» » Айнұрдың роботы – агроном

Айнұрдың роботы – агроном

Өткен жылдың 26 желтоқсанында «Нұр Отан» партиясы жас өнертапқыштар арасында өткізген NURINTECH – 2017 республикалық инновациялық жобалар байқауының қорытындысын жариялаған болатын. Бұл жоба 2016 жылы Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған. Ел жастарының ғылым-білімге және инновацияға деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің жобаларын енді бүгіннен бастап газетімізде таныстырып отырамыз.
Айта кету керек, биыл екін­ші рет ұйымдастырылған бай­қауға қатысуға 1000-нан астам өтініш келіп түскен. Ниет білдіру­шілер IT және әуеғарыш тех­но­логиясы, энергетика, энер­гия көзін сақтау, химиялық техно­логия, нанотехнология, агроин­новация, табиғи қорды тиімді пайдалану, ресурстарды сақ­тау, робототехника, 3D индус­трия және тағы басқа түрлі салалар бойынша өздерінің инно­вациялық жобаларын жолда­ды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед арнайы марапаттаған болатын.
Барлық жұмысты тыңғылықты зерттеу нәтижесінде ең үздік әрі сұранысқа ие, экономикалық жа­ғынан тиімді 25 жоба таңда­лып, «Қазақстанның ең үздік жас ғалымы», «Техностарт», «Жас­тардың инновациялық жобасы», «Перспектива», «Әлеуметтік маңызы бар инновация» деген 5 аталым бойынша 16 жеңімпаз анықталды. Солардың бірі – Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Айнұр Адайбаева. Ол «Перспектива» аталымы бойынша бірінші орынға ие болды. Жеңімпаздың жобасы жердің құнарсызданып, шөлге айналуымен күресуге арналған робот ойлап шығаруға негізделген. «Неліктен шөлге айналу мәселесін қарастыратын жоба?» дейтін болсақ, оны Айнұр былай деп түсіндірді: «Біріншіден, өзім тұратын Атырау қаласының жері нашар және мұндай жерде өсімдік дұрыс өспейді. Екіншіден, шөлге айналу – ХХІ ғасырдағы ғаламдық әрі өзекті мәселе болып отыр. Оны тиімді шешу қажет. Себебі, әлем жыл сайын 6-7 млн гектар пайдалануға болатын құнарлы жерден айырылады» дейді ол.
Айнұр Адайбаева 7-сыныптан бастап Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түскен. Сол күннен бастап ІТ-технологияға деген қызығушылығы оянған.
− Неліктен робототехникамен айналысқаныма келетін болсам, мектепте информатика пәнінің бірінші сабағында ерекше робот­тарды көріп таң қалдым. Олардың қалай жасалғандығы қатты қызықтырды. Бұл сұрағыма жауап алу үшін мектеп қабырғасында өткен робототехника үйірмесіне жазылдым. Сол жерде түрлі роботтар жасауды және бағдар­ламалауды үйрендім. Кейін үйірме жетекшісі 2014 жылы Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында өткен Робототехникадан І желілік чемпионатқа қатысуға кеңес берді. Бір рет жарысқа түсіп, бәсекеде өзімді сынап көргеннен кейін, алған бағытымнан таймай, осы жолмен одан ары дамуымды жалғастыруға бекіндім. Содан бері «Назарбаев зияткерлік мектебі» АҚ пен «Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника «КазРоботикс» федерациясы» РҚБ ұйымдастырып келген робототехникаға қатысты олим­пиадаларға, тренингтер мен жиындарға қатысып жүрдім, жүлделі орындар да алдым, – дейді Айнұр.
Соның нәтижесінде, ол жобалық жұмыстарға ден қойып, ендігі жобасын робототехникамен байланыстырып, шөлденуге қарсы робот ойлап шығарды.
Алғашқыда жобаны жасау кезінде Айнұр 12-сыныпта оқитын серіктесі Мақсат Қобдабаев екеуі жердің шөлге айналу себептері мен оның келешектегі зардабын және оны жою үшін қандай әрекеттер жасалып жатқанын зерттеген екен. Африка елдерінің дәстүрлі әдістерін байқап көріп, оны мектебіндегі биология және экология пәндері мұғалімдерінің көмегімен өзгертеміз деп шешкен.
− Шөлге қарсы күреске негізделген әдісіміз мынадай: робот алдымен белгілі бір терең­дікке дейін шұңқыр қазады, соған су құяды және шөлді аймақтарда өсетін сипаттамаға ие негізгі өсімдіктердің (мысалы, қарағаш, дала шиесі және т.б.) дақылын салады. Мұндай консистенция топырақты қопсытатын жәндік­тердің пайда болуына ықпал ете­ді. Осы кезде экожүйенің микро­климат принциптеріне көңіл бөлдім. Негізгі өсімдіктер осы аймақта өсіп шығуы үшін айна­ласын дәнді сидератты өсімдіктермен қамтамасыз ету керек. Себебі, солар Күннің жерді күйдіруіне жол бермейді, – дейді Айнұр Адайбаева.
Жаңа жобаның артықшы­лығы – робот толықтай авто­мат­­тандырылған. Яғни, адам­ға бар болғаны роботты қажет­ті материалдарымен, тыңайт­қыш­тарымен, дәнді-дақылдарымен жабдықтап, іске қосу ғана қажет. Қалған жұмыстың барлығын робот өзі атқарады. Ол үшін, яғни робот барлық тапсырмаларды орындауы үшін компьютердің көмегімен арнайы бағдарлама жазылған. Сол бағдарламаны роботқа енгізеді.
Роботтың прототипі LEGOMindstormsEV3 базасында жасалған. Жерден шұңқыр қазу үшін 3D принтерінен шыққан бұрғы пайдаланылады. Бұл ке­зекте, онымен Атыраудағы FabLab сандық зертханасы қам­тамасыз еткен екен. Сонымен қатар роботқа топырақ дым­қыл­дығы және жарық, ультрады­быстық сенсор сияқты датчиктер орнатылған.
2017 жылдың мамыр айында аталған робот сынаудан өтіп, дала шиесін отырғызған екен. Нәтижесінде, өсімдік 5 аптадан кейін-ақ шыға бастаған.
Айта кету керек, бұл жоба Робототехника бойынша Олим­пиададан 3-орын алған және SaraishyqUpgrade – 2017 жастар форумында «Экология» бағыты бойынша «Үздік жоба» аталымын жеңіп алған.
Нұрай РАХЫМ
08 қаңтар 2018 ж. 1 346 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031