Украинада «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесері өтті
Киевте Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Шараға елде тіркелген дипломатиялық корпустың, қазақ диаспорасының, қоғамдық-саяси және іскер топтардың, Украина министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысты.
Украина мен Молдовадағы Қазақстан елшісі Самат Ордабаев кітапта қазақстандық дамудың тетіктері мен негізгі ұстанымдары жазылғанын атап өтті. Тұсаукесерде Украина сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары Владимир Хандогий мен Украина Ұлттық ғылыми академиясының вице-президенті, профессор Сергей Пирожков баяндама оқыды. «Бұл кітаптың Украина үшін де маңызы зор, себебі біз Қазақстанмен бір кезеңде тәуелсіз болдық және бұл елдің мемлекет болып қалыптасуда тәжірибесі зор» деді сарапшылар. Сонымен қатар Украинадағы Қазақстан елшілігі Елбасының Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасын украин тілінде таныстырды.
Владимир Хандогий, «Украина сыртқы саясатының ассоциациясы» қоғамдық ұйымының президенті:
- Бүгін шынымен де ерекше күн болды. Кітап туралы қысқаша айтып өтсем, оның жалпы мазмұнын оның атауынан білуге болады. Басты сөз «тәуелсіздік». Сөз жоқ, кітапта Украинаға үлгі боларлықтай мол тәжірибе мен түрлі ақпарат, нақыл сөздер қамтылған. Экономикалық тұрғыдан қысқа уақытта ең дамыған елу елдің қатарына ену үлкен жетістік, сондықтан біз Қазақстан тәжірибесін мұқият зерттеуміз керек.
Сергей Пирожков, Украина Ұлттық ғылыми академиясының вице-президенті:
- Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі Қазақстанның тәуелсіздік жылдардағы дамуын қорытындылаған кітап деп ойлаймын. Мұнда мемлекеттің қалыптасуы мен оның бастауы, дәстүрлер және ең бастысы болашаққа арналған жоспарлар жазылған. Сонымен қатар бұл Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген Қазақстанның стратегиялық мақсаттарын баяндайтын кітап. Менің ойымша, еңбек Украина үшін де өте маңызды, өйткені біз бір мезгілде тәуелсіз даму жолына шыққан елміз.