Әр балаға 55 мың доллар: Сингапур туу көрсеткішін көтермек
Сингапур үкіметі бала туу көрсеткішін арттыруға бағытталған ауқымды қолдау пакетін іске қосты. Оның аясында әр балаға 17 жасқа толғанға дейін шамамен 70 мың сингапур доллары (шамамен 55 мың АҚШ доллары) көлемінде тікелей қаржылай көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сонымен қатар балабақша мен бала күтіміне субсидиялар беріліп, ата-аналарға арналған демалыс мерзімі ұзартылады. Нәресте дүниеге келген кезде 7,9 мың доллар көлемінде бонус төленіп, мемлекеттік тұрғын үйді бөлу кезінде жеңілдіктер қарастырылған. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.
Өткен жылы Сингапурда туу коэффициенті рекордтық төмен көрсеткішке — 0,87-ге түсті. Ал халық санының тұрақты сақталуы үшін бұл көрсеткіш шамамен 2,1 болуы қажет.
Алайда сарапшылар бала туу көрсеткішін арттыру үшін тек қаржылай ынталандыру жеткіліксіз болуы мүмкін екенін айтады. Жастар жоғары бәсекелестікті, білім беру жүйесіндегі қысымды және еңбек мәдениетін негізгі кедергілердің бірі ретінде атап отыр.
Сауалнамаға қатысқандардың шамамен үштен бірі ұсынылған шаралардың ешқайсысы олардың бала сүюге деген дайындығын арттырмайтынын айтқан.















