Алысты көрмейді: Әлемдегі әрбір үшінші баланың көру қабілетінде мәселе бары анықталды
Фото: Getty Images
Жаңа зерттеулерге сәйкес әлемде әрбір үшінші баланың алысты нашар көру дертіне шалдыққаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.Зерттеушілердің мәліметінше, бұл көрсеткіштің негізгі себептерінің бірі – коронавирус пандемиясы. Себебі пандемия кезінде балалар экран алдында тым көп уақыт өткізкен.
Британиялық офтальмология журналында жарияланған зерттеу авторлары 2050 жылға қарай сығырлық немесе миопия әлем бойынша миллиондаған балаға әсер ететінін ескертеді. Ең нашар көрсеткіштер Азияда: Жапонияда балалардың 85%-ы, Оңтүстік Кореяда 73%-ы, Қытайда 40%-дан астам бала миопиядан зардап шегеді.
Парагвай мен Угандада әлемдегі миопияның ең төмен деңгейі тіркелген, шамамен 1%. Ұлыбританияда, Ирландияда және АҚШ-та бұл көрсеткіш шамамен 15%-ға тең.
Зерттеу авторлары барлық алты континенттегі 50 елден бес миллионнан астам бала мен жасөспірімдерді зерттеген.
Олардың айтуынша, миопияның көрсеткіші 1990 жылдан 2023 жылға дейін 36%, үш есе өскен және бұл әсіресе пандемиядан кейін қатты байқала бастаған. Миопия әдетте бастауыш сыныпта басталады және көру қабілеті әдетте көздің өсуі тоқтағанша нашарлай береді (шамамен 20 жасқа дейін).
Миопияның пайда болуына әртүрлі фактор, соның ішінде географиялық жағдайлар да әсер етеді. Мәселен, бұл ауру Шығыс Азияда жиі кездеседі, Сингапур немесе Гонконг сияқты елдерде балалар мектепке ертерек барады, кітап пен экранға ертерек көңіл бөле бастайды. Бұл көз бұлшықеттерін ауыртып, сығырлыққа әкелуі мүмкін дейді зерттеушілер.
Мектепте оқу 6-8 жаста басталатын Африкада миопия Азияға қарағанда жеті есе аз кездеседі.
Зерттеу авторларының болжамынша, 2050 жылға қарай миопия бүкіл әлемдегі жасөспірімдердің жартысынан көбіне әсер етуі мүмкін.
Сығырлық ұлдарға қарағанда Қыздарға көбірек әсер етеді, өйткені олар есейген сайын далада аз уақыт өткізеді. Қыздардың өсуі мен дамуы, соның ішінде жыныстық жетілу де ертерек басталады, соның салдарынан миопия да ерте жаста пайда бола бастайды.
Миопия қаупін азайту үшін британиялық көз мамандары балаларға күн сайын, әсіресе жеті мен тоғыз жас аралығында кем дегенде екі сағатты сыртта өткізуге кеңес береді. Сондай-ақ ғалымдар ата-аналарға балаларының көздерін 7 жастан 10 жасқа дейін тексертіп отыруды ұсынады.
Көз мамандары миопияны емдеу мүмкін емес екенін, тек көзілдірік немесе контактілі линзалар арқылы түзету болатынын ескертеді.