Қазақстан мен Қытай арасында биыл 6 жоба іске асады
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы артып келеді. Өткен жылы көршімізге экспортталған тауар көлемі 36,6 пайызға өсіп, 5,77 миллард долларға жетті. Екіжақты тауар айналымы 11 миллиард АҚШ долларына жуықтады. Бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай 40 миллардқа жеткізу көзделіп отыр. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қытайдың даму және реформа жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Хэ Лифэнмен кездесуінде осылай деді. Бүгінде Қазақстан – посткеңістікте Қытайдың Ресейден кейінгі екінші экономикалық серіктесі. Мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі достық әріптестігінің нәтижесінде өзара қарым-қатынас жылдан жылға нығайып келеді. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазір қазақ елі іргедегі көршісіне 20 түрлі тауар шығарады. Келешекте оның санын көбейтіп, Қытайдың алып нарығына дайын өнімдер саудалауға ниеттіміз. Бірлескен инвестициялық жобалар да біртіндеп жүзеге асырылып жатыр. «Биыл жалпы құны 2 миллиард АҚШ долларына жуықтайтын 6 жоба іске қосылады», – дейді министр. Ал даму және реформа жөніндегі мемлекеттік комитет Төрағасы Хэ Лифэнмен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 5 жылдығында Қазақстан мен Қытай өзара тиімді әрі табысты әріптестікке қол жеткізгенін атап өтті. Қарым-қатынасты бекембей түсетін бірсыпыра құжатқа келесі аптада болатын Елбасының мемлекеттік сапары кезінде қол қойылмақ. Хэ Лифэн, Қытай даму және реформа жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы: – Назарбаев Университетінде Төраға Си Цзиньпиннің Ұлы Жібек жолын жаңғырту туралы айтқанына да міне бес жыл толды. Осы уақыт аралығында екі елдің ынтымақтастығы барлық салада экономика, логистика, инфрақұрылым және мәдени жағынан тереңдей түсті. Біздің халқымыздың Қазақстан туралы түсінігі артты.
Пікір 1