» Оқу мен Тоқу

Оқу мен Тоқу

Соңғы рет қашан кітап оқыдыңыз? Қандай кітап? Сауал жеңіл болғанымен, жауап беру қиын. Ақпарат тасқыны дәуірінде не кітап оқу керек дейтін боларсыз. Бірақ ғаламтор мен смартфон бере алмаған ілім кітапта жатыр.
Кітап оқудан кенжелеп тұрмыз. Бұл ащы шындық. "Дамыған ел кітап, газет оқиды, дамушы ел теледидар қарайды, интернет парақтайды" деген әңгіме бар батыстық әлеуметтанушыларда. Сенесіз бе? АҚШ-та бір кітап жүздеген миллион тиражбен оқырманға жол тартады. Мәселен, 2018 жылы Дж К.Роулингтің "Гарри Поттер және пәлсапалық тас" кітабы 500 млн. тиражбен сатылған. Бізде ше? Дөп айту қиын. Бір анығы, тәуір деген кітаптың өзі 2000 төңірегін айналшықтайды. Өйткені оқырманы жоқ кітап қайдан миллион­дап басылсын? Қазір ақпараттың дәуірі. Интернет дегенің сұрағанды тауып береді. Айтар уәжіміз осы. Ал сандық технологияның "әкесін" шығарып жатқан Жапония кітап оқудан әлемде ешкімге есе жібермейді. Неміс жазушысы Лион Фейхтвангер: "Көркем әдебиет пен газет-журнал жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді" деген еді ғой. Олар соны ескерсе керек.
ЮНЕСКО жанындағы статистика институтының мәліметі бойынша, әлемде  адам басына шаққандағы кітапханасының көптігі жөнінен Грузия көш бастап тұр. Бұл елде 1 мың адамға шаққанда 16 335 кітаптан келеді екен. Алғашқы ондықта бұрынғы Кеңес одағы елдері ішінен Армения, Эстония, Литва елдері де бар. Кітап қоры жөнінен Қазақстан әлем бойынша 41-орында тұр. Еліміздегі әрбір мың тұрғынға 249 кітаптан келеді екен. Бұл да жаман емес. Бірақ соны оқитын оқырман аз!
Біртуар жазушымыз Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – дейді. Кітап оқуға ерінетіндер мен оқығысы келмейтіндерге Ақтөбе ауылының тумасы Аманжол Жәкенов үлгі. 1947 жылдың тумасы кітап оқуды 2010 жылдан бастап нықтап қолға алған. 17 жасынан еңбекке араласқан 72-дегі ақсақал бүгінге дейін 323 кітапты оқыпты. Бас-аяғы тоғыз жыл, яғни 3 240 күнде 323 құндылықты парақтаған. 10 күнде бір кітапты оқып тауысады деген сөз. Бір қызығы ақсақал әлі күнге кітапты көзілдіріксіз оқиды. Қарт оқырманның қызығушылығы тарихқа, тұл­ғаларға, қазақтың батырлары мен хандарына негізделген кітаптарға ауған. Ақтөбе ауылына жасалған кезекті іс-сапар барысында ауылдық кітапханаға бас сұқтық. Киелі шаңырақтың ішіне А.Жәкенов мықтап жайғасқан. Кітап жиюлы сөрелердің ортасына орындықты қойып, "рухани өсиеттерді" парақтап жатыр. Кітапханашы М.Шынарбаеваның сөзінше, бұл жолы ақсақал революция туралы кітаптарды іздеп кепті.
Рас, әр кітаптың өз аудиториясы, оқырманы бар. Жастарға қандай кітапты оқуға ұсынамыз? Оларды қандай желі қызықтырады? Кітап көп. Туынды да жетерлік. Бірақ жастар аудиториясына, заманы мен ағымына сай қандай кітап бар? "Махаббат қызық мол жылдар"! Өте тәуір шығарма. Жастанып оқуға лайық туынды. Анығы сол, бұл туынды кеңестік дәуірдің туындысы. Идеологиясы тым басқа. Сұр шинель мен көк сияға боялған күртеше жайындағы әңгіме. Ішінде смартфон, әлеуметтік желі, заман үдерісі туралы әңгіме жоқ. Шығарманың махаббаттық дәуірі бұл кезеңге сай келмейді. ХХІ ғасырдың махаббаты бейнеленген туынды неге жазбасқа? Еуропа мен АҚШ-та миллион тиражбен шығып жатқан туындылар кешегі Джек Лондон мен У.Шекспирдікі емес, дәуір үнін сөйлеткен авторлардың туындысы.
Қоғам – сандық технологияның легімен дамуда. "Фантастика – қиялды ынталандырады және болашақты жақындатады" – дейді атақты ғалым Стивен Хокинг. Рас қой, Жюль Верн "20 лье су астында" туындысын жазғанда адамзат сүңгуір қайық туралы ойлап па? Түсінде де көрген жоқ "Жерден айға" хикаясын дүниеге әкелгенде ғарышқа сапар жасау туралы қайсы бабамыздың арманы болыпты? Ғылыми фантастика, жалпы фантастикалық жанрдағы қазақ туындысы қашан жарық көрді? Балаларымыз әлі күнге "Марвел" мен "ДС" компанияларының туындысынан сусындауда? Қазақ оқырманын көбейту үшін фантастикалық туындылар да қажет шығар. Сол кезде қазақ ғылымы да алға өрлер. Қалай ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?
Дастанбек Садық.
---
17 маусым 2019 ж. 1 168 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031