2021 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында Ұлттық Банк пен екінші деңгейдегі банктер 760 950 теңгеге қолдан жасалған 237 ақша белгісін (236 банкнот және 1 монета) анықтады. Бұл туралы ҚР ҰБ банкноттар мен монеталар сараптамасы басқармасының бастығы Асхат Әбішевтің түсіндірмесінде айтылды.
Осы жылдың бірінші тоқсанында қолдан көп жасалған ақшалар номиналы – 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттар: 65% және 23%, басқа банкноттар мен монеталардың үлесі – 12%.
Жалған банкноттардың көп бөлігі – Алматыда (169), аз бөлігі – Қызылорда (2) мен Жамбыл облыстарында (2) анықталды.
Банкноттың түпнұсқасын жалған ақшадан ажырату үшін оның бірнеше белгісін білу жеткілікті.
Елдегі жалған банкноттардың негізгі бөлігі жеңіл технологиямен жасалады, олар түпнұсқадағы негізгі белгілерді тек имитациялаумен ғана шектеледі. Яғни, арнайы жабдықсыз-ақ жалған банкноттарды қолмен ұстап, мұқият қарап та анықтауға болады.
Түпнұсқа банкноттың бірнеше айрықша белгісі бар.
Біріншіден, ол өзіне тән ерекше шытырлайды, екіншіден – арнайы рельефі бар. Сонымен қатар барлық банкнотта көру қабілеті нашар адамдар үшін саусақ ұшымен ажыратуға болатын белгілер бар. 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттарда түс өзгертетін бояумен жағылған бейнелер бар. Көлбеу бұрышын өзгерткен кезде өрнек түсі жасылдан алтынға өзгереді. Сонымен бірге жарыққа тосып қараған кезде жазуы бар тұтас жіп ретінде анық көрінетін, жазуы бар пунктир түріндегі тұтас магнитті және үзік-үзік жіпке назар аударған жөн.
Банкноттардың осы бір ерекшеліктері арнайы жабдықты пайдаланбай-ақ түпнұсқаны лезде көзбен қарап, тексеріп шығуға мүмкіндік береді.