СЫР МӘДЕНИЕТІНІҢ САҢЛАҒЫ ЕДІ
Есімде қалған жақсы естеліктің бірі – осы кісі. Кісілігі – кемел, үлкендік жолында ұлағатты із қалдырып, болашаққа қалдырар тағылымын өз уақытында құнттай білген адам – Сұлтан аға.
Еңбек жолымның көп бөлігі білім беру саласында өтті де аудан мәдениеті саласына кейіндеу келгендіктен Сұлтан ағаны сырттай танып жүретінмін. Сырт бейнесінің өзінде көрген кісі сүйсінерліктей келісті кескіні мен азаматтық тұлғасы анық байқалып тұратын. Қағылез бейнесін салмақты үні көтере тұлғаландырып, жан дүниесіндегі ішкі сезімі байыппен үн қатып тұрғандай болатын.
Сол кездердегі үлкен-үлкен басқосуларда халық мінберінің төрінде тұрып, қыран дауыспен саңқылдай сөйлеген сөзі, үні менің жадымда қалыпты. Жүрістұрысындағы ширақтық, өзіне жарасымды тіп-тік қалып, мейірім тарата қарайтын шуақты жүзі, көрегенділікті танытып тұратын көз жанары тыңдаушысын өзіне баурап алатын мықты қуат Сұлтан ағаға Алланың өзі берген сыйы, дарытқан зор қабілеті екеніне шүбәсіз сенесің. Мен үлгі тұтып, ұстанып қалған тұсым – Сұлтан ағаның даусының ашықтығы, анықтығы, тазалығы, тартымдылығы. Сөйлейтін сөзінің мазмұндылығы, сол мазмұнды тыңдаушысына шешендік өнермен шебер үйлестіре жеткізе білуі. Сөйлеп тұрғандағы тыңдаушысымен қаншалықты байланыста екенін пайымдай біліп уақытында тәп-тәтті етіп сөзін аяқтай қоюы да өзіне жарасатын. Денесіне артық салмақ жинамайтыны сияқты артық сөз, артық мақтанға бой алдырмай жүретін кісіні осылайша бірте-бірте, келе-келе тіпті мәдениет саласындағы қызметіме сәйкес жақынырақ тануыма жол ашылды.
Бұл кез ол кісінің зейнетке шыққан уақыты еді. «Бәзбіреулерше, қой енді демаламын, сол мәдениет бөлімінде маған не бар?» демей ауық-ауық өзі талай жыл басқарған орнына келіп, сала қызметкерлерімен әңгімелесіп, ақыл-кеңесін аямайтын, аудан, облыс көлемінде өтетін мәдени шаралардың басы-қасында болып, оның жоғары деңгейде өтуін қалайтын. Өзінің алдында өткен өнер қызметкерлері жайлы, аға буын өкілдерінің өнегелі өмірін шежіредей шертіп, көкірегіндегі оларға деген құрметі мен сағынышын көптің жиналған ортасында «Осылар естеріңде жүрсін» дегендей ишарамен әңгімесін сабақтай түсетін.
Өзі өмірден озғанша артына алаңдай қарап, аузынан тастамай айтып кеткен бір адамы болды. Ол – тума талант, әнші Базарбай Жүсіпов еді. Бұл кісі туралы айтқанда Сұлтан ағаның тебіренбей сөйлеуі мүмкін емес сияқты. Кеудесі күңірене күрсініп, ақсары өңі өрт шалғандай алаулап, әсем де ашық шығатын қоңыр дауысы да қарлыға құмығып, жүректің түбінде жүретін аңсауды үздіге жеткізгендей болатын. Костюмінің қалтасындағы орамалымен жанарына толып кеткен көңіл жасын талай мәрте сүртіп төмен қарап: «Ой, дариға-ай, сонша сұлу талантыңды сыйлап тұрып, Базарбайға бармақтай бақты қимағаның-ай! Базарбайдың құшқан жары да, бауырына басқан баласы да «Баяны» еді ғой. Көз жанары көрмесе де мына көркем дүниені көргендерден артық сүйіп, әніне қосты емес пе?!».
Сұлтан ағаның армандағанындай аманатын оның соңында қалған бүгінгі ұрпақ зердесіне тоқып, азбайтын зерен ыдысына құйып алғандай өнер сабақтастығын жалғап келеді. Жылма-жыл талантты әнші Базарбай Жүсіповті ұлықтау мақсатындағы оның артындағы жас таланттарды іріктеп өнерге баулу үшін «Мен әншімін» байқауын өткізуді дәстүрге айналдырып алды. «Сұлтан Сармолдин» деген атпен танымал болған бұл кісі неге фамилиясын Сармолдин деп алған деген ой мені ойландыратын. Халқымызда орыстандыру жүйесіне күштеп ендірген аты-жөніміздегі «ов-еваларға» мойынсұнбаған Бауыржан Момышұлы сияқты бірбеттілікті Сұлтан аға болмысынан іздей бастайтынмын. Ия, Сұлтан аға біреулерге жалтақтап жағымпаздануды жаны сүймейтін, бақталастыққа жоқ, өткір мінезді, тура сөйлетін азаматтың азаматы айта алатын төрелікті білетін ұстанымы берік жан екен. Өмірдерегіне көз сала отырып, осылай ой түйіндедім.
С.Сармолдин 1939 жылдың 23 қарашасында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының бұрынғы «Энгельс», қазіргі Дүр Оңғар ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Осы елді мекендегі №107 мектептің 7 класын бітірген соң ұжшар ұстаханасында еңбек етеді. 1965 жылдан бастап аудан орталығы Жосалы кентіне келіп аудандық мәдениет үйінде 0,5 бірлік штат бойынша моторист жұмысын бастайды.
Өз бетінше білімін жетілдіре жүріп, аудандық мәдениет үйінің директоры, аудандық киножүйесінің директоры, аудандық мәдениет үйінің меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарды. Қырық жылға жуық ауданымыздың мәдениет саласында еш жерге табан аудармай тұрақты қызмет етуінің өзінен-ақ Сұлтан ағаның табандылығы мен жігерін, өзінің қалаған мамандығына деген асқан сүйіспеншілігін тануға болатын еді.
Қазақ өнерінің биігіндегі Р.Бағланова, Ж.Омарова, Ж.Елебеков, Е.Серкебаев, Қ.Ахмедияров сынды күйші, әншілерге Мосфильм киностудиясының кинорежиссері Б.Мансұров, Қазақ киностудиясының кинорежиссері А.Қарсақбаевқа қызмет көрсетіп, олармен сұхбаттасуы Сұлтан ағаның өзін-өзі дамытып биіктетуіне бағыт болған сияқты.
Ауданымыздың мәдени өмірінің жаңарып гүлденуі жолында жер-жердегі жанашылдық бастамаларды аудан жұртшылығы арасына ендіре жүріп, өзі де жаңашылдық бастамалардың ұйытқысына айналды. Аудан аумағынан шалғай қашықтағы еңбек адамдарына мәдени қызмет көрсетудің тиімді жолдарын ұсына білді. Малшылар мен егіншілер арасына мәдени үгіт бригадаларын айма-ай аттандыра отырып, қарапайым еңбек адамы арасынан атақты өнер иелерінің шығуын да назардан тыс қалдырмады.
Жаз маусымындағы малшылар слеті, күз келгендегі «Алтын орақ» деп аталатын еңбек мерекесіне арналған той-думан салтанаты талай таланттың танылуына алғашқы бастау болғаны аян. Осындай аудандағы ауқымды мәдени шаралардың басында жүретін Сұлтан ағаның қырағы көзі шалған марқұм С.Ыдырысов Сыр сүлейлерінің бір мұрасы – айтыс өнеріне мол еңбек сіңірсе, А.Алматов Көшеней Рүстембекұлының жыраулық өнер жолындағы асыл арманын биік сатыға көтере білді. О.Дәнекеров сынды төкпе жырауды мал бағудан босатып, мықты өнер иесі ретінде бағалап, аудандық мәдениет үйіне қызметке алды.
С.Сармолдин ағамыздың өнер атаулының ішінен жыраулық өнерді аса қатты бағалағанын білдіретін жайттар мол. Ол осы өнердің мұрагер ұрпағы Көшенеймен туған бауырындай қарым-қатынаста болды. Бидас аға да Сұлтан аға туралы: «Жігіттің топта сөйлер туымдысы, Жылқының бәйге алады буындысы» деген ғой, Сұлтекеңнің орны бөлек адам ғой. Ол кісінің оқуы мен тоқуы басқа ерекше жаратылыс иесі деп ойлаймын. Бар болғаны жеті жылдық біліммен бір ауданның мәдениетін ұзақ жыл басқаруының өзі тегін адам емес екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Менің ағам Көшенейді жасының үлкендігіне қарамастан қатты құрметтеп, ол үшін жаны қалмай бәйек болатын. Қызмет барысында әрі өткенде, бері өткенде Ақжардағы біздің үйге соқпай кетпейді. Көшеней ағам Мәскеуде оқып жатқанда да Сұлтекең Қырымға демалуға бара жатқан жолда Көш ағама арнайы соғып бірге болғаны туралы Көш ағамның үйге жазған хатында ол кісіге ризашылығын қуана жазғаны бар.
Көшеней ағамның қазасынан кейін де оның жары Жұпар мен балаларына деген ағалық қамқорлығын аяған жоқ. Режиссер Б.Мансуровтың Көшеней ағамның портретін салғызып, суретін сол кездегі «Комсомол» кинотеатрына іліп, аудан халқына «Ас» («Құлагер») фильмінде ойнаған Көшенейді көрсетті. 30 жыл бойы жеке архивінде сақтап келген осы лентаны Сұлтекең Көшенейұлы Арнұрдың қолына табыстады. Не деген ыждағаттылық» деп басын шайқап, ол кісіні қимастықпен еске алды.
Ұйымдастырушылық қабілеті мықты С.Сармолдин «Сыр ұшқыны» ансамбліне жетекшілік ете жүріп, драма үйірмесі мүшелерін шығармашылыққа баулыды. Оларды кәсіби өнермен шыңдаудың нәтижесінде 1973 жылы республикалық фестивальге қатысып, «Халық театры» атағын жеңіп алды. 1985 жылы киноландыру жүйесі бойынша республикалық жарыстың ауыспалы «Қызыл туына» еге болды. 1990 жылы КСРО-да Москвада ұйымдастырылған «Аскин» киногерлер ассоциациясына бірінші Құрылтай съезіне делегат болып сайланды. 1991 жылы Сочи қаласында өткізілген әлемдік кино саудасына Қазақстан Республикасы атынан қатысты. 1992 жылы Алматы қаласында өткен 1-ші «Қарқара Жәрмеңкесіне» делегат болды. Сыр сүлейлерінің дүрі атанған Оңғар Дырқайұлының 150 жылдығы тікелей С.Сармолдиннің басшылығының арқасында тағылымы мол шара болып, салтанатты жағдайда ауқымды көлемде өткізілді. Іс басында жүрген інілері Қ.Қыстаубаев, Ә.Бөрібаев, И.Ерімбетов сияқты азаматтарды осы шара төңірегінде жұмылдырып, кент орталығынан жыраудың ескерткішін орнатуға күш салды. Денсаулығы сыр бере бастағанына қарамастан күні-түні ескерткіш орнату жұмысының басы-қасында өзі жүрді. Елім деп соққан жүрегінің әрбір тынысы аудан мәдениетін, Сыр елі мәдениетін жоғары деңгейде көтерсем деп соқты.
Елім деген ердің еңбегі елеусіз қалмады. Аймақ басшысы мен аудан басшысының «Құрмет грамотасымен» марапатталса, 2009 жылы ауданның «Жыл адамы» номинациясы атағы берілді.
2011 жылдың 13 желтоқсанында төсек тартып ауыр науқастың мехнатын көтерген алып жүрек өз жұмысын тоқтатты. Туған елі ақтық сапарға шығарып салды. Соңынан ерген мәдениет саласының қызметкерлері Сұлтан ағаның өнегесі мен тағылымында болған Б.Үрістембеков, Ж.Құрамысова, О.Нұрмаханов, Ш.Әбдікәрімов, А.Алматов, Ұ.Махамбетова, М.Тұрбаева, Н.Нұралиева, И.Бекмаханов, Е.Атабаев сияқты іні-қарындастары «Бұл қалай болды?» дегендей, аңтарылып қалды. Біразы өздерінің ағаларына деген қимастық сезімін жыр жолына түсіріп, оқып жатты.
Өмірде де, өнерде де жақын араласқан інісі И.Бекмаханов өзінің «Заңғарым» деген өлеңінде:
«...Өнерге іңкәр, жанашыр тарланым едің,
Ақиқат үшін күрескен арланым едің.
Ұлтымның тілін, дәстүрін ұлықтай білген,
Білімдар, дегдар, сұңғыла тарланым едің.
Қайтейін енді, жұлдыздай жарқ етіп сөндің,
Темірқазық сияқты бағдарым едің.
Бақұл бол, аға, заңғарым менің» деп, Сұлтан ағасына деген қимастық лебізін өлең тілімен, өнер тілімен жеткізіпті.
Соңына өшпес мұра қалдырған, «Сыр мәдениетінің саңлағы» атанған С.Сармолдиннің «Сыр елі – Жыр елі» атанған елге қалдырған қолтаңбасы мен өнегелі өмірі сәт сайын жадымызда жаңғыра берері сөзсіз. Жыраулық өнерде Сырдағы қыз-келіншектердің көшін бастаған Сыр сүлейлері көшінің жалғасы болған Ш.Төлепованың есімін аудандық мәдениет үйіне беру үшін де жар құлағы жастыққа тимей тиісті мекемелердің есігін ашып, кездіктей өткір тілімен шешілмес деген түйінді шешіп беріп кетті емес пе?!
«Ғасыр адамы» атанған анам Шамшаттың бюстін өнер шеберлеріне өз қалауынша жасатып, аудандық мәдениет үйінің көрме залының төріне өз қолымен қойып кетті» деп еске алады Шамшат апаның ұлы Еркін Атабаев.
– Халық қадірлісі бола білген өмірлік серігім, отағасым Сұлтекең отымыздың басының шуағы еді, жүрегінің жылуын ұрпағына аямай төге білген әке болды, ата болды. Ол кісінің бізге берген бағыты, міне арамыздың алыстағанына он бес жыл өтсе де бізге жазылып қалған заңдай айнымас қағида болып келеді, – дейді сексеннің сеңгіріне беттеген Күміс апай.
Сұлтан аға туралы бастаған әңгімесін аяқтағысы келмегендей, айта бергісі келетіндей сыңай танытқанын байқай отырып, Күміс апайды сүйсіне тыңдадым. Неге десеңіз, Күміс апаның әңгімесіндегі бір үзім нандай жаныма нұр бергені – Сұлтан ағаның апайға айтқан соңғы аманаты еді. Ол «Мен кеткен соң мына есікті жаппаңдар! Мені іздейтіндер келіп, кетіп жүрсін. Менің рухым да оларды іздейтіні хақ!» деген сөзі. «Кемеңгер адамнан кемел сөз қалады» демекші, бүгінде бір көрші бір көршіге бас сұқпайтын кезге келген заманға Сұлтан ағаның ескертуі ме екен деп түйсіндім.
– Ағаңның қонағының бірі келіп қала ма деп, төсек орнымды қағып-сілкіп, дастарқанға қоярымды құныттап, есікке қарап отыратын әдетім Сұлтекеңнің жанына барғанша қалмайтын шығар, – деп жымиды Күміс апай. Сұлтан аға мен Күміс ападан тараған ұрпақ Қазақстанның әрбір қалаларында абыройлы қызмет етуде. Немерелерінің ішінде әлемдік білімге қол созып, Англияда білімін шыңдап жатқанынан да хабардар болдық.
2015 жылдан бері облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен әр екі жыл сайын мәдениет саласының ардагері, ұстаз С.Сармолдинді еске алу мақсатында мәдениет қызметкерлері арасында ауданаралық түрлі тақырыпта мәдени шаралар өткізіліп келеді.
Сыр мәдениетіне еңбегі сіңген С.Сармолдинді есте қалдыру мақсатында облыстық ономастикалық комиссиясының 2019 жылдың 19 қыркүйегіндегі №1 қорытындысына сәйкес, Жосалы кенті әкімінің шешімімен кенттің «Тәуелсіздік» ықшам ауданындағы көшеге «С.Сармолдин» есімі берілді. Шығыс шайыры, даңқты Тұрмағамбет ақын: «Артында ардақты ердің қалса сөзі, «Өлді» деп өкінбеймін оның өзі» дегеніндей, С.Сармолдин өнегелі өмірімен өзі сүйген халқының жүрегінде қалған танымал тұлға. Ел халқы оған қандай құрмет жасаса да лайықты жан болып қала береді. С.Сармолдин есімі берілген көше тұрғындары да атауына сай көрікті көркем көше бейнесімен аудан мәдениетінің, аудан тазалығының үлгісіндей гүлденіп, оларға «Таза Қазақстан» үндеуінің көшін бастар жолы бұйырсын, деп тілейік, ағайын!
Т.ДОСЫМОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі















