» » Қор біріксе, берекелі бола ма?

Қор біріксе, берекелі бола ма?

Елбасы жақында БАҚ өкілдерімен құрған сұхбатында еліміздегі Ұлттық қор мен Зейнетақы қорын біріктіру туралы ұсыныс айтты. «Мәселен, Норвегияның жақсы тәжірибесі бар – олар зейнетақы және ұлттық қорын біріктірді. Бір қор пайда болды, адамдар, бәрі үшін нық әрі сенімді қорға айналды. Бізде осы жолды таңдармыз. Бұл қаржыны Үкімет бақылауынсыз қалдыруға болмайды. Қалай болғанда да мемлекет зейнеткерлер алдында зейнетақы үшін жауапты», – деді Қазақстан Президенті. Дегенмен сарапшылар бұл мәселеде ашықтық талап етілетінін алға тартып отыр.
Бұған дейін…
Зейнетақы қорларын жеке сектордан бірыңғай жинақтаушы жүйеге біріктіру туралы бастаманы да Мемлекет басшысы көтерген еді. Оның нәтижесін қазіргі жас буын зейнеткер атанғанда көретін болады. Әзірге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының көрсеткіштері көңіл­ге демеу. Мысалы, қордағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 2017 жылдың 1 желтоқсанында 7,67 трлн теңгеге жеткен, яғни 2016 жыл­мен салыстырғанда зейнетақы актив­терінің өсімі – 14 пайыз. Қор қаражатын инвестициялаудан түскен табыс 2017 жылдың қаңтар-қараша аралығында зейнетақы жинағының 7,15 пайызын құраса, инфляция 6,3 пайыз болды. Де­мек, қаражат бос жатқан жоқ, тым құ­рығанда инфляция деңгейінен жоғары табыс әкелді. Әлемнің көптеген елі зей­нетақы активтерінің толағай табыс бере­ріне кепіл болмайды. Дамыған мемле­кеттердің кейбірі салымшыларға инфляциямен салыстырғанда 0 пайыз­дық инвестициялық табысты ғана уәде еткен. Сондықтан байбалам салып немесе бас сауғалап кетуге артық себеп жоқ. Дегенмен Мемлекет басшысының зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы тапсырмасынан кейін Ұлттық банк Үкіметке өз ұсынысын жолдап, болашақ­та зейнетақы активтерін жеке инвес­тицияны басқарушы компанияларға беру туралы бастама көтерді. Мұны да қоғам болып талқылаған едік. Кейбір мамандар мұндай жүйеден, тек жеке компаниялар ғана жоғары комиссия қою арқылы қалтасын қампайтатынын, салымшылар одан зардап шекпесе, қамсыз қарттығына кепіл бола алмай­тынын айтқан. Өйткені бізде мемлекеттік құнды қағаздардан басқа инвестиция көзі жоқ. Қор нарығы болса енді ғана аяққа тұрып келеді. Десе де, қаржылық реттеуші біраз уақыт бұрын шетелдік инвестициялық банктердің біріне зейнетақы активтерін біраз бөлігін бас­қаруға беру туралы шешім шығарғанын хабарлады. Әліптің артын бақсақ, оның да нәтижесін көрер күн туар.
Осыған дейін Елбасы екі қордың қаражаты да мемлекет экономикасын көтеруге бағытталуы тиіс деген сыңайда пікірлер айтқан болатын. Мысалы, «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында «Зейнетақы жинақтарын бизнесті несиелеу үшін шығындауды доғару керек. Бұл қаржы тек ел бюджеті тапшылығын толықтыру үшін ғана пайдаланылатын болады. Бизнеске халықаралық қаржылық институттары беретін қаржы да жеткілікті», – деді Н.Назарбаев. Бұл – «зейнетақы қорының қаржысына Ұлттық қор қаржысы сияқты қарап, басқару қажет» деген сөз. Демек, Мемлекет басшысының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Ұлттық банк басшысына елдің ең негізгі екі қорын біріктіру мәселесін қарас­тыруды тапсыруы тосыннан туған ой емес екені анық.
Мамандар не дейді?
Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Т.Дүйсенова Үкі­мет отырысынан кейінгі кулуар­д­ың бірінде БАҚ өкілдеріне әлі нақты шешім қабылдан­ба­ға­нын жеткізген еді. «Бұл туралы Ел­басы тапсырма берген. Сол бойын­ша Ұлттық банктің бас­шы­ларымен жұмыс тобын құру бойын­ша келісіп жатырмыз.
Жа­л­пы, бұл – жақсы практикалар­дың бірі. Сондықтан сарапшылар­ды шақырып, ақылдасып, пікі­рі­міз­ді айтамыз» деді министр. Ұлт­тық банк басшысы Д.Ақышев Нор­вегиядағы жүйенің қалай жұ­мыс істейтіні әлі де зерделенетінін айтты. БЖЗҚ басқарма төрайы­мы­­ның орынбасары Сәуле Егеу­баева да журналистердің сауалына «Мәселе жинақталған қаржыны, зей­нетақы активтерін басқару
мо­­делі туралы болып отыр. Жуыр­­да Ұлт­тық банк түсініктеме берді. Олар бұл идеяны жан-жақ­ты зер­делеу қажеттігін жеткізді. Нор­ве­гиялық зейнетақы және сақ­тан­дыру жүйесінің өзіндік ерекшелігі бар. Осы бағыттағы зерттеу жұ­мыс­­тарына тек банк өкілдері ғана емес Қор мамандары да жұмыл­ды­рылады», – деп жауап берді.
Тәуелсіз сарапшылар «Егер екі қор біріксе, халықтың қарт­ты­ғы­ма демеу болар деп жиғаны жария түрде басқарыла ма?» деген мәселе туындайтынын алға тарту­да. Мысалы, экономист Мақсат Ха­лық еліміздің бұқаралық ақпа­рат құралдарының біріне осындай пікір білдірген.
– Мұны екі бағытта қарас­тыру­ға болады. Өйткені Ұлттық қор бастапқыда дағдарыс немесе бюджет тапшылығы туындаған кезде қаражатын мақсатты түрде пайдалануға жұмсаймыз деп құрылған. Зейнетақы қорының мүлдем басқа мақсатта құрылғаны түсінікті жағдай. Мемлекет ол қа­ражатты қаншалықты көбейте алады немесе тиімді пайдаланады де­ген ол – екінші мәселе. Себебі, 2016 жылы да зейнетақы қоры инф­ляциядан жоғары табыс алған жоқ, 2017 жылы да солай күтіліп отыр. Бұл – жиналған қаражатты инфляция «жеп қойып жатыр», толық ақталып жатқан жоқ деген сөз. Сондықтан егер екі қор бірі­ге­тін болса, онда оның ашықтығы қан­дай деңгейде болады деген мә­селе туындайды. Мұнда барлы­ғы халыққа толық айтылып, жет­кі­зіліп отыруы керек – дейді ол.
Сонымен бірге, мамандар та­ра­пынан екі қорды біріктіру ту­ралы ұсыныстың неден пайда бол­ғанына қатысты долбарлар да ай­тылып жатыр. Тәуелсіз сарап­шы, қаржыгер, Расул Рысмам­бе­тов­тің айтуынша, екі қордың ин­вестицияларындағы шығын осы­ған итермелеген болуы мүм­кін. «Негізі, екі қордың да қара­жа­тын қаржыгерлер басқару ке­рек болған. Бірақ мұнда саяси ше­ш­імдер көп әсер етеді. Проб­ле­­маның түп-тамырында теңгеріл­меген бюджет саясаты жатқан болуы мүмкін. Себебі, Ұлттық қор да, БЖЗҚ да мемлекеттік құн­ды қағаздар арқылы бюджет тап­шылығын қаржыландырады. Одан бөлек тиімділігі ешқашан талдана бермейтін бағдарламалар мен түрлі жобаларды қаржылан­дыру­ға жұмсалады. Ең үлкен бағ­дарламалардың бірін, мысалы, Ин­дустриялық-инновациялық да­му бағдарламасын алып қара­сақ, оның бірде бір жобасы актив­тер­дің қайтарылуы туралы мәлі­мет­терді жариялаған жоқ. Яғни, жоба инвестицияны қалай қай­тара алды? Бұл –біріншіден, мем­лекет қаражат шығындары мен бюд­жеттік проблема. Өкінішке қа­рай, қазір Үкімет пен саясат­кер­­лер Ұлттық қор мен БЖЗҚ-ға «қо­­сымша әмиян» ретінде қарай­ды. Негізінде, бюджет тек жинақ­талған салыққа негізделуі керек. Қазір шығындарымыздың 50 пайы­зы ғана салықтан құралады. Осылайша, алдымызда «не біз екі қор­дың да қаражатын түбегейлі тауы­с­амыз, не болмаса бюджеттік шы­ғындарды азайтамыз» деген мә­селе туындайды. Яғни, көрпе­міз­ге қарап көсілу қажет» дейді ол.
Әлемде қалай?
Норвегияның Мемлекеттік ға­ламдық зейнетақы қоры 2006 жылы құрылған. Оның негізін 1990 жылы дүниеге келген Мем­ле­кеттік мұнай қоры құрайды. Қордың нарықтағы құны 2005 жылдан бері Норвегияның ІЖӨ-нен жоғары көрсеткішке ие. 2014 жылы әлемдегі активтері ең таза мемлекеттік қорлар арасында екін­ші орынды иемденгені тағы бар. Бұқаралық ақпарат құрал­дары ондағы халықтың қор жұ­мы­сына деген сенімі жоғары еке­­нін жазған. Қордың инвес­тициясын басқару Норвегияның инвестициялық банкінің енші­сінде.
Біз Норвегияның тәжірибесін зерттейміз деп тырмысып жат­қан­­да, солтүстіктегі көршіміз біз­ден бір қадам алға кетті. Deutsche Welle ақпараттық пор­талы Ресейдің Резервный фонд және Фонд национального благо­состояние (ФНБ) атты екі қоры 2008 жылы Тұрақтандырушы (Ста­билизационный фонд) қор­ды бөлу арқылы пайда болғанын жазды. Қазір оны қайта біріктіру туралы шешім шыққан. DW бұған Резервный фонд қаражатының таусыла бастағаны түрткі болып отыр деген долбар келтірген. Vestifinance порталының хабар­лауынша, ресей билігі ФНБ қара­жатын 2018 жылы соңғы рет бюд­жет тапшылығын толтыруға жұм­сауды жоспарлап отыр. Осы­лайша, келер жылдан бастап қор қар­жысы тек қана зейнетақы жи­нақ­тарына жұмсалуы мүмкін.
Көршіміздегі ахуал қалай өр­бісе де біздің мақсатымыз бөлек еке­ні анық. Ең бастысы, Мемле­кет басшысы әрбір азаматтың зейнетақы ала­ты­нына кепілдік берді. Қазіргі қа­былданып жатқан шешімдер мен айтылып жатқан ұсыныстар жақын арада зейне­тақы жүйесін шын мәнісінде, жаңғыртатындай көрінеді. «Ке­лісіп пішкен тон кел­те болмас» де­мекші, бұл мәсе­леде де халық пен нарықтың қа­лауы ескеріліп шешім қабылда­нады деген үміт­теміз.
Кәмила ДҮЙСЕН
08 қаңтар 2018 ж. 891 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031