» СЫРДЫҢ СЫРБАЗ СЕРІГІ ЕДІ

СЫРДЫҢ СЫРБАЗ СЕРІГІ ЕДІ

Қасиетті өлкеміз өзінің дәстүрлі өнерімен көпке танымал. Сан ғасырлық тарихында талай жақсы мен жайсаңды дүниеге әкеліп, өнер биігіне шығарған, талантымен танылған небір тұлғаның шығармашылығын шыңдаған киелі топырақ. Солардың арасынан арқалы ақындығымен, суырып салма айтыскерлігімен алты Алашқа белгілі ақын, Қазақстанның өнер қайраткері, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, ұлағатты ұстаз, ардақты азамат, жерлесіміз Серік Ыдырысов болатын. Кеше ғана ақжарма мінез, түйдек ой, қарапайым қалпымен елді аузына қаратқан Сырдың сырбаз ақынынан айырылып қаламыз деп кім ойлаған?!
С.Махмұтұлы ауданға қарасты бұрынғы Жаңақала ауылында 1958 жылы дүние есігін ашқан. Ата-анасы Махмұт пен Күләйша шопан таяғын ұстаған еңбекқор жандар болды. Сайын даланың сарқыраған бұлағы мен сыбдырлаған селеу-жусаны оның кеудесіне өлең болып тоқылды. Өлең ұйқастыруды сол уақыттан бастап, екі сөз сөйлесе, соның бірін өлеңмен жауап беруге бала күннен машықтанған. Домбыра тартуды да бала кезінен меңгерді. Жай шертіп қана қоймай, Сыр сүлейлері мен ақын-шайырларының шығармаларын шебер орындап, мақам-сазға салып отырды. Бір сөзбен айтқанда, ол қазақ халқының ұлттық құндылығы саналатын жыр-терме мен ақындықты жастайынан жанына серік етіп өсті. Мектеп бітірген 1975 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, мамандық алып шықты. Жаңақорғандық бойжеткен Бибіжанмен бас қосып, шаңырақ көтерді. Екеуі қол ұстасып туған жерге келіп, еңбек жолдарын бастады. Бірі – музыка пәнінен сабақ берсе, бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жас шәкірттерді өнер мен білімге сусындатты. Ол №185 орта мектепте оқушыларды өнер мен мәдениетке баулумен қатар, дарынды балалардан оркестр құрып, оларды республика көлеміне дейін танымалдылыққа ие етті. Мектеп оқушыларының өнері ел деңгейінде таралуына телеарна сеп болса, бұл – ағамыздың ұлттық өнерді бала бойына сіңіре білудегі керемет еңбегі еді. Мұнан соң да білім саласында қалың қолтаңбасын қалдырып, озық еңбектер жасады.
Сол кезеңде тамыз мәслихатында сөз сөйлеген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев Серік Ыдырысовтың атын ерекше атауы бекерден-бекер емес-ті. Бірде облыстық айтыстан соң Серіктің аты дүйім елге тарады. Содан соң басшылық тарап «Кекірелі» мектебінде ұстаздық қызмет атқарып жүрген оны аудан орталығына алдыртып, баспанамен қамтыды. Ерлі-зайыпты мұғалімдер осылайша Жосалыдағы №121 мектепке жұмысқа ауысады. Кейін ағамыз Қызылорда қаласына қоныс аударып, жоғары оқу орнында студенттерге дәріс оқиды. Ғылымға қызмет етеді.
Аймақтық айтыстан аты шыққан ағамызға жан-жақтан шақыртулар көбейеді. Барған жерлерінде үнемі жүлдемен оралып жүрді. Манап пен Махамбетқали ақынның тәрбиесін көрсе, Замаддин Ибадуллаевтың сабағын алды.
Айтыс өнерінде Серік Махмұтұлы қазақтың дүлдүл ақындарымен айтыс аламанына түсіп, талай мәрте халықаралық, республикалық ақындар айтыстарында жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына арналған ІV облыстық ақындар айтысында Сырдария ауданының азулы ақыны Серік Өтеуовпен, 1987 жылы V республикалық айтыста Бибігүл Жаппасбаевамен айтысқа түссе, Павлодарда ұйымдастырылған іргелі телеайтыста Әселхан Қалыбековамен және өңірлерде басқа да ақындармен аламанға түсті. Жетістіктеріне келер болсақ, 1993 жылы Жанқожа батырдың, Ы.Жақаевтың мерейтойына арналған республикалық айтыста бас жүлде жеңіп алса, 1995 жылы Түркістанда өткен С.Ерубаевтың мерейтойына арналған республикалық айтыста да бас жүлдені қанжығасына байлап келді. 1996 жылы Ташкентте өткізілген халықаралық ақындар айтысында да елдің алды болып шашасына шаң жуытпай бас жүлдені иеленіп, еліміздің мерейін асырды. Көкшеде өткен Қанжығалы Бөгенбайдың 300 жылдығына, Семейде өткен А.Құнанбайұлының 120 жылдығына және Атырауда өткен М.Өтемісұлының 200 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында да жасындай жарқырап, Сыр елініне жүлде салды. Серік Ыдырысовтың мәдениет, өнер саласындағы еңбегі бағаланып отырды. Ол Қызылорда облысының Құрметті қызметкері, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың доценті, Қорқыт ата атындағы «Алтын медаль» иесі атанды. Халық қаһарманы С.Нұрмағамбетов, «Әл-Фараби» медальдерінің, «Элита» орденінің кавалері, сонымен қатар «Қазақстанның өнер қайраткері» төсбелгісін иеленсе, Қызылорда облысы әкімінің стипендианты болды.
Ақынның құрметіне 2017 жылы Қызылорда қаласында «Серік Ыдырысов атындағы айтыскер ақындар және шешендік өнер мектебі» ашылды. Ол саналы ғұмырында 15-ке жуық мемлекет басшылары алдында арнау-жыр айтып, құрметке бөленді, ізінен шәкірттер тәрбиеледі.
Иә, Сыр елінің өнері ауыр қазаға ұшырады. Туған халқы дарынды тұлғасынан, Серігінен айырылды. Орны толмас қаза. Амал қанша?! Халқына әлі де берері мол еді. Оның жарқын бейнесі жерлестерінің жадында ұзаққа сақталады.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
---
04 тамыз 2025 ж. 56 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№57 (10425)

02 тамыз 2025 ж.

№56 (10424)

29 шілде 2025 ж.

№55 (10423)

26 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 172
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031