Мораторий кезеңі: шағын бизнес шыңға шықты ма?
Биылғы жылдан бастап бизнесті тексеруде жарияланған мораторий мерзімі аяқталды. Демек, бұдан былай бизнес басқа режимде жұмыс істейді деген сөз. Осы төрт жыл мерзімінде бизнес өзін қалай сезінді, кәсіпкерге жайлы болды ма?
Мораторий кезеңі 2019 үш жылға шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді және профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий жарияланған болатын. Өткен жылы Президент пәрменімен тағы бір жылға ұзартылды. Билік мораторий аяқталғанымен, бизнесті тексеру тыйым салынғанға дейінгімен салыстырғанда аз болады деп сендіреді.
Рас, мемлекет кәсіпкерлік белсенділікті шектейтін кедергілерді жоюға күш салып келеді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасары даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бизнесті негізсіз және шектен тыс бақылауға, қылмыстық қудалауға жол беруге болмайды.
Мораторий кезеңінде тексеру ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылады деп көрсетілген. Мысалы, халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, заңдылыққа және қоғамдық тәртіпке қатер төндіруі мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алумен байланысты жағдайда немесе конституциялық құрылысқа және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін ахуал туындаса тексеру жүргізілетіні айтылған. Сонымен қатар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығы мақсатында өнімнің қауіпсіздігіне сараптама жүргізу үшін тексеру мүмкін болды.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «24KZ» телеарнасына берген сұхбатында 2024 жылы бизнесті тексеруге мораторий алынып тасталғаннан кейін қазақстандық кәсіпкерлерді не күтіп тұрғаны туралы айтты. Үкімет басшысы шағын және орта бизнес кез келген елдің экономикасы мен тұрақтылығының негізі екенін атап өтті. Сондықтан мемлекет қолайлы бизнес-ортаны құруға үлкен мән беріп отыр. «Біз бизнес қауымдастықпен бірлесіп, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін шектен тыс талаптарды анықтау бойынша үлкен жұмыс атқардық. Нәтижесінде 10 мыңнан астам негізсіз талапты анықтадық. Бүгінде оның 9 мыңының күші жойылды» деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі ЖІӨ-нің 36,5 пайызына дейін өскен. Былтырдың өзінде мұнда жұмыспен қамтылғандар саны 500 мыңға артып 4,3 млн адамға жетті. Өсу қарқыны шамамен 14 пайызды құрады.
Жалпы салық заңнамасында тәуекелдерді басқару жүйесі бар. Бұл салық төлеушілер критерийлер бойынша таңдалатын жүйе. Олар жоғары, орташа және төмен тәуекелге бөлінеді. Салық міндеттемелерін адал орындайтын кәсіпкерлер тәуекелі төмен санатқа жатқызылады және салық органдарының да оларға қатысты сұрақтары жоқ. Тәуекелдің орташа деңгейі – бұзушылықтарды жою туралы хабарлама алатындар, ал бұзушылықтар жойылған кезде олар да төмен тәуекелге ауысады. Тәуекелдің жоғары дәрежесі немесе қызыл аймақ – мұндай кәсіпкерлер әдетте салық органдары тарапынан тексеруге жатады. Олар салықты уақытында төлемейді, сенімсіз кәсіпкерлер, сондықтан тәуекел аймағында тұрады. Қысқаша айтқанда, заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысым азаяды.
Үкімет мораторийдің аяқталуына байланысты бизнесті жаппай тексеру басталып кетеді деуге еш негіз жоқ екенін айтып отыр. Биыл 1 қаңтардан бастап мемлекеттік бақылау және қадағалау салаларындағы тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Бұл тәсіл мамандардың тікелей қатысуынсыз тексеруге тапсырыс беруге мүмкіндік береді. Құқық қорғау органдарының назары тек проблемалық субъектілерге аударылады. Нәтижесінде кәсіпкерлікті жоспарлы тексерулер 2 есеге қысқармақ. Сол себепті адал кәсіпкерлердің алаңдауына еш негіз жоқ.
4 жылға созылған заң жобасы кәсіпкерлердің жүктемесін азайтуға сеп болып, артық шығындарды жою мақсатында енгізілген еді. Мораторий кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етті. Осы мораторий шеңберінде жеке кәсіпкерлер бірнеше жыл бойы өз кәсібін кедергісіз жүргізді. Одан бөлек мораторий кезінде кәсіп иелері қағазбастылықтан арылып, цифрландыруға басымдық берілген екен.
Иә, биылдан бастап тексерістер қайта жанданады. Алайда кәсіпкерлерді бірден жаппай тексеру болмайды. Осы жылы мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін автоматтандыру жүзеге асырылып, соның нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру екі есеге азаймақ. Ал құқық қорғау органдарының назары тек проблемалы субъектілерге аударылатын болады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ