» ТАУЛАР АЛЫСТАҒАН САЙЫН БИІКТЕЙДІ

ТАУЛАР АЛЫСТАҒАН САЙЫН БИІКТЕЙДІ

Мансап. Қызмет. Абырой. Оның барлығы әсте ол үшін көп мағына берген жоқ. Өйткені, елге қызметтен өзгенің бәрі ол үшін жай ғана өткінші нәрсе еді. Тектіліктің ізі қалған киелі Қармақшы топырағында дүние есігін ашқан ол оқта-текте ойға шомып тұрып: «О, туған жер, қадіріңе жете аламын ба?» дегендей алысқа көз тастап тұрды. Сыңсып аққан Сырдың суы сирағынан келмеген талай шайыр мекен еткен жердің қасиеті бойына дарыған тұлға атақ-даңқтың соңына шам алып түскен жоқ, керісінше мансап дегенің желімдей жабысып, соңынан қалмайтын. Иә, жерлесіміз Абдуали Спанов осындай жан еді...
Аудан орталығынан жетпіс шақырым жерде Дауылкөл атты ауыл бар. Егін шаруа­шылығына негізделген елді мекенде кіндік қаны тамған азамат еңбекке ерте араласты. Әкесінің дәм-тұзы таусылып, өмірден ерте кетті. Ағасы елдегі ерлермен бірге майдан даласына Отан қорғауға аттанды. Үйде үлкен боп қалған ол небәрі 14 жаста болатын. Майдангерлерге елден сәлем жолдап, керек-жарағын жөнелткен заман еді. Қатын-қалаш, шал-шауқандар мен балалар ғана қалып, мылтық ұстауға жарайтындар қан майданға аттанған. Абдуали есеп-қисапқа ебі болған соң, колхозға есепші болып жұмысқа орналасты. Ел басына қиын қыстау күн туғанда балалықты даналыққа ауыстырған кездер еді ғой.
Соғыстан кейін көшкен елдің жұртындай жұпыны күйге түскен өңірлерді қайта дамытып, түлету керек болды. Ол үшін әрине білімі мен білігі жарасқан мамандар қажет. А.Спанов ойланбастан жұмысшылар мектебінің есепшілер курсына түсіп, білім алады. Мұнан соң жасөспірім Петропавл қаласындағы ауылшаруашылық техникумына қабылданады. Ауылдан келген қарадомалақ өзгелер шүлдірлеген орысшаны қайдан білсін?! Ынтасы мен ықыласы артқан жас дереу кітапханадан Лев Толстойдың «Анна Каринина» романын оқып, дәптерге көшіріп, өзін-өзі сауаттандыруға қамшылайды. Сол көне дәптерлер әлі күнге отбасында сақтаулы тұр. Осылайша ол орысша тіл сындырды.
Бәлкім, білімін жетілдіріп, әлі де орыс тіл­ді­лердің ортасында көп болатынын ұғынса керек, ол Мәскеу қаласындағы Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясына үздік ретінде оқуға жіберілді. Мұнан соң аспирантураны бітірді, түптеп келгенде ғалым атанып, экономика ғылымының кандидаты дәрежесімен елге жолдаманы арқалап қайтты.
Бұл сәттерде елде тың игеру науқаны дүрілдеп, алашапқын боп жатқан дәурен еді. Жаңа сов­хоздар құрыла бастады. Агрономия саласын игерген мамандардың ауадай қажет кезі. Академияның 12 түлегімен бірге тың игеруге кірісті де кетті. Олардың қатарында Е.Әуелбеков, А.Жасанбаев, А.Амировтер болды. Ел мүддесі жолында тер төккен бұ кісілер обком, райком хатшылығына дейін қызмет жасады. Ал Абдуали Спанов қатардағы агроном боп бастап, МТС-тің агрономы деңгейіне дейін көтерілді.
Бертін келе Көкшетауда, Павлодарда белді қызмет атқарып, ару қала Алматыға бағыт алды. Кейін Қарағандыда жауапты қызметтерде болды. Мұның барлығында да ол ең басты орынға ел мүддесін қойып, қара орман халықтың қамына еңбек етті.
Абдуали Спанов 2004 жылы тың және тыңайған жерлерді игерудің 50 жылдығы қарсаңында республикалық сьездің делегаты болды. Үш мәрте «Қызыл Ту» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, «Үздік еңбек», тағы басқа да медальдарды омырауында жарқыратты. Нағыз тың игеруші ретінде шынайы бағасын иемденген туған жердің перзенті 2006 жылы дүние салды.
Әйткенмен, оның өмірін өзіне өнеге мен үлгі ететін жас өскін өсіп келеді. Тарих беттерін парақтағанда тағы бір мәрте егіс алқабына көз тастадым. Шіркін, талай ұлының табаны тиген топырақта ақ күріштің сабағы жайқалып, самал жел еседі. Бетімді желге тостым да сол құдыретті сезінгендей болдым. Таулар алыстаған сайын биіктей түсетіні осы екен ғой...
Аян СПАНДИЯР.
---
23 қазан 2018 ж. 1 342 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031