» Артық білім – кітапта...

Артық білім – кітапта...

qarmaqshy-tany.kz Кітап – адам баласының рухани азығы. Есте жоқ ескі замандардағы түрлі оқиғалар мен ғаламның небір кереметтері де осы кітап бетіне басылып, адамзаттың танып-білуіне жол шекті. Алайда еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ұялы телефон атты құрылғыға телмірген осы бір қоғамда кітап оқу да біршама ысырылып, кейін қалып қойды. Ғаламтор желісіндегі қызылды-жасылды бояуға толы ақпарат қоғамның кемшін тұстарын ашып көрсете білгенімен, адамның жан дүниесіндегі рухани шөліркеуді баса алмады. Керісінше, тасбауыр, безбүйрек, тым салқынқанды жандардың тобы қалыптасып, ой, сезім, толғаныстан алыстатып жібергендей еді. Осыны түсінген жандар жас буын, жаңа ұрпақтың кітаптағы біліммен қарулануына жол ашып, қазіргі таңда кітап оқуды насихаттайтын түрлі жарыстар ұйымдастырып, жақсы істің бастамашысы болып жүр. Осы орайда, «Дария» дамыту орталығының жыл сайын өткізетін «Тұлға болам» кітап оқу сайысы мен «Отбасы хрестоматиясы» ұжымының өткізіп жүрген іс-шараларын ерекше атап өткім келеді. Бұдан бөлек, инстаграм, ватсап әлеуметтік желілерінде де кітап оқу арқылы жаңа орта қалыптастыру, сыйлыққа ие болу жөнінде ұсыныстармен шығатын жарнамаларды да жиі кездестіретін болдым.
Кітап оқу да бір шайқорлық секілді әдет қой. Басында қинала оқығаныңмен, қолыңдағы дүние өз әлеміне еліктіріп, қызығына сүңгітіп алар болса, келесі күні де жаның мен тәніңе бірдеңе жетіспей тұрғандай әсерге бөленіп, үнемі кітап оқып тұруды дағдыға айналдырасың.
«Пароходта жүрiп жолда,
Әр елде кез келiп молда.
Он үш күн боп Стамболда,
Керек кiтап табылғаны-ай!» – деп жырға қосқан Шәкәрім де қиын-қыстау заманда қасиетті Мекке жеріне қажылық сапарын өтеп, қайтар жолда әлемдегі алып шаһардың бірі Стамбулға біраз уақыт кідіре тұруына тура келеді. Ақын соның өзінде уақытты бос кетірмей, қажетті кітаптарды іздестіріп жүрген екен. Шын білімге құштар жан қандай қиын жағдайда болса да ізденісін, талпынысын тоқтатпайды. Бұған қоса, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңін еске салайық. Оқ пен оттың ортасында, мұз жастанып, қар жамылып жүрген ата- әжелеріміз қойындарына кітап салып, қолдары қалт ете қалса, соны оқуды әдетке айналдырғанын сол кездегі хаттар мен соғыс жайлы дүниеге келген көркем шығармалардан білеміз.
Кітап оқу, ең алдымен, адамды сезінуге, сезім әлеміне жетелейді. Қазіргі таңда біз осы сезім деген ұғымды ұмытуға айналдық. Қарсы алдымызда тұрған адамнан дәл қазір не сезініп тұрғанын сұрасақ, тура жауап бере алмай, тосырқап қалады. Яғни, өз бойында болып жатқан құбылысты анықтап, жеткізіп беруге қиналады. Ал кітап әлеміне енген жан сондағы әрбір кейіпкермен бірге жүріп, бірге тұрып, сан алуан сезімдерді бастан кешіреді. Кейіпкер қуанышына ортақтасып, өзінің мамыражай, жайбарақат күйге тап болғанын сезбей қалады. Енді бірде кейіпкер қайғысына ортақтасып, жаны жабырқау тарта бастайды. Басқа іс жасау барысында да әлгі кітаптан оқыған оқиға есінен кетпей, әрі қарай не боларын білгісі келіп, соңына жеткенше дегбірі қашып, талай құбылысты өн бойынан өткереді.
Бүгінде кітап оқуға барынша қолайлы жағдай жасалған. Жолда жүрсең де қолыңдағы ұялы телефоныңды ашып, онлайн оқуға немесе кітаптың аудионұсқасын тыңдауға мүмкіндік көп. Күнделікті тіршілік барысында қоғамдық көліктерге мінгенде үлкен кісілердің, студент жастардың әлеуметтік желілердегі мән-мағынасы жоқ видеоларды қарап, бірін-бірі қайталайтын сайттардың жеңіл-желпі, өсек пен өтірікке толы жазбаларын оқып отырғанын көргенде қарның ашады. Тым болмағанда зияткерлік ойын ойнайтын қосымшаның бірін жүктеп алып, бас дейтін қауашақтағы бос кеңістікті арзанқол, бүгін бар да ертең жоқ дүниемен емес, ойлы мәліметпен толтырса ғой деген ой келеді санаңа. Қалай болғанда да рухани аштығымызды жылтырақ дүниемен басып, жан дүниеміздің ойсырап тұрған бір бөлігін әлеуметтік желідегі саны бар да сапасы жоқ ақпаратпен толтыра алмайтынымыз анық. Сол үшін өзіміз кітап оқып, ұрпағымызға да соны үлгі ете білейік. Кітаптың да түр-түрі бар. Өшпес, өлмес тұғырда тұрған классикалық дүниелер көңіл көкжиегімізді кеңітпесе, тарылтпайтынына сенімдімін.
Лаура БАҚТЫБАЙ,
педагогика ғылымдарының магистрі
---
24 қараша 2022 ж. 178 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031