастапқы бюджет 6 млрд 215,6 млн теңгеге артты. Республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер толық көлемде, яғни 100 пайыз игерілген.
Экономикалық дамудың маңызды көрсеткішінің бірі – халықты жұмыспен қамту. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғабит Кенжеғұловтың айтуынша, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында жыл соңына дейін 2659 жұмыс орнын құру жоспарланған. 1 тамызға дейін 1626 жұмыс орны құрылып, жоспар шамамен 70 пайызға орындалған. Бос жұмыс орындары арқылы 687 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, субсидияланатын жұмыс орындары аясында 410 жұмыс орны құрылған. Кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан азаматтарға да қолдау көрсетілуде. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 306 жұмыссыз азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданған. Сонымен қатар Skills.enbek.kz платформасындағы онлайн курстарды 502 адам аяқтаған. Әлеуметтік қолдау шаралары да тұрақты жүргізілуде. Жыл басынан бері 89 отбасының 499 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұдан бөлек, тұрғын үй көмегі, мүгедектігі бар балаларды қолдау, туберкулезбен ауыратын азаматтарға және басқа да әлеуметтік осал санаттарға тиісті көмек көрсетілуде.
Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау бағытында жеке оңалту бағдарламасы аясында 245 азамат 787 арнайы көмекші құралмен қамтамасыз етілді. Белгіленген квота бойынша 8 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Ауданда кәсіпкерлікті дамытуға да айрықша мән берілуде. Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жандос Махамбетовтің сөзінше, бүгінде ауданда 2845 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 95,2 пайызы белсенді жұмыс істеп отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында өндірген өнім көлемі 9 млрд 537 млн теңгені құрады. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 59 жобаға несие берілген. Оның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 42 жоба, «Іскер» бағдарламасы арқылы 10 жоба, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 5 жоба және «Қорқыт елі» несие серіктестігі арқылы 2 жоба қаржыландырылған. Инвестиция тарту бағытында да нақты жобалар бар. Өңірлік Үйлестіру кеңесінің шешімімен аудан бойынша 4 инвестициялық жоба қолға алынған. Жобалар толық іске қосылған жағдайда 168 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жосалы кентінің шығыс бөлігінде «Джи Пауер Энерджи» ЖШС 100 МВт күн электр стансасы мен деректерді өңдеу орталығын салу жобасы жүзеге асуда. Жоба іске қосылған жағдайда 45 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар «Алтын Нью Энерджи» ЖШС мен «Ориентал Энерджи Казахстан» ЖШС-нің 50 МВт күн электр стансаларын салу жобалары іске асырылуда. Жобалар іске қосылған кезде 50-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Жалпы алғанда, ауданда экономиканың негізгі бағыттары бойынша оң көрсеткіштер қалыптасып отыр. Өнеркәсіп өндірісінің артуы, кәсіпкерлік субъектілерінің белсенділігі, инвестициялық жобалардың іске асуы, жаңа жұмыс орындарының құрылуы және әлеуметтік қолдау шаралары – аудан экономикасының тұрақты дамуына негіз болатын динамика. Алдағы міндет – қол жеткен нәтижелермен қатар жаңа өндіріс, кәсіпкерлік жобаларды көбейту, инвестиция көлемін арттыру, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан экономикасының әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Б.МАДИЯР

















