» » Мәскеу теракті: қырғынның артында кім тұр?

Мәскеу теракті: қырғынның артында кім тұр?

22 наурыз күні Ресей Федерациясының түркітілдес халықтар мекен ететін аймақтарда Наурыз мерекесі тойланып жатқанда ел астанасы Мәскеуде жантүршігерлік террористік акт тіркелді. «Крокус Сити Холл» концерт залында болған оқиғаны сарапшылар Ресей тарихындағы ең қанқұйлы терактілердің бірі деп бағалап отыр.
«Норд-Осттан» да асып түсті
Соңғы рет солтүстік көршімізде осыған ұқсас ірі теракт 22 жыл бұрын, яғни 2002 жылдың 23-26 қазан күндері болған еді. Ол кезде «Норд-Ост» теа­трына баса-көктеп кірген қырық шақты қарулы қылмыскер 916 адамды кепілге алған болатын. Осы қанды оқиғаның зардабынан 135 адам қаза тауып, 700-дейі жарақат алды.
Ал «Крокус Сити Холлда» болған теракт қаза тапқандар саны және қан­құйлылығы жағынан «Норд-Осттан» да асып түсті. Бұл жолы террористер ешкімді кепілге де алмады, билікке талабын да қоймады, олар ғимаратқа кіргеннен-ақ алдынан кездескен адам­­дардың бәріне оқ жаудырды. Соңғы деректер бойынша 144 адам қаза тауып, 182 адам жарақат алған. Жүзге тарта адам қазір ауруханада жатыр, біразының жағдайы өте ауыр. Құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін.
23 наурызда оқиғаға орай пікір білдірген Ресей президенті Владимир Путин қылмыскерлердің әрекетін ашық­тан-ашық адам өлтіру қылмысын жасаған гитлерлік жендеттердің қаны­пезерлігімен теңеді. Халықаралық терроризммен күресте өзге де тілеулес елдермен күш біріктіруге дайын екенін жеткізген Ресей басшысы «Крокус Сити Холлдағы» қырғынның артында Украина тұрғанын емеурінмен білдірді. Өйткені қылмыскерлер сол елге қарай кетіп бара жатқан жолда шекараға жақын маңнан ұсталған. Оның айтуын­ша, шекарада Украина тарапынан террористер үшін арғы бетке өтетін «терезе» дайын тұрыпты. Бірақ ол бұл сөзіне нақты дәлел келтірген жоқ.
Осы күні Владимир Путинмен телефон арқылы тілдескен Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекет салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Қазақстан халқының атынан қайғыра көңіл айтып, бейбіт тұрғындарға қарсы зорлық-зомбылықты қатаң айыптайтынын және терроризмге қарсы күресте Ресеймен бірге екенін жеткізді.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәлі­метінше, «Крокус Сити Холлда» қаза тапқандар мен жарақат алғандар ара­сында еліміздің азаматтары жоқ. «Біз қазір оқиғаның егжей-тегжейін анық­тап жатырмыз. Мәскеудегі елшілік жергілікті билікпен және тиісті қызметтермен байланыста. Қаза тапқандар немесе жарақат алғандар арасында Қазақстан азаматтары туралы ақпарат түскен жоқ. Қосымша мәліметтер болса тағы да хабарлаймыз. Қазіргі таңда елшілікте 8 (925) 897-71-14 телефон нөмірі бойынша қауырт желі жұмыс істеп тұр», деді ол.
 
Оқиға қалай өрбіді?
Осы күні «Крокус Сити Холлда» «Пикник» рок-тобының концерті өтуге тиіс еді. Бір мезгілде 7 200 адамға дейін сыятын бұл ғимарат – Мәскеу мен оның төңірегіндегі ең үлкен концерт залдарының бірі. Оған билеттердің бәрі сатылып кеткен. Террористік шабуыл басталар алдында залға көрер­мен­дердің көп бөлігі келіп, орындарына жайғасып үлгерген.
Концерт сағат кешкі 20.00-де бас­талуға тиіс еді. Бірақ дәл осы кезде ғимарат алдына суыт келіп тоқтаған ақ түсті «Renault» автокөлігінен түскен қарулы төрт адам бас­ты кіреберіс есікке келіп, ең алдымен сол жердегі күзет­­шілерді атып өлтіреді. Қол­дарында ре­зеңке шоқ­пар мен электрошокерден басқа қаруы жоқ секьюри­тилер адам өлтіруге әзір­леніп келген қыл­мыс­кер­лерге ешқандай қарсылық көрсете алмаған.
Ғимаратқа еркін кіріп үлгергеннен кейін террористер кездес­кен­нің бәрін автоматты қарумен жайпай бас­таған. Бұл күні «Пикник» тобының концертінен бөлек осы жерде спорттық биден балалар арасында Ресей чемпионаты да өтіп жатқан еді. Яғни ғимарат ішінде жасөспірімдер де көп болатын.
«Крокус Сити Холда» атыс жүріп жатқаны туралы алғашқы мәлімет Telegram-каналдарда сағат 20.15-те жариялана бастаған. Ресей ақпарат көздерінің хабарлауынша, концертте Мемлекеттік думаның Татарстан атынан сайланған депутаты Айдар Метшин де отырған. Ол – қырғыннан аман қалған адам­дар­дың бірі. «Зал ішінде атыс жо­ғары жақтан бас­талды. Мен тө­менгі жақтағы партерде отырған едім. Аман қал­ғаным да соның арқасында. Үздіксіз тарсыл­датып атқан автомат дыбысы басталғанда зал­дың үстіңгі жа­ғын­дағы адам­дар төменге қа­рай жаппай қаша бастады. Біреулер орындықтың астына тығылып жатты. Мен мұның жай нәрсе емес, теракт екенін бірден түсіндім. Қасымдағы адамдармен бірге сахнаның арт жағындағы бөлмеге қашып кірдік. Мұнда «Пикник» тобының әншілері әдемі киімдерін киіп, музыкалық аспаптарын асынып, сахнаға шығуға да­йын отыр екен. Бәріміз қызметтік есік арқылы сыртқа қашып шықтық», дейді ол.
Террористер адамдарды атып қана қоймай, залдың ішіне тез жанғыш сұйықтықты төгіп, өрт қойған. Ақ­парат көздерінің хабарлауынша, құрбан болғандардың көбі де өрттен, улы газдан және концерт залының төбесі опырылып түсуінен өмірімен қош айтысыпты. Кейін «Крокус Сити Холлдың» әжетханаларынан оннан астам адамның мүрдесі табылды. Олар террористердің оғынан құтылғанымен, улы газдан құтылмай, жасырынып отырған жерінде көз жұмғаны белгілі болды.
Бұл оқиғаның түсініксіз тұсы – қылмыскерлер тек өлтіру және дүрбелең тудыру үшін келген. Ғимаратқа оп-оңай басып кіріп, 18 минуттың ішінде жүздеген адамды жайпап салып, залдың төбесін ортасына түсіріп, артынша келген көлік­те­рімен еш кедергісіз қашып кетуі көңілге көп күдік ұялатады.
 
Лаңкестер кімдер?
Келесі күні Федералды қауіпсіздік қызметі Брянск облысында террорис­тер мінген көлікті тоқтатып, «Крокус Сити Холлда» атыс салған төрт күдіктіні және осы терактіні ұйым­дас­тыруға қолғабыс еткен тағы жеті адамды қолға түсірді. Ресей ақ­парат көздерінің хабарлауынша, теракт жасады деп айыпталып оты­р­ған төрт адамның есімдері – Далерджон Мирзоев, Саидакрами Рачабализода, Шамсидин Фаридуни, Мухаммадсобир Файзов. Бәрі де 19 бен 32 жас аралығындағы Тәжікстаннан шыққан  аза­маттар. Қазіргі таңда олардың үстінен сот басталып кетті. Егер қыл­мыстары дәлелденсе, оларға өмір бойына бас бостандығынан айы­ру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Ақпарат көздерінен бұл лаңкестік әрекетті «Ислам мемлекеті» ұйымы (ИГИЛ Қазақстанда тыйым салынған) өз мойнына алғаны белгілі болды. Бірақ бұған сенушілер де, сенбеушілер де бар.
Осы орайда әлеуметтік желілерде бұл оқиға ұлтаралық қақ­тығысқа себеп болып, Ресей мен Тә­жікстан арасын нашарлатып жібермей ме деген күдік те айтылып жатыр. Бейресми деректерге қарағанда, бүгінде бұл елде бір миллионнан аса тәжік азаматы жұмыс істейді. Осыған орай Тәжікстан елшілігі өз азаматтарын қоғамдық көпшілік іс-шараларға қатыспауға, жұмыстан кейін мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес берді.
Терактіден кейін олардың бір­сыпырасы өз қауіпсіздігі үшін алаң­дап отандарына қайтуы ғажап емес. Сонымен бірге Тәжікстаннан Ресейге жұмыс іздеп баратындар қатары да бәсеңсуі мүмкін. Бірақ өз елдерінде бәріне бірдей екі қолға бір күрек табылмайтыны тағы рас.
Әзірге бұл қырғынға қатысты сұрақ көп, жауап мардымсыз. Терактінің артында кімдер тұр? Олардың көздеген мақсаты не? Алдағы уақытта тиісті қызметтер жауапсыз сан сұрақтың мән-жайын анықтап, аласапыранның ақиқатын айтар деп үміттенеміз. 
egemen.kz
27 наурыз 2024 ж. 235 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031