» » » ҰЛТТЫҚ ӨНЕРГЕ ТЕК НАСИХАТ ЕМЕС, ДӘУІР ЛЕБІНЕ САЙ ЕТІП ШЫҒАРУ ДА КЕРЕК

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРГЕ ТЕК НАСИХАТ ЕМЕС, ДӘУІР ЛЕБІНЕ САЙ ЕТІП ШЫҒАРУ ДА КЕРЕК

Алмас Алматов, фольклор зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Жүз жыраудың мекені атанған киелі топырақтың түлегісіз. Қалай дегенмен уақыт ағымы жаңа сарынға бастап барады. Жастардың дені хип, поп, рок, рэп жанрларынан тоят тауып жүр. Қалай ойлайсыз жыраулық өнер кенжелеп қалған жоқ па?
– Егеменді ел дербес мемлекет қазақ елі өткеніне де, келешегіне де үлкен сеніммен қараған. Диірменнің үстіңгі тасы айналғанмен, астыңғы тасы бір айналмай жата береді. Ал саясат үстімізден диірменнің «үстіңгі тасындай» шыр айналғанымен астыңғы тасы халық, оның ұлттық, тарихи, фольклорлық, музыкалық тұтастығы халықтың қанымен сақталып бүгінгі XXI ғасырға жетіп отыр. Сондықтан бүгінгі қоғамдағы өзгерістер мен онда қолға алынып жатқан әлеуметтік жобалар, рухани кеңістікте ашылып жатқан жолдардың  барлық мүмкіндігін пайдалана отырып, біз бүгінгі қоғамды да, жастарды да осы ұлттық мүдде, ұлттық ой-санаға қарай бағыттап отыруымыз керек. Сыр елі – тоғыз тарау жол, тоқсан тарау тағдыр тоғысқан киелі мекен. Біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдықтарына дейінгі адамзат баласы табан тірей орныққан киелі жер. Сыр бойының мәдениеті Сырдария бойындағы қалалық мәдениетіміздің куәсіндей болып жатқан Қармақшының табанындағы “Жетіасар” мәдениеті, арғы жағындағы “Шірік рабат” қалалары бүгінгі таңда археологтардың айтуы бойынша біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтардың қалалары. Сондықтан біз өз тарихымызды білуіміз керек. Осы тарихты зерттеп жатқан осы жастар. Олай болса бүгінгі жастардың мойнында да үлкен міндет бар.  Ол тек қана жыраулық дәстүр, өнер саласында емес, тарихи санамызды қалыптастыру. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» үндеу мақаласының астарында да алысты болжап, тереңді бойлаған маңызды мақсатты жұмыс жатқанын ескеруіміз қажет.
Қайбір жылы бір өнертапқыштар домбыраны электронды кейіпке енгізді. Жаңашылдық деген ұлттық өнерге келмей қоймайды. Алайда әлем сонда барады деп домбыраның қоңыр үнін жоғалтып алмаймыз ба?
– Мұнан хабарым жоқ екен. Алайда одан бүгінгі қазақтың өнері кеміп те қалмайды, артып тағы кетпейді. Домбыраның қоңыр үні ешқашан жоғалмақ емес.
-Ара-тұра проза тақырыбында қалам тербейсіз. Кешегінің естелігін, көнекөз қарияларымыздың өсиетін сол туындаларға негіз етіп жүрсіз. Бір туындыңыз фильмге де арқау болды. Оқырмандар «Шабдалының» жалғасын күтетіндей. Көгілдір экраннан туындыңызды енді қашан тамашалаймыз?
-Біз аға буын болып, елге халықтың тарихын айтатындай жасқа келдік. Көзбен көріп, құлағымызбен естігенімізді кейінгі ұрпаққа мейлі эссе, әңгіме күйінде, я болмаса тарихи деректер көзінде айтып өту біздің мойнымызда. Бүгінгі қоғам да сол сұранысқа ие. Өйткені, кешегі 70 жылдық көлемде біз дарвинизм, ары жағы маймылдан туылған деген қағидатқа жүгінген халықпыз. Дәл сол кездердің өзінде Сыр бойында қаншама ғұлама, ишан, ахун болды. Олардың құлағымызға құйып кеткен әңгімелері бар. Сол себепті жазып жатқан әңгімелеріміз, сол заманда диірменнің тасындай саясат дүрілдеп айналып тұрғанда өзінің ұрпағына ұлағат  қылып кеткен қасиетті сөздерін жазып отыру  –  біздің міндет. Сұраныс болып жатса туындыларым экранға шыға береді.
Қоғам алға ілгеріледі. Дегенмен кейде төл дәстүрімізге,  төл мәдениетімізге кері әсерін тигізіп жататын кездер болады. Шынтуайтына келгенде жаһандану дәуірінде ер мен ездің арақатынасы қалай болуда? Ер көбейді ме, ез көбейді ме?
– Оны мынадай деп айту немесе дәуірге кінәні арта салып қоя беруге  болмайды. Бүгінгі дәуір, адамдардың болмысы жетпіс жылдық құрсауда болған ой-сананың өтпелі кезеңінде жүрміз. 25 жыл деген мемлекеттің балаң уақыты. Сондықтан заман қаруымен қаруланып, өзіңнің ұлттық мүддеңді қорғайтындай дәрежеде білім азығын жиюымыз керек. Сонда ғана жаһандануға төтеп бере аламыз. Ал енді білімсіз, ғылымсыз, өз ұлтыңның өнері мен тарихынсыз ешбір ел әлемдік деңгейге көтеріле алмайды.
«Шәкіртсіз ұстаз» тұл деген. Сондай-ақ шәкірттің 3 түрі болады дейді: ұстаздан озып тұрған, ұстаздан жете тұрған, ұстаздан қалыс қалған. Шамшырағын жаға аламаған шәкірттеріңіз туралы айтсаңыз және оза тұрған шәкірт болды ма?
– Шәкірт ұғымының аясы кең. Біз ұялмайтындай дәрежеде  шәкірттер тәрбиеледік. 500-ім бар. Олардың алды Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Байбосынова. Ол қазіргі Тәттімбет атындағы Алматы мемлекеттік музыкалық мұражайдың директоры. Кеше ғана «Құрмет» орденін алған Қорқыт ата атындағы университеттің доценті, жыршы Шолпан Биімбетова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Эльмира Жаңабергенова, Ақмарал Ноғайбаевалар. Оза шапқан шәкірттер туралы айтқанда, осы жандар жадымызда сақталады. Кеше ғана «Мен қазақпын» республикалық жобасында алты ай бойы аламан жарыста озып шыққан Күнсұлу Түрікпеннің өзі неге тұрады? Солардың барлығы бүгінгі қоғамға біз дайындаған шәкірттер. Енді олар шәкірт тәрбиелеуде. Қазіргі таңда Қармақшыда К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің жүздеген шәкірттің тәрбиеленуі, оның басында отырған  Серік Жақсығұлов, онда қызмет ететін Айгерім Ешбаеваларды да тәрбиеледік.
Шәкірттәрбиелегенде жеті атасынан жырау, жыршылықты мұрат ұсынған шәкірттер болады. Олар Арнұр Көшеней, Нұршат Наурызбаева, Салтанат Әлиәкпаровалар міне, бір  Қармақшының өзінен қаншама жыраулық дәстүрді үйреткен шәкірттеріміз бар. Жарқынбек Тұрымбетов, Амантай Сәрсенбаев, Майра Сәрсенбаева. Демек, жаңағы сіз айтқан шәкірт оза туған, кейін туған деп бөлінбейді. Жеті атасынан жыраулық қуып келген шәкірттер, сол дәстүрді игерген аса талантты  шәкірттер, музыкалық қабілеті жоғары шәкірттер деп бөлінеді. Шәкірттерге қоятын талабымыз да жыраулық өнерге қоятын талап та жоғары.
1998 жылы «Дәстүрлі өнер-жыр» мамандығы өзімннің авторлығыммен ең алғаш рет жоғары оқу орнының мемлекеттік стандартын қалыптастырып, классификаторға ендіріп, бүгінде: музыка мектебі, жыраулар мектебі, музыкалық колледж, бакалавр, магистратура деп 3 деңгейде алып келе жатырмыз. Болашақта Сыр бойынан ашуға бел байлап отырған дәстүрлі өнер академиясы да осы 3 деңгейлі үздіксіз білім беруді қалыптастырады деп ойлаймыз. Демек, жыраулар, жыршылар тек орындаушылық деңгейде емес, бүгінгі таңда рухани ағартушылық жетекші факторға ие болу керек. Ұлттық мүддені насихаттап қана қоймай, сол өнерді тудырып бүгінгі дәуірге лайықтап жасап отыру қажет.
Әлеуметтанушылар дабыл қағуда. Қазақтың қарабайыр дәстүрі табақ тарту, ет жіліктеу, кәде-кәумет көрсету 30-40 жылдан соң жойылып кетуі дейді. Сіздің пайым қалай?
– Қазақ бұған дейін де «мың өліп, мың тірілген» қазақ. Жойылып кетеміз деп күні бұрын жұрттың алдына түсіп отырудың ешқандай рақымы жоқ. Жойылмас үшін күні-түні тынымсыз еңбек ету керек. Бары осы.
Елбасы үстіміздегі жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жастар қай қоғамның да қозғаушы күші. Алайда аға буын өкілдерінен арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарға сенім азайғандай. Шынында жастарға не жетпейді? Олар жалындау үшін не қажет?
– Жастарға ешқандай кінә артудың қажеті жоқ. Оларға мемлекет тарапынан толық мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Ол мектеп бітіргеннен бастап жоғары оқу орнын бітіргеннен бастап жастарды өзіміздің мүддемізге, ұлттық ой-санасын қалыптастырып ұрпақтың  атадан балаға жалғасқан дәстүрлі ілімге тәрбиелеп отыруымыз керек. Қазақтың ұл мен қызына осы кезде артылып жатқан кінәнің бірде біреуімен келіспеймін. Себебі, ол әлеуметтік жағдайдың кемшіндігінен. «Жастар жылы» деп жарияланып жатқан үстіміздегі жыл болашағында жастарға көп жол ашады деп ойлаймын. Мемлекетіміздің де, ұлтымыздың да болашағы осы – жастар.
Сіздей шығармашыл өкілді шабыт қалай әурелейді?
– Әсілі бұл шығармашылық зертхана жайында сұрақ болды ғой. Шығармашылық зертханаға келер болсақ, қазірде үлкен зерттеу жұмысымен айналысып жатырмын. І том «Шыңғыснама» 15000 жол, ІІ бөлімі «Жошынама» 20 000 жол дайын тұр. Одан кейін «Алашнама», «Қазақнама» туындысын 4 томға бөліп отырмыз. Кең көлемді зерттеулер мен тарихи оқиғалардың барлығын сараптаудан туындаған дүниелер. Болашағында, Құдай қаласа оны да халыққа ұсынармыз. Ал шабытқа келсек, бос уақыттың бәрін шығармашылыққа арнаймын.
Қыран өз шыңын сағынады, бөрі өз қырын сағынады. Жырау өз елін қалай сағынады?
– Ай ортақ, күн ортақ, қара жер ортақ. «Еліңнен шыққан ер ортақ, данадан қалған сөз ортақ» деген қағида бар. Сол себепті жырауға өз елі ортақ. Бүкіл қазақтың даласы, қаласы, әрбір қазақтың баласы мен үшін сағыныштан тұрады. Біз Астанада тұрайық, мейлі Алматыда тұрайық, Сыр бойында тұрайық ел үшін, қазақ үшін қызмет жасап жатқан соң бүтін қазаққа деген жүрегіміз жомарт болуы керек. Сағыныш елің үшін, еліңнің ертеңі үшін, ұрпақ үшін сағыныш – нағыз сағыныш деп білемін. Сағыныш – ол жүректің жомарттығы.
  • Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Ақнұр САҒЫНТАЙ
22 қаңтар 2019 ж. 1 234 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031