БЕКЕМ БІРЛІК, ТАТЫМДЫ ТІРЛІК ТҰРМАҒАМБЕТКЕ ТӘН
Жұмыс деген жарықтықтан бет қайтқан ба? Істеген сайын жаның кіріп, тәжірибең толысады. Елді танисың, өзіңді танытасың. Қазақ атамыз: «Жүргенге – жөргем ілінеді» деген. Тамаша адамдармен тағдырлас болып, сыр бөлісесің. Арқаны кеңге салып, бір мезгіл елге барғанның әсері тіпті бөлек.
Журналистиканың қызығы да осында жатқандай. Соңғы кездері ауылға жиі ат басын бұрып, ауылдағы ағайынның жай-күйімен танысу – «Қармақшы таңының» үйреншікті үрдісіне айналды. Бас редактор бастаған бір топ тілші иығына фотоаппаратын іліп, қолына қағаз қаламын ұстап елді мекенді аралаудамыз. Ел ішіндегі ақжолтай жаңалықты алға тартып, оқырманға тезірек жеткізуге асықпыз. Мұндағы мақсатымыз – еңбек адамымен жүзбе-жүз дидарласу, дала қосын жаңғыртқан ұлы дүбірге құлақ түру, сондай-ақ ауылдағы «алтын көмбе» өнер иесінің жұмысын жарыққа шығарып, материал жинау. «Елде болса – ерінге тиеді» демекші, елге тілектестік көңілмен ниеттестік білдіру. Бұл жолы да уақытпен санаспай, бірнеше тілші сәрсенбінің сәтінде аттың басын ауылға тартып, темір тұлпарға аямай қамшы бастық.
Ауа райы бірде – желді болса, бірде – ысып мазаңды кетіреді. Оған қарап жатқан жастар жоқ. Әрбірінің ойында қызықты дерек тауып, тұшымды мәлімет алса. Қайсыбір істе де тартынып қалмайды. Дені жастардан құралған жазарман ұжымның ойға да, қырға шапқысы бар. Отыз күн оразада ауыз бекітіп, тамағын шөл қысса да елдің арасынан табылып, көкейіндегісін тыңдады. Осындай бар ынтамен жұмысқа кіріскен тілшілер Қызылдың төрінде көсіліп жатқан Көмекбаев ауылының бірқатар тарихи орнын аралап, ата-баба рухымен үнсіз тілдесіп қайттық. Келесі бір жолда өзіндік қолтаңбасы бар қуаңдариялық қолөнерші келіншектердің отбасында болып, кеу-кеу әңгіме қыздырдық. Олардың ұлттық руханиятқа қосып жатқан зор ізденісінің куәсі болдық. Ал, Ақжар, Алдашбай ахун ауылдарындағы тіршілік тамырының бүлкілі – тіпті басқа. Мұнда да бірқатар шаруашылықта болып, мемлекеттік бағдарлама, сондай-ақ қайтарымсыз жоба грантын ұтқандардың тың жұмысымен танысып, пікір алмастық. Көршілес қоныстанған Ақтөбе, ІІІ Интернационал ауылында да ел еңсерген жұмыс жетерлік. Егін науқанының қызған шағында екі қолды бос қойған адам таппайсың. Жұмысқа жарамдының бәрі ауылдың қажетіне жарауға даяр. Осының бәрін көзбен көріп, көңілге түйдік. Болған дүниені болған күйінде шынайы қалпында халыққа жеткізуге тырыстық.
ЕҢБЕКПЕН ЕҢСЕ ТІКТЕГЕН
Міне, тағы да сондай сапардың сәті. Бағытымыз – ерек. Себебі, бұл бір ауылдан 100-ден аса жырау мен шайыр шыққан, өнер мен еңбектің тізгінін тас-түйін еткен тектілер мекені – Тұрмағамбет. Бұл – жер әлемге парсының «Шахнамасын» қазақ тілінде сөйлеткен, назым сөздің шебері Тұрмағамбет шайырдың шырайлы мекені. Бұл – ақ күріштің анасы атанған Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекованың еңбегі сіңген құтты қоныс. Бұл – сондай-ақ 50-ден асқан шағында өлең жазып, жырсүйер қауымды өнерімен баураған ақын анамыз Үрліхан Өндібаеваның туған өңірі.
Жетер жерімізге аман-есен жетсек болды деп келе жатқан біздерді редакцияның темір тұлпарын тізгіндеген шопыр бала 50 минутта шайыр ауылына топ еткізді. Мұнда ауыл әкімі Бақытбек Байбарақовпен аз-кем амандық сұрасқан соң, барар нысанды алдын ала белгілеген әкім аппаратының статист-маманы Айдос Мұханбетқалиев бізді көп кідіртпей «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кеңсесіне алып келді. Онда шаруашылық төрағасының орынбасары Серікбек Мұхтаровпен жолықтырып, елге келгендегі мақсатымызды түсіндірді. Серіктестік төрағасы әрі аудандық мәслихат депутаты Нұржан Айдарбекұлының іс сапарда жүруіне байланысты керекті мәліметті С.Төребекұлынан сұрадық. 1976 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында үзбей еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман барлық сауалымызға жауап беріп, татымды әңгімесін шаруашылықтың егінжайынан тарқатты.
– Бүгінде ұжымда 200-ден аса адам еңбек етуде. Оған 35 техника тартылған. Үстіміздегі жылы 2300 гектарға Сыр салысы егілді. Науқанға жаңадан техникалар алынды. Атап айтқанда, жер айдайтын 2 «Класс» соқалы тракторы, топырақ ұсайтын «БДМ» тіркемесі мен соя тұқым сепкіші жаңартылды. Шаруашылықта Аманқос Тоғызбаев, Серік Жиеналиев, Болат Піржанов секілді егіс бригадасының бригадирлері егінді ерте егіп бітірсе, бақша бригадасы 5 гектар жерге бақша өнімін екті. Мұнда 8 адам жұмыс істейді. Қауын-қарбыз, қызылша, картоп, басқа да өнім түрі піскенде сатылымға шығарылады немесе бригадаларға тегін таратылады. Сонымен қоса, серіктестікте еңбек ететіндерге айлық есебінен беріледі, – дейді С.Мұхтаров.
Бұған қоса, дала қосында жұмысшыларға жағдай жасалып, олар 4 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мұнымен қатар, шаруашылық биыл 900 гектарға жоңышқа егіп, малдың азығына дайындық жүргізсе, өткен жылы ауылдың кіреберісіндегі Т.Ізтілеуов атындағы ескерткіш кешенге қарсы бетте 200 түп алма ағашын отырғызып, мал кірместей етіп сыртын қоршаған. Осындай жанашырлық жұмысқа қарап, аталған мекеменің елді мекендегі көркейту-көгалдану жұмысына біркісідей атсалысып жатқанының куәсі болдық. Жалпы, елді жұмыспен қамтып, шаруаның жайын жайқалтып отырған серіктестік ұжымына халық дән риза. «Алмабақтың жеміс берер кезі де алыс емес», – дейді ауыл тұрғындары қуана сөйлеп.
Иә, «Гүлденсе – ауыл гүлденсін». Бұл – бүкіл Қазақ елінің тілеуі. Себебі, талантына бас идірген талай тұғырлы тұлғаның ауылдан шығып, кіндігін ауылдан кескен. Бұл – жай айтыла салған сөз емес. Астарында айтар ойы, салиқалы салмағы бар сөз. Бұл тұрғыда алтын бесік ауылда жіпке тізер жаңалық жетерлік.
Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру жайлы аудан көлемінде өткен жиналыста айтылып жүрсе, енді міне бұл шаруа да биыл қолға алынып, 2 шаруашылық бастама көтерді. Оның бірі – «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, бірі – осы «Тұрмағамбет». 2 шаруашылық та үстіміздегі жылы 20 гектар жерге соя егіп, өнім алып көрмекке бел буып отыр. Соя – негізінен майлы дақыл. Ғалымдардың айтуына қарағанда, дүниежүзі бойынша 18 млн. гектарға соя дақылы егіледі. Экономикалық жағынан тиімді осынау дақылды біздердікі де бекерге қолға алып отырған жоқ. Бастысы соя – нарықта үлкен сұранысқа ие. Бағасы да төмен емес. Одан басқа дақыл секілді қалдық қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, қалдықсыз өнім. Дақылы пайдаға асса, сығынды майы да кәдеге жарайды. Одан соңғысында малдың азығына керекті жем өндіріледі. Сырттан тасымалданатын жем-шөп бағасының қымбатқа түсері айтпаса да түсінікті. Құс фабрикасын салуды қолға алған шаруашылықтар үшін соя жақсы мүмкіндік. Сояның тағы бір тиімдісі – оның суды көп керек етпейтіні. Мұндай дақыл ауасы құрғақ, шөлейтті келетін біздің жерімізге дөп келгендей. Өйткені, соя дәні себілгенінен бастап пісімшілікке дейінгі аралықта бірнеше мәрте ғана суаруды қажет етеді. Суды үнемді пайдалануда бұл шаруашылыққа да қолайлы. Шаш-етектен шығын шығармайды. Жалпы, шаруа қауымның соя дақылының біздің топыраққа жерсінетініне титтей де күмәні жоқ. Қазір барлығы да одан жақсы өнім аламыз деген үмітте отыр. Ат-көлігімізді сайлап, соя егілген атыз басына да артынып-тартынып жеттік.
– 20 гектарға 3 тонна соя дәні себілді. Бабына жететін 4 айда 3-4 мәрте ғана суарылады. Ауа райы қарасатын болса, қыркүйек, қазанда пісуге тиісті. Қанша дегенмен тәжірибеде алғаш рет. Таңғы сағат 3-тен бері атыздарға тыңайтқыш сеуіп, әрбір күнді еңбекпен өткізудеміз, – дейді бас агроном Ғабит Тұңғышбаев.
Ғабиттің егіннің жайын жақсы білетіні жұмысқа деген ниетінен бірден-ақ байқауға болады. Оның әр сөзін ұйып тыңдаған біздер бағанадан бері даланы басына көтеріп, төбеден шыр айнала ұшқан ұшақты да аңғармаппыз.
Шаруашылықтағы өз ісін шебер меңгергеннің бірі – №3 егіс бригадасының бригадирі Өтеген Жармедетов. Оны да тіршілігі оттай қызған егіс басынан кездестірдік. Бригадирмен ескі таныстарша амандасып, жай-күй сұрастық. Оның сөзінше, биыл 100 гектарға бидай егілген. Өзіне қарасты егінжайға гербицид сеуіп, арамшөптің алдын алуда. Таңғы 3-тен басталған жұмыс түнгі 12-ге дейін жалғасады. «Егілген өнім бұйырса, 3-4 күнде өнуге жақын», – дейді ол бізбен әңгімесінде.
– Бригадада 14 сушы, 11 механизатор, 2 аспазшы ауысымда еңбек етеміз. Бізбен бірге, Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің ғалымдары да жұмыс істеп, егінге зерттеу жүргізеді. Бригададағылардың көбі – жастар. Жақсы жұмыс істегенді ынталандыруда серіктестік аянып қалмайды. Мысалы, өткен жыл қорытындысымен, Ринат Баймұратов – «Озат жаткашы» ретінде «Лада гранта» жеңіл автокөлігін қанжығасына байласа, тағы бір еңбек озаты Асқар Сәуенов – тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – дейді бригадир.
ӨНДІРІСПЕН ӨРІС КЕҢЕЙМЕК
С.Мұхтаровтың пікірінше, «Жастар жылында» ауылда жаңалық көп. Бірқатар нысан қолданысқа берілмек. Атап айтар болсақ, тәулігіне 1 тонна сүт өңдейтін цех құрылысы тамыз айында аяқталып, іске қосылмақшы. Онда айран, сүт, балмұздақ, ірімшік, балқаймақ секілді 5 түрлі сүт өнімі өңделіп, сатылымға шығарылмақ. Жалпы құны 32 млн. теңгеге бағаланған цехтың бүгінде іші сыланып, әрлеу жұмысы жүргізілуде.
– Аталған цехқа барлық елді мекеннен сүт өнімі өткізіледі деп күтілуде. Яғни, осы орталыққа тасымалданып, осында өңделеді. Қазір шаруашылық басшылығы цехты керекті құрылғымен жабдықтауда Ресейдің Екатеринбург қаласымен келіссөз жүргізіп, ол 1 айдың ішінде шешімін табады деуде. Бұл шаруашылық есебінен салынып жатқан жалғыз құрылыс емес, – дейді білікті маман.
Бұған қоса, серіктестік есебінен жалпы көлемі 576 шаршы метрді құрайтын 100 орындық ясли-бақша құрылысы да қазіргі кезде қарқын алған. Құрылыс прорабы Жүсіпбек Бегалиев жетекшілік ететін нысанда жергілікті жерден 11 адам жұмыспен қамтылған. Жұмысшыларға еңбекақы уақытында төленуде. Бір ерекшелігі – даңғарадай жаңа ғимараттың жылу жүйесі көгілдір отынға негізделмек. «Бәрі ойдағыдай болса, аталған бөбекжай құрылысы да тамыз айында ел игілігіне беріледі», – дейді мұндағылар.
Мұнан өзге, ауыл іргесіндегі орталық қырманда да құрылыс жұмысы басталған. Шағын ауылда бір уақытта бірнеше құрылыс іргетасының қалануы бізді де бей-жай қалдырмады. Нұржан Пірмантаев басшылық ететін «Тұрмағамбет» ЖШС озаттар қатарындағы шаруашылық екенін екінің бірі біледі. Халық қалаулысы ерте көктемнен кетпенін сайлайтын диқаншы қауымға жайлы жағдай жасауды нықтап жолға қойған. Орталық қырманнан жаңа кеңсе, жұмысшыларға арналған қонақ үй мен асхана құрылысының іргетасы құйылып, жауапты науқанға серпіліс беруде.
Бір ескерерлігі – «Жастар жылына» орай ауылдағы жұмыссыз жастарды жұмысқа тарту жоспарлануда. Сүт өңдейтін цех іске қосылған жағдайда 10 адам жұмыспен қамтылатын болса, оның көбісі жастар болмақ.
ІЗДЕНГЕН ЖЕТЕР МҰРАТҚА
Кәсіпкерлік саласында да ауылдағы ағайынның аты озып кетпесе де, нәсібін кәсібінен тапқандар қарасы аз емес. Елді мекеннен 67 адам кәсіпкер ретінде тіркеліп, несібесін айырса, кейбірі қызмет көрсету бойынша нәпақа табуда. Олардың негізі сауда-саттық, жолаушы тасымалы, мал, құс шаруашылығы секілді кәсіп түрінен тұрса, оған қоса көлікке қызмет көрсету, наубайхана, тігін, монша ісі де ауыл халқының қажетін өтеуде. Елде кәсібін ашып, оны кеңейтуге ниет білдіргенмен қатар, кәсіп ашуды қолға алғысы келетіннің де қатары қалың. Соның бірі – ауыл тұрғыны Айтуған Жұмағалиев.
22 жастағы жас жігіт жоғары білімді заңгер. Ол С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің түлегі. Расын айтқанда, қазір кәсіп еткеннің көсегесі көгеріп, өсіп-өркендейтін кезі. «Қазір заманның талабы – кәсіпкерлік. Дәулет пен сәулетті бірдей қалайтынның таңдауы – осы сала. Бір айлыққа мойын созу күн тәртібінен түсіп барады. Ебін тауып, қыбын келтіргенге – бақ пен дәулеттің есігі қоса ашылары сөзсіз. Мен де өзімді сынап көрсем. Кәсіпкерлік – рухани һәм материалдық жағдайыңды түзетуге мол мүмкіндік». Иә, бұл кәсіпке ұмтылған А.Жұмағалиевтің ойы.
– Мақсатым – көп ақша табу. Кішкентайдан үйде ірі қара малын ұстаймыз. Мал шаруашылығы жаныма жат емес. Соны кәсіпке айналдырсам деген ниетім бар. Ет бағытындағы мүйізді ірі қара малын көбейту бағыты бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» құжат дайындаудамыз. Жоба құны – 25 млн. теңгені құрайды, – дейді талабы таудай Айтуған.
Жоба мақұлданса – ауылға тың серпіліс бермекші. Өйткені, бұған дейін ауылда асыл тұқымды сиырдың болмағанын ескерсек, бұл шынында да жақсы жаңалық болғалы тұр. Жоба қаржыланатын болса, оған 50 бас қалмақтың асыл тұқымды аналық сиыры сатып алынады. Бұл үшін қалмақ елімен алдын ала келісім жасалуда. Жалпы, кәсіпкерлікпен айналысуда Айтуғанның арманы көп. Ауылдан газ құятын арнайы орын ашу да ойында бар. Себебі, әрбір газ баллоны үшін қалаға шапқылай беру тұрғындар үшін тиімсіз дүние.
Өрімдей жастың өмірге деген көзқарасы ұнады бізге. Арманы ауылымен ұйысып, болашағын алыстан бағамдай білгені жаңа ғасырдың жаңа азаматын көзге елестетті. Батыл, ойын ашық айтады. Мақсатын анықтаған, бағытын біледі. Біздің қоғамға да осындай жігерлі жастар керек. Күнде көріп жүргеніміздей, ізденген адам қашан да мұратына жетпей қоймайды.
АУЫЛЫМА ОРАЛЫП ҚЫЗМЕТ ЕТТІМ, МІНЕКЕЙ
Ауылға жастарды тұрақтандыруда «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының рөлі айрықша. Мамандық алып, ауылға маңдай тіреген жастың бірі – Алмат Азаматов. Ол К.Рүстембеков атындағы аудандық Жыраулар үйінің «Тасберген жырау» үйірмесіне жетекшілік етеді. 11 жасынан қолына домбыра ұстап, қазақтың өнеріне бар ықыласымен ден қойған жас жеткіншек мәдени қызметкер болуды бала кезінен армандағанға ұқсайды. Отбасындағы аға-әпкесіне еліктеп, қазақтың ұлттық аспабын оңашада отырып шертетін. Бір айтарлығы, көненің көзіндей, асылдың сөзіндей болған Балшекер әжесі немересінің қолынан жетектеп әуез мектебі филиалының «Жыр-терме» сыныбына өзі әкелген.
– Алғашқы ұстазым – аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, жыршы-термеші Нұршат Наурызбаева болса, мұнан соң Эльмира Мыңжановадан сабақ алдым. Әуез мектебін бітірген соң Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде білімімді тереңдей түстім, – дейді жас маман бізбен әңгімесінде.
Ауыл өмірінің рухани дамуына елеулі үлес қосып жүрген жас жігіт аталған колледжді «Дәстүрлі жыр-терме» сыныбы бойынша ойдағыдай тәмамдаған. Ол елімізге танымал айтыскер ақын, белгілі жыршы-термеші Айдос Рахметовтен дәріс алып, өнердің қыр-сырын меңгерген. 2013 жылы арнаулы оқу орнын бітірген Алмат өзі туып-өскен Тұрмағамбет ауылына келіп, алғашқы еңбек жолын бастайды. 2014 жылы жаңадан бой көтерген ауылдық клуб үйіне әдіскер болып жұмысқа орналасады. Былтырдан бастап жас өнерпаз «Тасберген жырау» үйірмесінде шәкірт тәрбиелеп, өзі де өскелең ұрпаққа ұстаздық етуде.
А.Азаматовтың айтуынша, бүгінде үйірмеде 18 бала қазақтың дәстүрлі өнеріне иек артқан. Үйірмеге баланың қабілетіне қарай 1-сыныптан бастап қабылдауға болады.
– Мақсатым – ауылдағы бүлдіршіндерді жарыққа шығару. Жыр күмбезі қонған Тұрмағамбет ауылының мәртебесін биікке көтеру. Үйірмедегі Арай Оңғарқызы, Мәдина Азаматова, Ұлдана Ғабитқызы, Жұлдыз Тілеуовалардың болашағынан зор үміт күтемін, – дейді кейіпкеріміз.
2017 жылы Алмат Азаматовтың отбасы үшін тарихи жыл болғаны анық. Өйткені, өнер иесі осы жылы отау тігіп, жанұя құрса, келесі бір қуанышы – «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қоныс тойын тойлады. Бүгінде жылы ұяда келіншегі Айшолпан Әликемен бірге Муслима атты кішкентай сәбиін өсіріп, алаңсыз еңбек етуде. Асыл арманын ауылдың өсіп-өркендеуіне арнаған жас маманның алар асуы мен бағындырар белесі әлі алда.
Ауылда айтулы бағдарламаның шарапатын көріп отырған маманның бірі – Айгерім Асқарова. Батыс Қазақстан Мемлекеттік медициналық университеті «Педиатрия» факультетінің түлегі 2012 жылдан бастап Тұрмағамбет ауылдық емханасында жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде ауыл тұрғынына медициналық қызмет көрсетеді.
Халқымызда: «Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету» деген бар. Сол айтпақшы, Ақжардың ару қызы тұрмағамбеттік Айдос Мұханбетқалиевпен шаңырақ көтеріп, үлкен әулетке келін болып түседі. Шаңырақты шаттыққа бөлеген Нұрдәулет, Нұрислам, Айару, сондай-ақ Нұржігіт атты бүлдіршіндер атасы мен әжесінің көз қуанышы.
Ақ халатты абзал жан дәрігерлік ететін емханада 17 адам жұмыс істейді. Олардың 10-ы орта буын медицина қызметкері болса, қалған 6-ауы техникалық санатта.
– Бағдарламамен үйлі болдық. Жолдасым ауыл әкімі аппаратында қызмет етеді. Тәжірибе жинақтауда жұмысты ауылдан бастаған жөн. Жастарға солай кеңес берер едім. Қалаға қарағанда ауылда үйренуге мүмкіндік мол. Жастайымнан ақ халатты жандарды көрсем, қатты қызығатынмын. Сондай арманның жетегінде жүріп дәрігер мамандығын меңгердік. Дәрігер – шыншыл, адам тани білетін психолог, деніне ем іздеп келген адамның жанын түсіне білетін адамгершілік иесі болуға тиісті, – дейді Айгерім.
Ауыл азаматы Әнуарбек Мұханбетқалиев пен №29 мектеп директоры Зарипа Тасымованың үлкен келіні Айгерім Сапарбекқызы жұмыста да, отбасында да үлгілі өнегесімен елдің алғысына кенеліп жүрген білімді де білікті маман. Оның бар мақсаты – халыққа адал қызмет етіп, өз ісінің хас шебері атану.
Түйін:
«Ауылына қарап – азаматын таны» деген. Елде болған бір күн жағымды жаңалықпен толысты. Қай сала болсын жаңарып, жаңғыруда. Ең бастысы – ауыл адамының көңілі көтеріңкі, еңсесі биік. 100 шайыр мен жыраудың туын тіккен Тұрмағамбет ауылының біз көрген бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».