Фейк ақпарат кімге керек?
Талайды адастырып, шын мен өтірікті шатыстырған жалған ақпараттың легі көбеймесе, азаймай тұр. Не істемек керек? Желіде желдей ескен фейк мәліметтен анығын іздегендері бірен-сараң. Ал қалғаны оны одан әрі дамытып, түрлендіріп, келесі адамға жолдап жүр. Тосқауыл бар ма? Алданбас үшін не істеу керек?
Алдымен кейінге шегініс жасайық. 2016 жыл. Елде медициналық препарат қолданғаны үшін 12 бала ажал құшты деген ақпарат көпшілікті елең еткізді. Өлімнің негізгі себебі сол дәрі қабылдауда дейді. Алайда ақпарат авторы ізін суытпай қолға түседі. Нұр-Сұлтан тұрғыны полицияға не үшін мұндай ақпарат таратқаны жайында жөнді жауап бермеді. Тек «барлығы қалжың» екенін ғана айтқан.
2018 жыл. Көктем айында белгісіз әйел өз баласын ұрып жатқаны түсірілген бейнежазба бір адамнан екіншісіне тоқтаусыз тарады. Авторы мен пікір жазғандар бейнежазба біздің елде түсірілген десті. Бірақ Қазақстан мен Қырғызстан ІІМ қызметкерлері бұл бейнежазбаға арнайы тексеру жұмысын ұйымдастырады. Нәтижесінде әлгі сұмдық бейнеролик Перуде 1 мамыр күні түсірілгені анықталды.
2019 жыл. Жарқанат саудасы қызған шақ. «Оп-оңай үй үстінен ала саламыз» дегеннің қолы жүрмей, ерекше жарқанаттарды іздеп әлек болды талайы. Сатылым бағасы қызықтырса керек көбін. Алайда пайдасын ұмытып, талайы бұл жолы да адасты. Солай топпен жасалатын алаяқтық афераға алданды көбі. Мәселен, қасыма 5-6 адамды жинап, жарқанаттың ұясын 50 мың долларға сатып алам деп қаңқу сөз таратамын. Сол кезде жанымдағы серігім ұяға ұқсас бірдеңені әкеледі. Ал мен болсам 50 мың долларды қолына санап беремін. Дәл солай тағы біреуінен жалған сатып алып, жалған бейнежазба жасаймын. Мұны көргендер көк ақшаға еліріп, қызу саудаға қызығып кетеді. Пирамида, түрлі компанияның арбауы, лоторея секілді қарапайым алаяқтардың отанында адасып жүрген талайы мұндай видеоны көргенде ессіз сенеді. Әрі қасындағысын сендіреді. Айтпақшы, биолог ғалымдар бұл мақұлық ұя салмайды дейді.
Биыл нағыз жалған ақпараттың жетегіне ерген жыл болды. Себебі пандемия басталған тұста түрлі қауесет тарап, тіпті айыппұл арқалағандар, жауапқа тартылғандар көбейді. Алдымен вирус әлдекімдердің қолынан жасалған дүние десті. Дегендерге қолпаштап демеу болды кейбірі. Сондағысы «біздің қалада тікұшақпен у шашып кетті» деп аспандағы ұшақ ізін суретке түсіріп таратты. Бірақ ол жауапсыз қалмады. Бірі – шетелде түсірілсе, енді бірі – әскерилердің оқу-жаттығу барысы екені айтылды. Ең сорақысы – дәрігерлер өлім мен өмірдің ортасында жүріп адам жанын арашаласа, жалғанның жетегінде жүргені бетпердесіз «қайда ауруың?» деп бұлғаңдады. Ақыры ауруханадан бір шығып, өзі де осы індетпен күресті. Көбі жақынынан айырылды, бір отбасы түгелдей індет жұқтырды. Осы сәтте «өтірік» дескен талайы иланғандай болды. Алайда болмайтын видео, сурет тауып алып, ғаламторға жүктеп елді адастырудан шаршамайтыны азайған жоқ. Әлі де «карантин күшейтілді, блок-бекет қойылды» деген сарында жалған мәліметтер тоқтар емес. Әрине, жаман хабар желдей еседі. Жылдам тарайды, қызу талқыда болады. Ал сол жалған хабар «жалған ақпарат екен» деген мәлімет таралмайды, талқыланбайды. Себебі жұртшылықты бастапқысы ғана қызықтырады. Талқыланған соң қызықсыз, ал шындығына жетуге қауқары жетпейді. Ал жалған ақпаратқа тап болмас үшін не істеу керек?
Көпшілік Whois серверінің барын білмейді. Аталған сервер арқылы жаңалықтың Қазақстанмен байланысын, IP-адрестің қай жерге тіркелгенін көруге болады. Ал Factcheck.kz сайты журналисі Павел Банниковтың айтуынша, фейк-ақпарат жылдам жасалады. Функциясы қарапайымнан күрделіге қарай жүреді. Мұның фотошоп, текст, видео, интернет-тролль және тағы басқа түрі бар. Интернеттегі фейк-ақпараттың 99 процентін жай ғана қолданушы жасайды екен. Демек қалған үлес – маркетингтік шабуылдың еншісінде. Өзге елдер фейк-ақпаратпен күресуді жолға қойған. Google фейкпен күресуге 300 млн қаржы бөлген. Facebook те жалған ақпарға жол бергісі келмейді. Германия арнайы заң қабылдады. Ресейде де фейкке қарсы заң күшіне енді. Индонезия мен Ұлыбритания халқы арнайы шара қолдануда. Италия – жалған ақпаратпен күресудің нағыз отаны. Римдегі бастауыш мектепте 4 млн-ға тарта бала оқиды. Балаларға интернеттегі фейк-ақпараттан сақтану, ақпараттық сауаттылық жайлы арнайы пән кіреді. Оқушыларға блог жүргізуді, фейк ақпаратты тануға үйретеді. Ұлыбританияда қарапайым азаматқа, заң өкілдеріне лицензия бермейді. Олар тек кабельді, спутникті және цифрлы хабарды қосуға лицензия алады.
Ал енді мына қызықты қараңыз. Фейк-ақпарат таратудың жақсы тұсы да бар. Әрине мұны дұрыс деп тұрған жоқпыз. Дегенмен елдегі саяси жағдайды орнықтыру үшін кей мемлекет дүйім жұрттың назарын аударатын ақпарат таратады. Мәселен, бір елде жаңа президент тағайындалды делік. Оған наразылық білдірген халықтың қарасы қалың. Не істейді? Алдымен сол елдегі ең танымал жұпты ажырастырып, ақпаратты интернетте таратады. Сол кезде жұлдыздардың өмірін талқылаған талайы наразылықты ұмытып та кетеді. Міне, назар аударту деген осы.
Мамандар фейк-ақпаратты ажыратудың жеңіл тәсілдерін ұсынуда. Ең бірінші ақпараттың тақырыбына назар аударыңыз. Егер ол сенсацияға құрылып, сұрақ пен леп белгісі қойылса, ойланған жөн. Бұл жалған жаңалық болуы мүмкін. Одан соң сізге келген ақпараттың ресурсын анықтаңыз. Солайымен делік фейк негізінде жасалған сайтқа тап болуыңыз мүмкін. Сондықтан сайттағы «біз туралы» қосымшасын оқыңыз. Егер оқып отырған ақпаратта қате көп болса, автор сенсация төңірегінде ой қозғаймын деп пунктуацияға қарауды ұмытып кеткен. Біреуге сенімсіз ақпаратты таратпаңыз және кез келген ақпаратты тек ресми деректен ғана оқыңыз.
Түйін
Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Ал жалған ақпарат WhatsApp-та әлі жүр. Кеше ғана «жаңа жылдық сыйлық, сұраққа жауап беріп, ұтып ал» деген сарында хабарлама тарауда. Ол сұрақтан өткен соң қайта бірнеше адамға сол ақпаратты тарату керек. Солай жасап жатқанынан қайта-қайта хабарлама келіп, телефоннан тыныштық кетті. Ескеріңіз, жерде батпан құйрық жатпайды. Жалғанға сенбеу, оның өзгеге тарауына жол бермеу – өз қолыңызда...
Айнұр ӘЛИ