Туризмі тұрақты Түркия



Қош, сонымен Иозгатқа да жеттік. Ол Орталық Анадолы аймағында орналасқан провинция. Қала орманды, таулы болып келеді. Йозгат – Анадолыдағы ең көне елді мекендердің бірі болғандықтан, қаладағы Алишар қорғанынан 5000 жылдарға жататын ескерткіштер табылған.
Иозгатта біз тоқтаған алғашқы аялдама –Сарыкая Рим моншасы.Ол 2018 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне енген ерекше орын. Тарихшылардың, қазба жұмысын жүргізген археологтың айтуынша, мұндағы бассейнге түскен адам ауруынан құлан таза айыққан деседі. Себебі бассейн жерасты бұлағынан шығатын шипалы сумен толтырылған.

Бұл сапарда барған қалалар ішінде Кыршеһир қаласының орны бөлек. Бұл шаһардан әлемге бергілі астрономдар көп шыққан. Оған қаланың 4000 жылдық тарихы дәлел. Қала Ахи ұйымының негізін қалаушы Ахи Эвран және оның ізін басқан түрік Ислам ақындарынының, философтардың және сопылардың көп шығуымен танымал. Біз бұл қаладан Ахи Эвран мешітінен бастап, Жапон саябағы, Каман Калехоюк археологиялық музейі, Какабея астрономиялық медресесі, Нешет Ерташ мәдениет үйі, Мукур жерасты қаласын көріп таң-тамаша болдық. Осыншама тарихты қалай сақтап қалған деген ой келді бірден маған.
Ал соңғы аялдамамыз Невшехир қаласының тарихы біздің заманымыздың 7000 жылынан бастау алады. Мұнда әр дәуірде хеттер, фригиялықтар, ассириялықтар, парсылар, римдіктер, селжұқтар және османлылар өмір сүрген. Невшехир мен Каппадокия аймағы Рим империясы Ислам дінін мойындағанға дейінгі ұзақ уақыт бойыхристиандардың негізгі қонысы болған. Невшехирге әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді келуге ынтық қылатын бірден бір орын – Кападокия. Әуе шарларына мінгескен адамдардың бақыттан бал-бұл жайнаған жүзін бұған дейін де видеолардан көрген боларсыздар?! Бұл алып шарлармен ұшу үшін адамдар ұйқыдан ерте тұру керек. Себебі, шарлар күн шыққанға дейін ғана көкке көтеріледі. Бір күндік ұйқыңызды қисаңыз, соған татитын сұлулықтың куәсі болатыныңызға сенімдімін. Біз Невшеһирдегі қонақүйден түнгі 3:30 шамасында Кападокияға аттандық. 4.30-5:00 шамасында жеттік те, бірден әуе шарына он біріміз міндік те кеттік. Көкке көтерілген сәттегі сұлулықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 1 сағаттан аса уақыт бойы сол сұлулыққа көзді де тойдырдық, қалта телефонымыздың жадын да фото-видеомен тотырдық.
Невшеһирде бұдан бөлек Гёреме музейі, Учисар қамалы, Көгершін алқабы, Пашабағы аңғары, Каймақлы жерасты қаласы, Аванос, Гюрай қыш ыдыстар мұражайы сынды бірінен бірі өткен ерекше орындарды көргенде еріксіз аузымызды ашып, көзімізді жұмдық.
Ерекша айтуға тиіс дүние – түрік асханасының байлығы. Бес күн бойы бір тамақты екінші рет жемедік. Әр ас ішкен сайын дәмі тіл үйірер ұлттық тағамның түр-түрімен таныстық. Мейрамхана қожайынының өзі қасыңызға келіп, әлгі тағамның тарихын таныстырғанда, дәмін көргенше тағатың таусылатыны рас.
Ал Иозгат, Кыршеһир қалаларының мэрлері арнайы бізбен кездесіп, өз қаласынан не ұнап, не ұнамағанын, қаланы дамытуға қатысты ұсыныстарымызды арнайы жазып алғаны бұл саяхаттағы ең жылы сәт еді. “Дамимын деген мемлекеттің мемлекеттік қызметкерлері осылай жұмыс істейді екен ғой” дедім ішімнен.
Нұрболат Жаңаберген, Айбын Құсанбеков.