» » Қазақстан жаңғыруының басты бағыты

Қазақстан жаңғыруының басты бағыты



Мемлекет инновацияны дамытудың ұйымдастырушысы болу тиіс. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенатта өткен парламенттік тыңдауда мәлім етті. Іс-шара «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысына арналды.
Парламенттік тыңдауды ашқан па­лата­ның экономикалық саясат, инно­вациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы А.Бейсенбаев Қазақстанның «цифрлы экономикаға» көшуін Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жедел іске асыру үшін «ойластырылған, есептелген және прагматикалық» кешенді шара­лар ретінде қарау қажеттігін айтты.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масы – цифрлы технологияны белсенді түрде ен­гізуге, сондай-ақ халықтың өмірін жақсарту мен азаматтық қо­ғамды қалыптастыруға арналған маңыз­ды бағдар.
Сенат төрағасы Қ.Тоқаев өз кіріспе сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың цифрландыруды кеңі­нен қолданысқа енгізуді елімізді жаң­ғыртудың басты бағыты ретінде ай­қындап бергенін еске салды. Спикер бұл туралы Елбасының «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінің кешегі кеңейтілген отырысында тағы да баса айтқанын атап өтті.
Халықаралық сарапшылардың баға­лауын­ша, 2025 жылға қарай цифрландыру арқылы жалпы ішкі өнімнің 19 пайыздан 34 пайызға дейін өсуі күтілуде. Болжам бойынша 2020 жылға қарай цифрландыру әлем эко­номикасының төрттен бірін құрайтын бо­лады.
Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, цифрлы технологиялар – заман талабы. Олар қоғам өміріне әсерін молынан тигізуде. Соның нәти­жесінде денсаулық сақтау мен білім беру, қала тіршілігі, жалпы адамның күнделікті өмірі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болуда. Соған қарай коммуника­циялар мен ақпараттық жүйелерге және көр­сетілетін қызмет­терге жаңа талаптар қойы­луда.
Серпінді дамып келе жатқан алдың­ғы қатарлы мемлекеттер цифрлы эко­номиканы дамытуға белсенді түрде басымдық беруде. Бұл – жаһандық күн тәртібінің де аса маңызды бағыты.
Цифрлы экономиканы қалып­тас­тыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген елдерге тән ортақ сипат бар. Ол – инновация­ны енгізуге қолайлы жағдай туғызып, цифр­лы технология­лар мен инфрақұрылымға қомақты инвестиция салу.
Еліміздің одан ары өркендеуі цифр­ландыру қарқынын жеделдетумен, экономиканың барлық секторына цифрлы тетіктерді белсенді енгізумен тығыз байланысты.
–Цифрландыру – кәсіпорындар­дың, жалпы еліміз экономикасының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің басты шарты. Еліміздің одан әрі өркендеуі цифр­лан­дыру қарқынын жеделдетумен, эконо­миканың барлық секторына цифрлы тетіктерді бел­сенді енгізумен тығыз байла­нысты, – деді Сенат басшысы.
Қазақстанда цифрландыру өнер­кәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, көлік, бөлшек сауда салаларына ықпал етіп отырғаны анық байқалады. Бұл рет­те Сенат төрағасы соны­мен бірге, Қа­зақстанда цифрлы технология­ларды енгізу қарқыны әзірге әлемдік орта дең­­­гейге жете қоймағанына назар аударды.
«Өнеркәсіп өндірісіндегі авто­маттандыру мен жаңа технологияларды пайдаланудың белсенділігі әлі де төмен, электронды ком­мерция мен кәсіпкерлік бастаманың дамуы баяу. Интернетке қолжетімділік деңгейі жеткіліксіз, бұл әсіресе ауылдық жер­лер­де қатты байқалады. Қазіргі кезде дүниежүзіндегі технологиялық түр­ленудің жылдамдығы үдей түсуде. Сондықтан технологиялық процестің жаңалықтарын қабылдап, тез әрекет ету Қазақстан үшін маңызды болып саналады. Сөзден нақты іске көшетін кез келді. Өйткені іс жүзінде енгізілген цифрлы технологиядан Қазақстанның болашақ келбеті көрінетін болады» деді Қ.Тоқаев.
Оның байламынша, мемлекет осы бағыт­тағы жұмыстардың үйлесті­рушісі ретінде IT мем­лекеттің эко­жүйесін құруды, оған қа­тысушы­лардың бір-бірімен өзара іс-қи­мылын басқаруды өз қолына алып, иннова­цияларды да­мытудың ұйымдасты­рушысы болуға тиіс.
Жоғарғы палата жетекшісі цифр­лан­дыру­дың стратегиялық мақсатына қол жеткізу үшін барлық билік орган­дарын, бизнес, ғы­лыми-білім беру қоғамдастығы мен аза­маттарды жұ­мыла қимыл жасауға шақыр­ды. Инсти­туттық және инфрақұры­лымдық тұрғыдан қажетті әрі жеткілікті жағдай жа­сауға, жоғары технологиялық биз­несті ашып, дамытуға кедергілер мен шектеулерді жою үшін жауаптылықты Үкімет өз мойнына алуға тиіс.
Мемлекеттің бизнесті қалыптас­тырып, дамыту үшін қолайлы заңнама жасай отырып, преференциялар беру мен қолдау көрсету, тиісті салық режим­дерін ұсыну арқылы бизнесті цифрлы технологияларды енгізуге ынталандыратын тетіктер жүйесін құруы қа­жет екені аталып өтілді. Зият­керлік меншікті қорғау жөніндегі ұлттық заңнаманы цифрлы экономика тәуекелдеріне бейімдеп, сапалы зият­керлік меншік нарығын қалыптастыру талап етіледі.
Сенат төрағасы халықтың, ең алды­мен мемлекеттік қызметшілердің бойында «цифр­­лы менталитетті», цифрланған тың жағ­дайда тиімді жұмыс істей білу қабілетін қалып­тастыру мәселесіне тоқталды.
– Біз цифрлы сауаттылықты дамы­тып, мемлекеттік қызметтерді одан ары цифрлан­дыра отырып, халықты цифр­лы экономикаға жаппай тартуы­мыз керек. Біз отандық білім беру жүйесін экономиканың сұранысына лайық­тап жаңғыртуға, цифрлы дәуір талаптарына жауап беретін мамандар даяр­лауға, болашағы бар жаңа техно­ло­гияларға икемді кәсіби жүйе қа­лып­­­­­тас­тыруға тиіспіз, – деді Қ.Тоқаев.
Сенат төрағасы сөзінің соңында «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отыры­сында Мемлекет басшысы цифрландыру саласы бойынша алға қойған міндеттерді жан-жақты зерделеу және іске асыру шараларына назар аударды.
Қатысушылар алдында Премьер-ми­нистрдің орынбасары А.Жұмаға­лиев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев, Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Т.Тоқтабаев сөз сөйледі. Сондай-ақ орталық және жергілікті билік орган­да­рының басшыларына, телекоммуни­кациялық компаниялар өкілдері мен сарапшыларға да сөз берілді. Сенат депутаттары барлық өзекті мәселелерді талқылауға қатысты.
Парламенттік тыңдау барысында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан негізгі жобалар мен отандық ІТ ком­паниялардың жаңа­лықтары қойылған көрме ұйым­дастырылды.
03 маусым 2018 ж. 1 290 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031