» Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы

Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы

Құрметті отандастар!
Құрметті депутаттар, үкімет мү­шелері!

Баршаңызды жаңа парламенттік мау­сымның басталуымен құттық­тай­мын!
Біз еліміздің жаңа тарихындағы ма­ңызды белеске жақындап келеміз.
Отыз жылға жуық уақыт бұрын хал­қымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, баба­ларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады.
Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назар­баевтың бас­шы­лығымен еліміз әлем­дегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды.
Баянды бірлігіміздің арқасында тәуел­сіздігімізді нығайтып, халқы­мыз­дың жағ­дайын жақсартуға жол аштық.
Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бей­бітшілік пен келісім кезеңі болды.
Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мо­йындап, Қазақстандық, яғни Назарбаев мо­делі атады.
Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетіс­тік­терін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезе­ңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр.
Біз бұған Елбасы саясатының са­бақ­тастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз.
Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлау алдындағы бағдарламама негіз болды.
Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде.
Мен халыққа берген уәделерімді мін­детті түрде орындаймын.
Біз өз жұмысымызда Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт Жоспарын толыққанды жүзеге асыру қажеттігін басты назарда ұстауымыз керек.
Елбасымыздың бастамасымен құ­рыл­ған Жаңғырту жөніндегі Ұлттық ко­миссияның жұмысын қайта жандандыру қажет.
Енді ортақ міндеттерімізді және сайлауалды бағдарламамды іске асыруға қатысты ой-пікірлеріме тоқталайын.
I. ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТ.
Мен уәде еткен саяси жаңғыру үдерісі азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатын болады.
Негізсіз, жүйесіз саяси ырықтандыру елдің ішкі саяси ахуалының тұрақ­сыз­дығына, тіпті мемлекеттіліктен ай­­ырылуға әкеліп соғатынын әлем елдерінің тәжірибесінен көріп отырмыз.
Сондықтан біз саяси реформаларды «асы­ғыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз.
Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаң­ғыртпай, табысты экономикалық ре­фор­маларды іске асыру мүмкін ем­ес. Бұл – біздің ұстанатын басты қа­ғидатымыз.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет».
Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет.
Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады.
Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.
Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі гео­сая­си ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.
Сондықтан азаматтық қоғамға қол­дау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта тү­су керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет.
Осы мақсатпен біз белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Бұл кеңес ро­тациялық тәртіппен жұмыс істейді.
Алдағы уақытта бізге мынадай шараларды жүзеге асыру керек.
Бірінші. Партия құрылысы үдерісін жалғастыру.
Көшбасшымыз және партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ар­қасында «Nur Otan» партиясы еліміздің жетекші саяси ұйымына жүктелетін күр­делі әрі жауапты міндеттерді дәйекті түрде іске асырып келеді.
Біз қоғам игілігі үшін сындарлы сая­сат жүргізіп келе жатқан басқа да саяси пар­тиялармен және қозғалыстармен ын­тымақтастықта жұмыс істеуіміз қа­жет.
Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс.
Депутаттар Үкіметке өзекті мә­се­лелерге қатысты сауалдарын жолдап, нақты шаралар қабылдауды талап ете отырып, өздеріне берілген заңды құқықтарын пайдалануы қажет.
Заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы қарым-қатынас жасанды та­р­тысқа емес, іскерлік сипатқа, өзара құрметке негізделуі тиіс.
Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті жә­не ой-пікірдің сан алуандығын да­мытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын.
Бұл саяси жүйе тұрақтылығының ұзақ болуы үшін маңызды.
Алдағы Парламент Мәжілісі мен мәс­лихаттар сайлауы еліміздегі көп­пар­тиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс.
Екінші. Халықпен тиімді кері байланыс орнату.
Қоғамдық диалог, ашықтық, адам­дардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады.
Президент Әкімшілігінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік ор­гандардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылды.
Көп жағдайда азаматтарымыз ор­талық және жергілікті органдар бас­шыларының құлықсыздығы мен «бей­қамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады.
Белгілі бір саладағы шешімдердің әділ­етсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағымдар нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйт­кілдер бар екенін көрсетеді. Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті шешімдер қабылдаған жөн.
Мемлекеттік қызметшілер жұ­мы­сы­ның тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажет. Сонымен бірге 2020 жылдан бастап біз мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнем­делген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсаймыз.
2024 жылға қарай мемлекеттік қыз­мет­­шілердің және ұлттық компаниялар қыз­меткерлерінің санын 25 пайызға қыс­қарту қажет.
Үшінші. Митингтер туралы заңна­ма­ны жетілдіру.
Конституцияға сәйкес азаматтары­мыз­дың өз ойын еркін айтуға құқығы бар.
Егер бейбіт акциялар заңның шең­берінен шықпайтын және азамат­та­рымыздың ты­­ныштығын бұзбайтын болса, бұған тү­сіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс.
Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады.
Төртінші. Қоғамдық келісімді ны­ғайту.
Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бір­лескен еңбегінің нәтижесі.
Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек.
Қазақ халқының мемлекет құ­рау­шы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қа­лыптастыра беруіміз қа­жет.
Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!».
Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ре­тіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қа­тынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есеп­теймін.
Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.
Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн.
Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкі­меттік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын.
Сондықтан, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дей­інгі тұжырымдамасын әзірлеп, қа­былдауымыз керек.
Келер жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды.
Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз.
Мерейтой барысында ысырап­шыл­­­­дыққа жол бермей, ғұлама тұл­ға­ларымыздың ең­бектерін халық арасында дәріптеуіміз керек.
Сондай-ақ, ең маңызды мерекеге – Тәуел­сіздіктің 30 жылдығына байланысты тиісті
іс-шараларды іске асыруымыз қажет.
Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін.
II. АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ.
Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күр­делі реформалар – азаматтарымыздың құ­қық­тарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы.
Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет.
Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие.
Дегенмен, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет.
Азаматтарымыз жария-құқықтық дау­ларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады.
Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға кел­мейді.
Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды ше­шудің ерек­ше тетігі ретінде әкімшілік әділет құ­рылымын енгізу қажет.
Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы.
Аталған дәлелдемелерді жинақтау мін­деті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады.
Заңнамадағы барлық қарама-қай­­шы­лықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс.
Келесі бір маңызды мәселеге тоқ­та­лайын.
Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тарттық. Алайда, елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр.
Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне кө­бірек мән беріп, азаматтардың негізгі құ­қықтарын назардан тыс қалдырдық.
Жыныстық зорлық-зомбылық, пе­дофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын.
Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проб­лемасының бетпердесін ашты.
Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жаб­дықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты.
Жақында Шығыс Қазақстан об­лысындағы Марқакөл көлінде браконь­ерлердің қыл­мыстық тобы ұсталды.
Бұл тек бір ғана мысал, алайда бра­коньерліктің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяу­сыздықпен орны толмас зиян келтіруде.
Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.
Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.
Орталық және жергілікті орган­дардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет.
Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қыл­мыс жасалған мекеменің бірінші бас­шысының жауапкершілігін заң­намалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек.
Сондай-ақ, заңсыз және аран­дату­шы­лық әрекеттерге барғаны үшін сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ор­гандарының қыз­мет­керлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ.
Кінәсіздік презумпциясы қағи­даты толық көлемде сақталуы тиіс.
Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды мін­деттердің бірі.
Полицияның мемлекеттік күштік құ­рылымындағы бейнесі бірте-бірте өз­геріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады.
Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұ­­мысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізген жөн.
Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты.
Ішкі істер министрлігін рефор­малауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард тең­ге бөлінеді.
Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұм­салады.
Азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау мәселесіне баса мән беріледі.
Өкінішке қарай, мұндай апаттар біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде жиілеп кетті.
Бұл салада кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек.
Үкіметке азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбека­қысын Ішкі істер органдарын реформалау үшін берілетін қаражат есебінен көбейтуді және осы мақсатқа сәйкес шамамен 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
Біздің алдымызда жаңа тұжыры­мдама негізінде тегеурінді әскер қалыптастыру міндеті тұр.
Арыста болған оқиғалар Қарулы Күштерде түйткілді мәселелер қор­даланып қалғанын көрсетті.
Әскерге жұмсалатын шығыстарды реттеп, осы саладағы қаржы жүйесін және жалпы тәртіпті нығайтатын кез келді.
Сонымен бірге әскери қызметтің беделін арттырып, Қарулы Күштердің материалдық базасын нығайту қажет.
Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайын­далған офицерлері мен әскери қызметшілері бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын болуы керек.
III. ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫҒАН ЖӘНЕ ИНКЛЮЗИВТІ ЭКОНОМИКА.
Қазақстан экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеп келеді.
Жыл басынан бері оның өсімі орташа әлемдік көрсеткіштен жоғары болды.
Егер қажетті құрылымдық өз­герістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады.
Экономиканың дамуына тың сер­пін беру үшін Үкімет пен Президент Әкімшілігі отандық және шетелдік сарапшылардың барлық жұмыстарын мұқият саралауы қажет.
Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт Жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруымыз керек.
Бірінші. Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру.
«Білім экономикасы», еңбек өнім­ділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналды.
Индустрияландырудың үшінші бес­жылдығын жүргізу барысында жіберілген барлық қателіктерді, ол­қылықтарды ес­керуіміз керек.
Бұл мәселелер бойынша ме­нің барлық тапсырмаларымды, ескерт­пелерімді Үкі­мет толық орын­дауға міндетті.
Еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыруымыз керек.
Елімізді өңірдегі көшбасшы ретінде танытып, Орталық Азиядағы беделімізді арттыру – стратегиялық міндет.
Бұл – Елбасы айқындаған саяси бағыт-бағдарымыз.
Екінші. Квазимемлекеттік сек­тордың қайтарымын арттыру.
Біздің мемлекеттік компаниялар ірі конгломераттарға айналды. Бі­рақ олардың халықаралық бәсекеге қабі­леттілігі күмән тудырады.
Мемлекеттің экономикаға орынсыз араласуын азайту мақсатымен квази­мем­лекеттік компаниялар құруға мораторий енгізу жөнінде шешім қабылдадым.
Біз Ұлттық әл-ауқат қоры құрылған 14 жыл ішінде халықтың әл-ауқатын арттыруға Қордың нақты қандай үлес қосқанын білуіміз керек.
Үкімет Есеп комитетімен бірлесіп, үш айдың ішінде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін анықтау үшін талдау жүргізуі тиіс.
Квазимемлекеттік компаниялар көп жағдайда өзара бәсекеге түседі.
Тұрғын үй саясаты саласында бір мезетте 7 мемлекеттік оператор жұмыс істейді. Бұл тек орталық деңгейдегі ахуал!
Мемлекеттік компаниялардың санын қысқартуға болады және солай ету керек.
Бірақ, стратегиялық секторлар­да жұмыс істейтін мемлекеттік компа­ниялардың қызметіне мұқият болған жөн.
Ондай компаниялар мемлекет ба­қылауында болуы тиіс.
Әйтпесе, мемлекеттік монополистердің орнына жеке монополистер пайда болып, соның салдарынан зардап шегуіміз мүмкін.
Үкімет баға белгілеу және тарифтер мәселесімен жүйелі әрі нақты айналысуы керек.
Бұл табиғи монополистердің тауарларына да, көрсететін қызметтеріне де қатысты.
Елімізде азық-түлік пен киім-ке­шектен бастап, түрлі қызметтерге дейін бағаның жоғары екені жасырын емес.
Мысалы, сұранысы жоғары бағдарлар бойынша негізгі әуе тасымалдаушы белгілейтін билеттердің құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еуропаға қарағанда 30 пайызға артық. Біздің әуежайда көрсетілетін қызметтер құнының салыс­тырмалы түрде жоғары болуын қалай түсіндіруге болады?
Қазақстан әуежайларында жанармай шетелдік тасымалдаушылар үшін қымбат бағаға, ал отандық тасымалдаушыларға арзанға сатылатыны неліктен?
Соның салдарынан Қазақстанның авиация саласы халықаралық бәсекеге қабілеттілігінен айырылып, транзиттік әлеуетіміз төмендеп кетті.
Тиісті министрлік пен ведомс­тво­лардың салғырттығына байланысты темір жол билеттерінің тапшылығы қолдан жасалып отыр.
Бұл салаларда тез арада тәртіп орнату керек.
Біздің мақсатымыз – мемлекеттің тұрақтандырушы рөлін сақтай отырып, нарықтық институттар мен құры­лымдардың толыққанды дамуын қам­тамасыз ету.
Осы ретте, «қарапайым заттар экономикасын» естен шығармаған жөн. Бұл – біздің жұмысымыздың басым бағыты.
Үшінші. Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі.
Шағын, әсіресе, микробизнес елі­міздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмі­рінде маңызды рөл атқарады.
Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады.
Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді.
Сондықтан мемлекет алдағы уа­қытта да бизнеске қолдау көрсете береді.
Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жер­гілікті билікпен байланысы бар шаруа­шылықтар ғана көріп отыр.
Шын мәнісінде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек еді.
Бұл «қарапайым заттардың экономикасына» тікелей байланысты.
Бірақ, жергілікті әкімдер ұйым­дастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған.
Соның салдарынан салық және зей­нетақы төлемдерін арттырып, жер­гілікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ.
Осыған орай, Есеп комитетіне және Қаржы министрлігіне қаражаттың жұм­салуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын.
Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек.
Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырамын.
Заңнамаға енгізілетін тиісті тү­зетулер 2020 жылдан бастап күшіне енуі керек.
2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімім күшіне енеді.
Біз бизнестің адал әрі заңға сәйкес жүргізілетініне сенеміз. Бизнес өкілдері тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы тиіс.
Мораторий кезеңінде өзін-өзі реттеу, қоғамдық бақылау тетіктерін жандандыру керек.
Бизнес өкілдері санитарлық-эпи­демио­логиялық саладағы нормалар мен ережелерді бұзатын болса, ондай компаниялар жабылып, иелері жауапкершілікке тартылады.
Осылайша, шағын бизнеске түсетін ауыртпалықты азайтамыз.
Сонымен қатар бизнес өкілдері құқық қорғау және тексеруші ор­гандардың іс-әрекетіне байланысты көптеген қиын­дыққа тап болуда.
Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер жиілеп кетті.
Бұл мәселе жөніндегі ұстанымым белгілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиіс.
Осыған орай заңнамалық сипаты бар қосымша шаралар қабылдау қажет. Парламент пен Үкімет осы мәселені шешу жолдарын ұсынуы керек.
Сонымен қатар көлеңкелі эко­номикаға қарсы іс-қимылды кү­шейтіп, капиталды сыртқа шығаруға, салық төлеуден жал­таруға қарсы күресті жандандыру қажет.
Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін жаңа жобаларға басымдық бере отырып, қайта құру қажет.
Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы» аясында осы мақсатқа сәйкес алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
Әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керек.
Туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет.
Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен та­биғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн.
Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет.
Төртінші. Ұлттық бизнеске халық­аралық нарықтарда қолдау көрсету.
Өз өнімін экспортқа шығаратын ком­панияларға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін барынша арттыру керек.
Мен, ең алдымен, орта бизнес туралы айтып отырмын.
Бізде кәсіпкерлердің осы тобына ар­налған нақты мемлекеттік қолдау шаралары жоқ. Бұл, әсіресе, өнімді сату ісіне қатысты.
Үкіметке мемлекеттік индуст­риялық-инновациялық даму бағдар­ламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын. Соның ішінде салықтық, қаржылық, әкімшілік ынталандыру мәсе­лелері көзделуі тиіс.
Шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет. Онсыз алдағы уақытта экономикалық өсім резерві шектеулі болады. Бұл – атқарушы билік басымдық беруі тиіс міндеттердің бірі.
Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары аясында әрбір сала мен өңір үшін нақты мақсатты көрсеткіштер белгіленген.
Мемлекеттік органдар, әсіресе, өңір әкімдері сол көрсеткіштерге қол жеткізуге тікелей жауапты болады.
Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуды көздеп отыр.
Осыған орай көп жұмыс атқаруымыз керек.
Біздің міндетіміз – ақпараттық ком­муникациялық инфрақұрылымның да­му деңгейі бойынша өңірдегі көш­бас­шылықты нығайту.
Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет.
Қазақстан технологиялық серік­тестік орнату, мәлімет орталықтарын құру және орналастыру, мәліметтер транзитін дамыту, цифрлық қыз­меттердің жаһандық нарығына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде өзіндік брендке айналуы тиіс.
Үкімет «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қолдау көрсете беруі керек. Бұл құрылым, шын мәнінде, конституциялық мәр­тебеге ие болды. Халықаралық қаржы орталығының Назарбаев Уни­верситетімен бірлесіп, заманауи циф­рлық технологияларды дамыту алаңы айналуына толық мүмкіндігі бар.
Бесінші. Дамыған агроөнеркәсіп ке­шені.
Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.
Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және эколо­гиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар.
Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек.
Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді.
Сауда және интеграция, ауыл шаруа­шылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс.
Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Бұл – маңызды міндет.
Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керек.
Өнім өңдейтін кәсіпорындар әлеу­етінің 40 пайызы ғана пайдаланылып отырғанына қарамастан, оның көлемі 70 пайызға жетті.
Ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту – маңызды міндет. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Үкімет нақты нәтижеге қол жеткізуі керек.
Жұртшылықты толғандырып жүр­ген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді.
Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді.
Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз.
Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр.
Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрде­лендіре түсті.
Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр.
Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті.
Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс.
Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек.
Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп ке­шенінің сапалы дамуы мүмкін емес.
Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәселесі аналық мал басының проблемасына тіреліп тұрған жоқ, керісінше фермерлерге жем-шөп дайындайтын жерлердің жетіспеушілігіне байланысты болып отыр.
Жем-шөппен қамтамасыз ету көрсет­кіші 60 пайыздан төмен.
Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруа­шы­лығының өнімділігін арттыру мүмкін емес.
Біз Елбасының «Ауыл – Ел Бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жал­ғастырамыз.
Біз шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешуіміз қажет.
Өңірлік стандарттар әзірленді. Енді оларды үш мыңнан астам негізгі және қанаттас ауылдық елді мекендерге енгізу қажет.
Үкіметке «Ауыл – Ел Бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
Бұл қаражат көлік, ауыз су және газбен қамтамасыз ету сияқты ин­фрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұм­салады.
Қаржының жұмсалуы барлық мем­­лекеттік органдардың қатаң ба­қылауында болуы тиіс.
Алтыншы. Әділетті салық салу жүйесі және тиімді қаржылық реттеу.
Жалпы ішкі өнім мен халық табысының артуына қарамастан, қоғамдағы мүліктік жіктелу үдерісі сақталып отыр, тіпті күшейіп барады.
Бұл – алаңдатарлық фактор. Сон­дықтан оған ерекше назар аудару керек.
Ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән бере отырып, салық жүйесін жаңғырту қажет деп санаймын.
Үкімет әлеуметтік төлемдер көле­мінің артып келе жатқанына да назар аударуы тиіс.
Бір жағынан, бұл алымдар әлеуметтік және зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бірақ, жұмыс берушілер жұмыс орындарын ашуға және ең­бекақыны арттыруға мүдделі болмай қала ма деген қауіп бар.
Көлеңкелі бизнес белең алады.
Сондықтан Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мә­селесін 2023 жылға дейін шегеруді тапсырамын. Кейін бұл мәселеге қайта ораламыз.
Осы уақыт ішінде Үкімет, бизнес өкілдері мен сарапшылар мәселені ше­шудің жолдарын қарастырып, бола­шақ зейнеткерлердің де, жұмыс берушілердің де мүдделерін ескере отырып, ортақ шешімге келуі тиіс.
Үкімет Салық кодексінде қарас­ты­рылмаған барлық төлемдерге тыйым салуы қажет. Бұл, шын мәнісінде, қосымша салықтар.
Қазіргі салық жүйесінің сапасын арттыру – өз алдына бөлек мәселе.
Мұндай жағдай компанияларды өз инвестициясын адами капиталға, еңбек өнімділігін арттыруға, техникалық тұ­рғыдан қайта жабдықтауға, экспортқа салуға ынталандыруы тиіс.
Қолма-қол ақшасыз төлеу жүйесін жаппай енгізу керек. Бұл үшін тежеуші фактордың бірі саналатын банктердің жоғары үстеме алымын жою қажет. Сондай-ақ, тиісті реттеу ережелеріне сәйкес банктік емес төлем жүйесін белсенді дамыту керек. Бұл сегмент қарапайым әрі тартымды болғанымен, ақша жым­қырудың және елімізден капитал шы­ғарудың көзіне айналмауы тиіс.
Ұлттық банк осы салаға нақты ба­қылау орнатуы қажет.
Келесі мәселе. Шикізаттық емес өнімнің экспортына қолдау көрсету үшін қосымша құн салығын қай­тарудың қарапайым әрі жылдам тәртібін қолдану мәселесін қарастыру керек.
Экономикамыздың өте түйткілді мәсе­лелерінің бірі – кредит беру көлемінің жеткіліксіздігі. Соңғы бес жыл ішінде заңды тұлғаларға, сондай-ақ шағын және орта бизнеске берілген кредиттің жалпы көлемі 13 пайыздан аса қысқарған.
Екінші деңгейдегі банктер қарыз алушылар ішінде сенімділерінің аз екенін сылтауратып, кредит қаражатының құнын шамадан тыс арттырып жібереді.
Әрине, қарыз алушылардың сапасына қатысты мәселе бар. Бірақ, жауап­кершілікті басқаға артып, тек қана жеңілдің астымен жүруге болмайды.
Мен бұл мәселеге қатысты Үкімет пен Ұлттық банк үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізеді деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе – халықтың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтардың тым көп несие алуы. Мұның өзі шұғыл шаралар қабылдауға алып келді. Сіздер бұл жөнінде білесіздер.
Бұл мәселе әлеуметтік және саяси түйткілдерге ұласты.
Сондықтан, Үкімет пен Ұлттық банкке екі ай ішінде мұндай жағдайдың қайталанбауына кепілдік беретін тетіктерді енгізу үшін дайындық жүр­гізуді тапсырамын.
Ақша-кредит саясаты тиімділігінің жеткіліксіздігі еліміздің экономикалық дамуын тежейтін себептің бірі болып отыр.
Екінші деңгейдегі банктердің бизнес­ке кредит беру ісінің қолайлы әрі ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз ету керек.
Жыл соңына дейін Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктердің актив­терінің сапасына тәуелсіз бағалау жүргізу жұмысын аяқтауы қажет.
Жетінші. Ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселесі.
Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қысқарту қажет.
Бұл – келешек ұрпақтың қаржысы.
Ұлттық қордың трансферттері бәсе­кеге қабілетті экономиканы қа­лыптастыруға бағытталған бағ­дарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі керек.
Кепілдендірілген трансферт көлемі 2022 жылдан бастап бірте-бірте 2 триллион теңгеге дейін азаюы тиіс.
Қор қаржысын пайдаланудың ана­ғұрлым тиімді инвестициялық саясатын жүргізген жөн.
Үкіметке Ұлттық Банкпен бірлесіп, жыл соңына дейін Ұлттық қордың қар­жысына иелік етуді жетілдіру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын.
Сегізінші. Еңбекақы төлеу деңгейін арттыру.
Кен өндіру саласындағы ірі кәсіп­орындардың табысы артқанмен азамат­тарымыздың жалақысы айтар­лықтай өс­пегенін көріп отырмыз.
Халықтың әлеуметтік жағдайы туралы айтылып отырғандықтан, Үкімет бұл мәселеде табандылық танытуы керек.
Үкіметке еңбекақы төлеу қорын арттыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырамын.
ІV. ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖА­ҢА КЕЗЕҢІ.
Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу.
Әлеуметтік салада мынадай бағыт­тарға баса мән беру керек.
Бірінші. Білім беру сапасын жақсарту.
Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ.
Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.
Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады.
Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қыл­мыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде.
Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет.
Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс.
Экономикамызда техника сала­сының мамандарына сұраныс өте жо­ғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кә­сіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек.
Қала мен ауыл мектептері ара­сын­дағы орта білім сапасы алшақтап барады.
Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы.
Сондықтан, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұ­мысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын.
Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек.
Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамы­тудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын.
Үкімет пен әкімдер осындай бала­лардың үйірмелер мен орталықтарға, жаз­ғы лагерьлерге баруы үшін мүм­кіндік жасауы керек.
Енді жоғары білімнің сапасына жеке тоқталғым келеді.
Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр.
Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек.
Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан уни­вер­ситеттеріміз бар екені де жасырын емес.
Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз.
Білім саласына қатысты тағы бір мәселе – қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігі.
Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек.
Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет.
Тағы бір өзекті мәселе. Бұл – оқулық сапасының төмендігі.
Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей міндеті.
Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды.
Сондықтан, мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз.
Ғылым саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз ғылымсыз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз.
Отандық ғылым жүйесі қаншалықты сапалы әрі тиімді? Бұл – басқа мәселе.
Үкімет аталған мәселені ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеру жә­не оларды тәжірибеде қолдану тұр­ғысынан қарастырғаны жөн.
Екінші. Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру.
Бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беруіміз қажет.
Жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу керек.
Біз зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеуіміз қажет.
Қамқорлығында мүмкіндігі шек­теулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр.
Үкімет БЦП диагнозы бар ба­лаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қа­был­дауы керек.
Балаларға қолжетімді болуы үш­ін шағын және орташа оңалту ор­та­лық­тарының желісін кеңейту қажет.
Біз ерекше қажеттіліктері бар адам­дар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз.
Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдын­дағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
Халықтың денсаулығын жақсарту мә­селесі айрықша назар аударуды талап етеді.
Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды.
Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек.
Бұқаралық дене шынықтыруды өр­кендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шы­ғатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастарды.
Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жо­с­пар қабылдау қажет.
2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Еріктілер қызметіне аза­маттардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру – маңызды міндет.
Бұл – азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі.
Үшінші. Медициналық қыз­мет көр­сетудің сапасы мен қол­жетімділігін қамтамасыз ету.
Бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты, әсіресе, ана мен сәби өліміне қатысты көрсеткіштердің өңірлік теңгерімсіздігі айқын көрінеді.
Дегенмен, бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Бірақ әлі де жоғары, сондай-ақ дамыған елдердің деңгейінен айтарлықтай көп.
Үкімет әр өңір бойынша меди­цинадағы нақты дерттер топтамасы жөнінде басым­дықтар тізімін жасап, соның негі­зінде бюджеттен қаржы бөлуі қажет.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қа­зақстанда міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесі іске қо­сылады.
Әрқайсысыңызға мына нәр­сені айтқым келеді: мемлекет тегін медициналық көмектің кепіл­дендірілген көлемін сақ­тайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.
Үшжылдық бюджет аясында ден­саулық сақтау жүйесін дамытуға қо­сымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді.
Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет.
Біздің қателесуге құқымыз жоқ.
Төртінші. Мәдениет қызмет­керлерін қолдау.
Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз.
Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе.
Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ.
Соның салдарынан мәдениет қыз­мет­керлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды.
Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде.
Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбека­қысын көбейтуі тиіс.
Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы мін­детті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек.
Бесінші. Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту.
Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.
Алайда, бірқатар шешімдер жан-жақты сарапталмай қабылданды.
Нәтижесінде бұл патерналистік пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан.
Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлі­нетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті.
Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыратындар көбейді. Жағдайы бар отбасылардың әлеуметтік көмек алатыны туралы деректер бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын.
Тағы да атап өтемін. Конституция бойынша біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс.
Үкімет өз жұмысында осы қағи­датты басшылыққа алуға міндетті. Ал, резерв­терді тиімсіз шығындарды азайту және табысты арттыру есебінен қалыптастыру қажет.
Мұндай резервтердің бар екені сөзсіз. Қаржы министрлігі табысты арттыру үшін жұмыс жүргізуде. Алайда, қосымша күш жұмсау керек. Мәселен, кеден ісіне қатысты.
Елбасы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында мемлекеттік сатып алулар үдерісін ретке келтіру мәселесіне ерекше мән берді. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуды оңтайландырумен айналысып жатыр, бірақ заңнамалық сипаттағы шаралар қажет.
Мемлекеттік сатып алудың әлеуеті зор (кейбір есептеулер бойынша, жылына 400 миллиард теңгеге дейін жетеді). Бұл қаржыны өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсауға болады.
2018 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңгені құрады, соның 3,3 триллион теңгесі немесе 75 пайызы бәсекеден тыс тәсілмен бір көзден алу арқылы жұмсалған.
Шенеуніктер мен түрлі делдалдарды пайдаға кенелтіп отырған бұл табыс көзін жабатын кез келді.
Атаулы әлеуметтік көмекке қайта оралайық. Үкімет оны бөлу тәртібін реттеуі керек. Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Көмек, негізінен, жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс.
Сонымен бірге, аз қамтылған от­ба­сылардың балаларына қам­қор­лық көрсету керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеу­меттік көмекті енгізу қажет. Бұл дегеніміз – мектеп жасына дейінгі ба­лаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға те­гін ыстық тамақ беру, оларды оқу құ­ралдарымен және мектеп формасымен қам­­тамасыз ету, медициналық, соның ішін­де стоматологиялық көмек алу және қо­ғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу.
Осыған қатысты шешімдердің барлығы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс.
Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасымен бірлесіп бір ай ішінде көп балалы аналарды микро- және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның ішінде үй жағдайында кәсіппен айналысатындарды да қамтитын арнайы бағдарлама әзірлеуі қажет.
Алтыншы. Еліміздің зейнетақы жүйе­сін дамыту саласына ерекше тоқталғым келеді. Мұнда да қордаланып қалған мәселелер жеткілікті.
Қазіргі кезде зейнетақы жинағының жетіспеушілігі онша сезілмейді. Алайда, 10 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүмкін. Жұмыс істеп, зейнетақы қорын толықтырып жатқан азаматтар саны азаяды. Ал, зейнеткерлер саны арта түседі.
Бұл ретте, зейнетақы активінен түсетін инвестициялық табыс пен жинақ деңгейі төмен болып қала бермек.
Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізуі керек.
Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын тек зейнетке шыққаннан соң ғана пайдалана алады.
Бірақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейін пайдаланғысы келетіні түсінікті жағдай.
Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын.
Шығындарды оңтайландыру және активтерді инвестициялық басқару сапасын жақсарту мақсатымен Үкіметке ортақ әлеуметтік қор құру және бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу арқылы әлеу­меттік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін жұмылдыру мәселесін пысықтауды тапсырамын.
V. ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ЕЛ.
Бұл бағытта мынадай міндеттерге баса мән беру керек.
Бірінші. Жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру.
Жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс. Бұл аксиома әлі де бүгінгі күннің шындығына айналмай отыр.
Пилоттық жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмы­сының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажет деп санаймын.
Мысалы, егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент Әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады.
Екінші. Бюджетаралық қатынас­тар жүйесін реформалау.
Бюджетаралық қатынастардың қазіргі жүйесі түрлі деңгейдегі әкім­діктерді жергілікті дамудың негізгі көздерін, яғни шағын және орта бизнесті өркендетуге ынталандыра алмай отырғаны анық. Өңірлер қосымша табыс көзін іздестіруге құлықсыз.
Келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін қосымша салық түсімдері өңірлердің құзыретіне берілетін болады.
Бірақ бұл да жеткіліксіз. Бюджет үдерісінің барлық деңгейде ұйым­дастырылуын қайта қарастыру қа­жеттігі туындап отыр. Жергілікті бюд­жетті қалыптастыруға халықтың белсене атсалысуы бұл істе үлкен рөл атқаруы тиіс.
Аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі билік жергілікті маңызы бар міндеттерді шешу барысында экономикалық тұрғыдан мейлінше дербес болуы тиіс. Олардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі заңна­малық актілерде нақты белгіленуі керек.
Үшінші. Басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясаты.
Бұған дейін қабылданған «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңдар өзінің тиімділігін көрсетті. Бірақ, бүгінде бұл заңдарды жетілдіру қажет.
Ең ірі үш қала әкімдіктерінің құзы­ретін, соның ішінде қала құрылысы саясаты, көлік инфрақұрылымы, қала сәулетін қалыптастыру саласындағы құзыреттерін кеңейту керек.
Республикалық маңызы бар қала­лардағы халық санының көптігі қазіргі кезде мақтанарлық жағдай емес, керісінше тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін то­лық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылыққа негіз болып отыр.
Ірі қалалардың тұрғындары көбейіп келе жатқаны байқалады. Сонымен қатар, жаңа тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурс­тарының тапшылығы бар.
Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс.
Мен сайлау алдындағы бағдар­ламамда бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажеттігін айтқан болатынмын.
Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру.
Үкімет жүйесіз бағдарламалар қа­был­дау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет.
Мәселен, бастапқыда әлеуметтік мүддеге орайластырылған «7-20-25» бағдарламасы аясында қарыз алушының отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгені құрауы тиіс. Табысы аз адамдар бұған қатыса алмай отыр.
Сондықтан биыл Елбасының бас­тамасы бойынша 2 пайыздық жеңіл­детілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты Отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл – өте тиімді жеңілдік.
Жыл соңына дейін бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте, көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады.
Үкімет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгілеп, оны қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етуі керек. Шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетілуі тиіс.
Менің Үкіметке тапсырмам – кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық.
Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәр­тібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажет.
Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңге­ден астам қаражат бөледі.
Жеке бизнесті осы жұмыстарға тарту үшін жаңа шаралар қабылдап, мемлекет-жекеменшік әріптестік тетіктерін жұ­мылдырған жөн.
Азаматтар әкімдік беретін әлеу­меттік пәтерлерге кезекке тұру және оның жылжу үдерісінің ашық болмай отырғанына наразы.
Үкімет жыл соңына дейін жалдамалы пәтерлерге, сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша же­ңіл­детілген баспана заемын алуға кезекте тұрғандарды есепке алудың ұлттық бірыңғай жүйесін құруы керек.
Коммуналдық желілердің тозуы 65 пайыздан 57 пайызға төмендегеніне қарамастан, бұл көрсеткіш жоғары болып отыр.
Бұдан бөлек, көп пәтерлі 78 мың үйдің 18 мыңнан астамы жөндеуді қажет етеді.
Өңірлерге тұрғын үй қорын жаң­ғырту және жөндеу үшін екі жыл ішінде бюд­жеттік несие түрінде 30 миллиард теңге­ден астам қаражат бөлу керек.
Үкіметке осы тетікті енгізу мүмкіндігін қарастырып, қаражаттың тиімді игерілуін қатаң бақылауға алуды тапсырамын.
2022 жылға қарай өңірлерді дамыту бюджеті 800 миллиард теңгеден асып кетеді.
Әкімдерге жергілікті мәсли­хаттармен бірігіп, осы қаражаттың жартысын тұр­ғын үй-коммуналдық ша­руашылығын жаңғырту ісін бірлесе қаржыландыруға және өңір тұрғындарының өзекті әлеу­меттік мәселелерін шешуге бағыттауды қамтамасыз етуді тапсырамын.
Төртінші. Инфрақұрылымды дамыту.
Еліміздің әр аймағының тұрғын­дарының таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі.
Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет.
Елбасының тапсырмасы бойынша «Сарыарқа» газ құбырының магистралды желісінің бірінші кезектегі құрылысы аяқталып келеді.
Келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды, содан соң Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тарату желілерін салу жұмыстары басталады.
Мемлекет осы мақсатқа сәйкес 56 миллиард теңге бөліп отыр. Нәтижесінде 2,7 миллионнан астам адам табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.
Алдағы үш жыл ішінде тұрғындарды таза ауыз сумен және су жеткізумен қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлінеді.
Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек.
Бұл – стратегиялық жоба. Соның арқасында бүкіл көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады.
Осы мақсатқа орай, мемлекет 2022 жылға дейін 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады.
Үкімет бұған дейін де көп қаражат бөлген болатын, бірақ оның көбі құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Ашығын айтсақ, шенеуніктердің қалтасына кет­ті, ал таза су, жол және басқа да инфра­құрылымның жағдайы әлі де сол күйінде.
Бұл жолы Үкімет пен Парламент Есеп комитетімен бірлесіп, бюджет қа­ражатын толығымен тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.
Үкімет экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау ісін дәріптеу жұмыстарын жандандыруы керек. Осы орайда «Бірге – Таза Қазақстан» науқаны – қолдауға тұрарлық жоба. Бұл жұмысты жалғастыру керек.
Парламент Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын талқылап, қабыл­дауы қажет.
Жалпы, Үкімет алдағы кезеңде жұ­мыстың тиімділігін арттыруы тиіс. Халық нақты нәтиже күтіп отыр.
Құрметті отандастар!
Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек.
Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс.
Мен мемлекеттік органдардан жұ­мысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін.
Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді.
Әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсет­кіштерінің тізімі болуы тиіс.
Сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткізу деңгейі анықталады.
Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік ком­паниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктеледі.
Осыған байланысты, жақында тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бұл Жарлықтың аясында елдегі ахуал, соның ішінде аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негізінде нақты бағаланатын болады.
Үкіметтің әлеуметтік және эко­­но­микалық саясатқа жауапты құрылымдары қоғамның қа­жеттіліктеріне сәйкес алдын-ала нақты жұмыс жүргізуі қажет. Бұл үшін бақылау, талдау және болжау жүйесін неғұрлым күшейту керек.
Сондықтан депутаттарымыздың өтіні­шіне орай Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау инс­титутын құру жөнінде тапсырма беремін.
Аталған құрылым заңдарымыздың сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс.
Қадірлі қазақстандықтар!
Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бізге белгілі.
Осыған орай, ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр.
Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын.
Қазақстан – ортақ шаңырағымыз!
Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!
Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі.
Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер.
Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз.
Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді.
Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық.
Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін!
Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!
---
03 қыркүйек 2019 ж. 682 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 150

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930