Астана Ауғанстанға жәрдемдесу жолын таңдады
Соғыстың саябырсығаны бейбіт өмірдің басталғанын білдірмейді. Мұны бүгінде Ауғанстанның тағдыры анық аңғартады. Қырық жылдан аса уақытқа созылған қақтығыстан титықтаған ел енді кедейлікпен, табиғи апаттармен, гуманитарлық дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр. Бірі баспанасынан айырылса, енді бірі туған жерін тастап, бөтен елден пана іздеуге мәжбүр. Миллиондаған адамға күнделікті ас-ауқат пен ауызсуға қол жеткізудің өзі үлкен күреске айналған.
Бүгінде Ауғанстан әлем назарын қайтадан өзіне аударды. Жуырда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымы елдегі жағдайды әлемдегі ең ірі гуманитарлық дағдарыстың бірі деп бағалап, дабыл қақты. Ұйымның бағалауынша, халықтың шамамен 74 пайызы немесе 29 миллионға жуық адам ең қажетті тұрмыстық игілікке қол жеткізе алмай отыр. «Жұт жеті ағайынды» демекші, соғыстың ауыр салдарына климаттың өзгеруі, соның әсерінен болған ұзаққа созылған құрғақшылық пен қуаңшылық, бірінен кейін бірі қайталанған жойқын жер сілкінісі, экономиканың әлсіреуі мен халықтың жаппай қоныс аударуы қосылып, онсыз да еңсесі түскен елдің әлеуметтік ахуалы бұрын-соңды болмаған мүшкіл деңгейге құлдырап кетті.
Десек те Ауғанстандағы бүгінгі жағдайды бір ғана мемлекеттің ішкі мәселесі дегеніміз адамдығымызға сын болар. Бұл – халықаралық қауымдастықтың төзімі мен жауапкершілігін таразыға тартып отырған гуманитарлық сынақ. Өйткені өңірлік тұрақсыздықтың салдары шекара талғамайды. Босқындық деңгейіндегі көші-қон үдерістері күшейеді, әлеуметтік теңсіздік тереңдейді. Беті аулақ, бірақ осы кері кеткеннен енді еңсе тіктемесе, ауған ахуалының арты ауыр ашаршылыққа айналуы да бек мүмкін. Бұл – Ауғанстан тақырыбын қаузап жүрген қалың әлеуметтанушылардың статистикаға сүйенген болжамы. Сондықтан БҰҰ мен халықаралық ұйымдар гуманитарлық көмекті күшейтіп қана қоймай, ауған халқының қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік беретін ұзақмерзімді шешімдерді іздеуге бас қатырып, соған басымдық бере бастады.
Жуырда БҰҰ жаңалықтар қызметі осы ұйымның Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) дайындаған Ауғанстанға арналған жаңа әлеуметтік-экономикалық шолуын жариялады. Ондағы ахуалға көз жеткізу үшін БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Бархам Салих пен БҰҰ ДБ басшысы Александер де Кроо Ауғанстанға іссапармен барып, бастарын шайқап қайтыпты.
Тек соңғы жылдың өзінде жойқын жер сілкінісі көптеген тұрғын үйді қиратып, мыңдаған адамды тұрақты тұрмысынан, күнкөріс көзінен айырған. Ол аз десеңіз, шілденің 20-сынан бері Нуристан провинциясында толассыз жауған нөсер жаңбырдың арты алапат тасқынға айналып, бұл апаттан кем дегенде 20 адамның өмірі қиылды, 100-ден астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Сонымен қатар кедейлік те ел халқының басым бөлігі үшін әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Жергілікті жұрт әупірімдеп болсын табиғи апаттардың салдарымен күресіп, алдын алумен де айналыса бастаған. Алайда мұндай амал-шаралар табиғи апаттардың қаупін азайтуға, ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғап, табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік беретін шығар, бірақ елді қатарға қосады дей алмаймыз. Мұны БҰҰ өкілдері де айтып отыр.
«Шұғыл гуманитарлық көмек тек адам өмірін сақтайды. Ал оларға өз өмірін қайта қалпына келтіруге көмектесу үшін елдің дамуы бағытында қолдауымыз керек», дейді Александер де Кроо.
Ауғанстанды қолдау мәселесінде Қазақстанның да қосып отырған үлесін айтпай кетуге болмас. 2025 жылы Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы құрылған-ды. Біздің елдің бастамасымен іргесі қаланған бұл құрылым Ауғанстанды өңірлік экономикалық және гуманитарлық үдерістерге кеңірек тартуға, елдің тұрақты қалпына келуіне халықаралық қолдауды үйлестіруге бағытталған. Сондай-ақ орталық БҰҰ агенттіктерінің, халықаралық қаржы институттарының және өңір мемлекеттерінің күш-жігерін біріктіріп, Ауғанстандағы білім, инфрақұрылым, су ресурстарын басқару, климатқа бейімделу, жұмыспен қамту салаларындағы жобаларды үйлестіруге ықпал етпек.
Президенттің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Еркін Тұқымовтың былтыр Еуропадағы беделді саяси әрі ақпараттық сараптамалық «Euractiv» басылымында ағылшын тілінде «Engage or Ignore? Kazakhstan’s Afghan Strategy» тақырыбымен сараптамалық мақаласы шықты. Тақырыбын тәржімелесек, Ауғанстанмен өзара ықпалдасқан дұрыс па, әлде одан сырт айналып, тыныш отырғанымыз абзал ма деген ойға жетелейтін Қазақстанның Ауғанстанға қатысты стратегиясы шығады.
Е.Тұқымовтың айтуынша, еліміздің географиялық орналасуы, Ауғанстанмен тарихи байланыстары, өңірлік қауіпсіздікке қатысты ортақ мүддесі бізді ауған мәселесіндегі негізгі ойыншылардың біріне айналдырады.
«Қазақстанның ұстанымы әлемдік алпауыт державалардың, соның ішінде АҚШ-тың да ұзақ жыл бойы шеше алмаған дағдарысына қатысты өзіндік көзқарасымен ерекшеленеді. Құрамында Орталық Азиядан шыққан азаматтар да бар кейбір террористік ұйымдардың сақталып отырғаны аймақ қауіпсіздігіне әлі де елеулі қатер төндіріп тұр. Осындай жағдайда Қазақстанның алдында екі таңдау тұрды: бүгінгі шынайы ахуалды мойындап, Ауғанстанда тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға жәрдемдесу немесе шекара маңында жаңа тұрақсыздық ошағының пайда болу қаупіне жол беру. Қазақстан осының алғашқы жолын таңдады. Бұл – ұлттық мүддені қорғау мен өңірлік тұрақтылықты сақтауды қатар ұстанған прагматикалық саясат», дейді Е.Тұқымов.
Дегенмен ол Қазақстанның Ауғанстанды қолдау ісі тек саяси ұстаныммен ғана шектелмейтінін алға тартады. Айтуынша, еліміз бұл мемлекетке гуманитарлық көмек көрсетуді де тұрақты түрде жалғастырып келеді. Өткен жылдың сәуір айының өзінде Ауғанстанға 2000 тоннадан астам азық-түлік жөнелтілген. Одан кейін ұшақ арқылы дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтар жеткізілді. Сондай-ақ Қазақстан жыл сайын ауған жастарына еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуына 30 білім грантын бөліп келеді.
Ал Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаев Ауғанстанмен көршілес Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің барлығы осы елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына мүдделі болуы кездейсоқ емес екенін жеткізді.
«Бұл мүдделер терроризм, есірткі трафигі мен заңсыз миграция сияқты ортақ қауіп-қатерлер Ауғанстан мен оған шекаралас елдер үшін аса өзекті мәселе болғандықтан ғана емес, сонымен қатар Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы көлік-логистикалық және сауда-экономикалық дәлізді қалыптастыру қажеттілігімен де байланысты. Мұндай стратегиялық мақсаттарға тек Ауғанстанмен тату көршілік пен өңірлік жақындасу саясатын дәйекті түрде жүзеге асыру арқылы қол жеткізуге болады. Бұл үдерістен Қазақстан да тыс қалған жоқ. Кейінгі уақытта еліміз Ауғанстан экономикасын қалпына келтіру ісіне және өңірдегі маңызды сауда-экономикалық, транзиттік-көліктік жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді», дейді ҚСЗИ бас сарапшысы М.Асанбаев.
Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған сыртқы саяси бағдарға сәйкес еліміз Орталық Азиядағы өңірлік кооперацияны дамытуға, тепе-теңдік қағидаттарын ілгерілетуге, халықаралық қатынастардағы Біріккен Ұлттар Ұйымының үйлестіруші рөлін күшейтуге айрықша мән беріп келеді. Сондықтан да сырт көз сыншылар еліміздің Ауғанстан мәселесі бойынша өзара халықаралық диалогті дамытудағы, ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетудегі, білім бағдарламаларын жүзеге асырудағы әрі өңірлік экономикалық ықпалдастықты ілгерілетудегі үлесін жоғары бағалап отыр.
egemen.kz














