Саңлақ спортшылар
Қоғам үшін де, мемлекет үшін де спорт саласының маңызы ерекше. Еліміздегі спорт бүгінде биіктен көрініп келеді. Себебі спорт саңлақтарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Соған сәйкес Қазақстан туы халықаралық жарыста желбіреп, көкке көтерілуде. «Спорт күні» кәсіби мерекесі аясында аудан әкімдігінде спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген спортшылар марапатталды.
марапат төріндеЖиында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев аудан спортшыларының үлкен жетістіктерге жетіп жүргеніне тоқталып өтті. Биылдың өзінде ҚР біріншіліктері мен чемпионаттарында 19 алтын, 17 күміс, 19 қола медальды иеленді. Әлем Кубогында 1 қола, Әлем чемпионатынан 1 күміс медальды қанжығасына байлаған.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары сала үздіктеріне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Марапат иелерінің ішінде жақында ғана Өзбекстан мемлекеті Ташкент қаласында өткен таэквандодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған жерлесіміз Айша Әділбекқызына ерекше ризашылығын білдірді. Сонымен бірге кездесуде ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2019» аудандық спартакиадасының қорытындысы бойынша жеңімпаз бен жүлдегер командалары марапатталды. Атап айтар болсақ, І орынды Жаңажол ауылдық округінің командасы, ІІ орынды Қармақшы ауылдық округінің командасы, ІІІ орынды Ақтөбе ауылдық округінің командасы еншіледі. Аталған командаларға арнайы диплом мен кубок табысталды.
Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қайырбекұлы алдағы уақытта атқарылатын спорт саласындағы бірқатар жұмыстар жайына тоқталып, межеленген жоспарды орындау басты назарда екенін жеткізді.
Ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2019» облыстық спартакиадасына дайындық жұмысы пысықталды. Спартакиада спорттың 16 түрінен 1000-нан аса спортшыны қамтитын болады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ