» » Табысты таразылаған күн (фоторепортаж)

Табысты таразылаған күн (фоторепортаж)

Күз айы – ел етек-жеңін жинап, дала жұмыстары демін басып, табысты таразылайтын уақыт. Көктемнен бастау алған ауқымды жұмыстың жемісін көретін шақ. Ала жаздай еңбек етіп, бүгінгі таңда қырманды қызыл астыққа толтырған дала еңбеккерлерінің сый-құрмет пен алғысқа бөленетін ай. Қызылорда қаласында «Алтын дән – 2019» мерекесі аясында Қармақшы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жоғары деңгейде өтті.
Сенбінің таңында Мерей мөлтек ауданындағы Журба көшесінің бойы саптай тізілген жүк көліктермен толықты. Диқан қауым бақша өнімдері мен жеміс-жидек, күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімін нарық бағамынан 15-20% төмен бағада тұрғындарға пұлдады. Таңғы сағат сегіз жарымда басталған жәрмеңкеге қала тұрғындары ерте келіп, сауданы қыздырды.
«Алтын дән – 2019» облыстық сабантой жәрмеңкесіне аудан шаруашылықтары 46 көлікпен барлығы 103 тонна ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізді. Саудада халықтың көп тұтынатын өнімі картоп, жуа, қызанақ, капуста, асқабақ және қауын қарбыз мол болды. Бағасы да қол жетімді. Картоптың келісі 80 теңге болса, жуа 60 теңгеден сатылды. Қаз-қатар орналасқан сауда қатарында Ақжар, Ақтөбе және Дүр Оңғар ауылының сыр маржаны, Тұрмағамбеттің «Ақтайлақ» сүт зауытынан
шыққан өнімдері, Қуаңдарияның балықтары, Қармақшы ауылының ет өнімдері, Иіркөл мен Төребай бидің көкөністері және бақша дақылдары бар.
Өз кезегінде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов пен аудан әкімі Мұса Қалдарбеков, ел ағалары бастаған топ жәрмеңкенің алғашқы қадамын бақша өнімін аралаудан бастады. Аралау барысында әр ауылдан жеткізілген өнімдер таныстырылды. Облыс әкімін Төребай би ауылындағы «Қолғанат» жеке кәсіпкердің қолынан шыққан күздік жабылған түрлі көкөніс тосабы, қызанақ пен қияр тұздығы қызықтырды. Сондай-ақ Тұрмағанбет серіктестігіндегі «Ақтайлақ» сүт зауытынан шыққан өнімдерге оң бағасын берді.
Жақында ғана іске қосылған Тұрмағанбет ЖШС соның ішінде «Ақтайлақ» шағын сүт зауыты, сүттен шыққан өнімдерін қала тұрғындарына ұсынды. Ауылдың ағарғанын сағынған жұрт өнімнің барлық түрінен
сауда жүргізді.
– Бүгінде зауыттағы сүттен өнім шығарудың негізгі көлемділігі 1 тоннаға дейін жеткілікті. Зауыттан шығатын негізгі өнімдер айран, қаймақ, балмұздақ, сүзбе және тандем. Біз осы өнімдерді шығара отырып ішкі нарыққа кіруге тырысып жатырмыз. Баға арзан. Халықтың сұранысы жақсы, әкелінген өнімдердің барлығы өтіп кетті. Қазіргі таңда «Ақтайлақ» сүт өңдеу зауыты көрші ауылдарды өз өнімдерімен қамтып отыр, – дейді Бауыржан Илиясов
«Қыстың қамын жазда ойла» демекші қала халқы қолда бар қаржысына қажетті өнімін қаптап алуды. Олар бүгінгі базар бағасына дән риза. Әсіресе Жадыра есімді тұрғын азанғы сағат сегіз жарымнан бастап жәрмеңкенің саудасын қыздыруда.
– Базар бағасы әлде қайда арзан. Барлығын аралап көріп шықтым. Қуаңдария ауылының балықтары жақсы екен. Қазір жуа, картоп, күріш, балық сатып алып
барамын. Бір риза болғаным күріш бағасы базар бағасынан әлде қайда арзан. Біз қала тұрғындары жылда жәрмеңкені асыға күтеміз. Халықтың игілігі үшін жасалып жатқан дүние ғой. Ауыл еңбеккерлеріне үлкен рақметімді айтамын, – деді ол.
Рас. Күріш бағасының қол жетімді болғаны соншалық кей ауылдардың қаптап әкелгені демде өтіп кетіп жатты. Соның бірі – Ақжар шаруа қожалығының күріші.
– Азанғы сағат сегізден онға дейін алпыс қап өтіп кетті. Күріштің келісі 250-денболса, ал қабы 6250 теңгеден сатылды. Көлігіміз босап қалды. Халықтың сұранысы жақсы, – дейді шаруашылық қызметкері Олжас Сүлейменов.
Жәрмеңкеден бөлек Қармақшы ауданы және ауыл өнерпаздары қала тұрғындарына мерекелік концертін ұсынды. Сахнада төрінен әннен шашу шашылып, ауыл саңлақтары домбырамен жыр төкті.
Биыл аудан бойынша 23690 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы егіліп күтімге алынды. Тарқатып айтқанда, дәнді дақылдар – 14633 гектар, майлы дақылдар – 347, жаздық бидай – 595, арпа – 125, соя – 40, мал азығындық дақылдары – 6831, картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 1187 гектар жерге егілсе, өңірдің басты брендіне айналған Сыр маржандары лидер – 11899 гектар, янтар – 2734 гектар жерге себілді. Бүгінде ауданның ауыл шаруашылық дақылдарын жинау жұмысы толығымен аяқталып, аудан диқандары 91,7мың тонна күріш салысын қамбаға жинады. Егілген күріштің әр гектарынан 62,7 центнер өнім алынып жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Негізгі күріш дақылы 14633 гектар жерге орналастырылып, шығымы бойынша 76,9% жақсы, 20,9% орта, 2,2% қанағаттанарлық болып бағаланды. Былтырғы жылмен салыстырғанда күріш өнімін өндіру 113,2 артық орындалды.
Сондай-ақ биыл Дүр Оңғар, Тұрмағамбет ауылдарында алғаш рет Алматы қаласынан сояның ерте пісетін «Жансая» сортының 4 тоннаны құрайтын І репродукциялы тұқымы 40 гектар жерге тәжірибе ретінде егілді. Нәтижесінде соя дақылынан 90 тонна өнім жиналды. Орташа өнім 22,5 центнерге айналды.
Облыстық «Алтын дән – 2019» салтанатты іс-шарасы қорытындысы Н.Бекежанов атындағы драма театрында жалғасты. Онда облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов биылғы жылы дала төсінде табысты еңбек еткен бірқатар шауақожалық пен ауылшаруашылық саласы еңбеккерлерін марапаттап құттықтады. Оның ішінде аудан азаматтары да мінберге көтерілді. Атап айтсақ аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Сабытбек Жолмаханов «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, «Жаңажол» ЖШС механизаторы Төлеу Жабағиев І дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен, «Ақтөбе и К» ЖШС егіс сушысы Сексенбай Ақболатов ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгімен, «Достық Жер МК» ЖШС егіс бригадирі Кан Виктор «Ыбырай Жахаев» атындағы төсбелгісімен марапатталды. Озат номинация бойынша «Жаңажол» ЖШС егіс бригадирі Балтабай Сәметов «Озат бригадир», «Ақтөбе и К» ЖШС егіс сушысы Нұрбол Сахиев «Озат сушы», «Қармақшысушар» өндірістік учаскесінің басшысы Ерболат Бодыбаевтар «Озат гидротехник» номинациясын жеңіп алды. Шаруашылық арасында ІІІ орынды «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев алса, «Ораз ахун ЛТД» ЖШС бас агрономы Алихан Сарыбаев құрмет грамотасымен марапатталды.
Мерекелік шара соңы өнерпаздардың қойылымына ұласты. Егіс даласының жеңімпаздары облыс әкімімен бірге естелік суретке түсті.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
16 қазан 2019 ж. 1 171 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031