Қырғызстанда ескі көліктерге салық салынуы мүмкін

Ақпан айының басында ел парламенті «Қырғызстан - жасыл экономика мемлекеті» атты беделді қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Бұл стратегия аясында көптеген жұмыс атқарылмақ. Олардың қатарында қоршаған ортаны қорғау бойынша жаңа әдістерді енгізу де бар. Нәтижесінде елдегі автотұрақ жаңартылып, заманауи экологиялық қауіпсіз стандартқа жеткізілмек. Ескірген көліктерден иелері өз еріктерімен бас тартуы үшін Қырғызстан билігі салық төлеу жүйесін енгізуді көздеп отыр.
Арсен Рыспеков, ҚР қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттігі директорының орынбасары:
- Салық қалай төленеді? Ол қозғалтқыш көлеміне байланысты болмақ. Және оған көліктің шығарылған уақытын да қосамыз. Яғни ол неғұрлым ескі болса салық көлемі де артады. Жалпы басты мақсатымыз – көнерген темір тұлпардан ертерек құтылу.
Жаңа заң жобасының мақсаты қанша жерден оң болғанына қарамастан әсіресе көлік жүргізушілері тарапынан көптеген сауал туындап отыр. Статистика бойынша елдегі автокөліктердің тоқсан пайыздан астамы 10-15 жыл бұрын әкелінген. Оларда экологиялық қауіпсіздік нормасының болуы да екіталай. Демек, салықты барлық көлік иесі төлеуі мүмкін. Ал олар жаңа темір тұлпарды сатып алуы үшін тиімді жағдайлар жасалуы керек.
Айбек Баратов, жүргізушілер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
- Кез-келген тұрғын стандартқа сай жаңа көлік тақымдауы үшін пайызсыз несие немесе қарыз беру жүйесі жасалуы тиіс. Нәтижесінде олар гибридті немесе электромобиль сатып ала алады. Бірнеше жылда ақшасын да қайтарады.
Жасыл экономиканы енгізу стратегиясының тағы бір бағыты электромобильдерге деген сұранысты арттыру. Тіпті көліктің бұл түрін импорттық баж салығы мен бастапқы тіркеуден де босатуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет зиянды газдардың атмосфераға таралуын азайту үшін барлық мүмкіндікті қолданып жатыр. Десек те, салықтың мөлшері қандай болады және автокөлік иелерінің қалтасына ол қаншалықты салмақ салады, ол жағы әлі белгісіз. Тиісті заң жобасын қоршаған ортаны қорғау және орман шаруашылығы мемлекеттік агенттігі әзірлейді.